Әкім сайлауы: Дауыс беру қорытындысы қашан белгілі болады?

714

0

Бүгін Қазақстанның 14 өңірінде әкімдер сайлауы басталды. «ҚазАқпарат» оқырмандарға осы сайлау алдында қандай дайындық жұмыстары жүргізілгені және науқан қандай ереже бойынша өтуі керектігі туралы мәлімет ұсынады.

Президенттің саяси мәселелер жөніндегі көмекшісі Ерлан Қарин бұл сайлау Мемлекет басшысы ұсынған саяси реформалардың екінші және үшінші пакеттерінің аясында іске асып жатқанын ұдайы айтып жүр.

Расымен де, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қазақстан Жаңа нақты ахуалда: іс-қимыл уақыты» атты Жолдауында 2021 жылдан бастап ауыл әкімдерінің тікелей сайлауын өткізу туралы тапсырма берілген болатын.

Жергілікті басқару мен өзін-өзі басқаруды реформалау бірқатар стратегиялық міндеттерді шешуге бағытталып отыр:

-біріншіден,> жергілікті өзін-өзі басқару органдарын сайлауды ашық мемлекеттік басқару қағидаты ретінде енгізу және «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру;

-екіншіден,> азаматтардың ауылдық аумақтарды дамытуға және жергілікті маңызы бар мәселелерді шешуге қатысу мүмкіндігін кеңейту;

-үшіншіден,> атқарушы және заңнамалық өкілеттіктерді төменгі деңгейге кезең-кезеңімен беру;

  • төртіншіден,> ауыл әкімдерін тікелей сайлау кезінде партиялардың өкілеттіктерін кеңейту арқылы саяси бәсекелестікті дамыту.

Үкімет Президент Жолдауын іске асыру жөніндегі жалпыұлттық жоспардың 139 және 140-тармақтары бойынша аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің әкімдерін тікелей сайлауды енгізу жөніндегі заң жобаларын әзірлеп шықты. Осылайша 24 мамырда Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы «Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Конституциялық заңының, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сайлау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңның жаңартылған нұсқаларына қол қойды.

Құжатқа Презиенттің тапсырмасы бойынша «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңға Парламент Мәжілісін сайлау кезінде саяси партиялардың өту шегін 7% -дан 5%-ға дейін төмендету,> сондай-ақ барлық деңгейдегі сайлау бюллетеньдерінің нысандарына «Бәріне қарсымын» деген баған енгізу> жөніндегі ережелер жаңадан енгізілді. «Бәріне қарсымын» деген бағаны бар бюллетеньдер біз айтып отырған әкімдердің тікелей сайлауында алғаш рет қолданысқа енгелі отыр.

Ресми статистика бойынша, Қазақстан халқының 40%-дан астамы ауылдық елді мекеннің тұрғыны> ретінде тіркелген. Яғни ауылдық аумақтарды басқарудың тиімді тетігін қалыптастыру ісіне Қазақстан азаматтарының 40%-дан астамы атсалыспақ.

Жоғарыда аталған заң бойынша ауылдық аумақтардың 2 346 әкімі бұдан былай тікелей сайлау арқылы анықталуы тиіс. Биыл соның 775-і өз тағдырын айқындайды.

Заң бойынша аталған санатқа жататын әкімдердің сайлауына кандидат ұсынудың мынадай тәртіптері бар:>

  • саяси партиялар өз мүшелері арасынан үміткер ұсына алады;
  • тиісті сайлау округінде тұратын сайлаушылардың кемінде 1%-ының қолын жинаған адам өзін-өзі ұсыну тәртібімен сайлауға түсе алады;
  • егер ұсыну мерзімінің соңына екіден кем кандидат ұсынылса, аудан (облыстық маңызы бар қала) әкімі үміткер ұсына алады.

Сайлау науқанының мерзімдері мен кезеңдері былайша белгіленген:>

– Сайлау науқанының жалпы мерзімі – 30 күн. Ал іс басындағы әкімнің өкілеттік мерзімі аяқталған жағдайда сайлау 40 күн бұрын жарияланады және жұмыс істеп тұрған әкімнің өкілеттік мерзімі аяқталғанға дейін 10 күн бұрын өтуі тиіс;

– Іс басындағы әкімнің өкілеттігі тоқтатылған жағдайда сайлау әкімнің өкілеттігі> мерзімінен бұрын тоқтатылған күннен бастап бір ай ішінде тағайындалады және тағайындалған күнінен бастап 30 күн ішінде өтуі тиіс. Кандидаттарды ұсыну сайлау жарияланғаннан кейінгі келесі күні басталып, сайлау күнінен 15 күн бұрын аяқталады. Яғни, тағайындау мерзімінің ұзақтығы 14 күнге жетуі мүмкін. Осы уақыт ішінде кандидат тіркеуге қажетті құжаттарды жинаумен айналысады.

Кандидаттарды тіркеу сайлау күнінен 10 күн бұрын аяқталады. Осы кезеңде аумақтық сайлау комиссиясы ұсынылған құжаттардың дұрыстығын тексереді. Сайлау күнінің алдындағы соңғы онкүндікте үгіт-насихат іс-шаралары және сайлаудың өзіне дайындық жүзеге асырылады.

Сайлау өткізілгеннен кейін үш күн ішінде қорытынды шығарылады>, жеті күн ішінде сайланған әкімді тіркеу жүзеге асырылады. Бұл ретте сайланған әкімнің өкілеттігі оны тиісті аумақтық сайлау комиссиясы тіркеген кезден басталады.

Алдағы сайлауды үйлестіретін сайлау комиссияларының өкілеттіктері> де нақтыланған. Сайлауды тағайындауға, кандидаттарды ұсынуға және тіркеуге байланысты негізгі сайлау іс-шараларын аудандық (қалалық) аумақтық сайлау комиссиялары жүзеге асырады. Дауыс беру күніне байланысты сайлау рәсімдерін учаскелік сайлау комиссиялары іске асырады. Облыстық аумақтық сайлау комиссияларына заңдылықтың сақталуын бақылау, сондай-ақ қаржылық, материалдық-техникалық және әдістемелік қамтамасыз ету мәселелері жүктелген. Орталық сайлау комиссиясы сайлау заңнамасының біркелкі қолданылуын, аумақтық сайлау комисисялары қызметінің «Сайлау туралы» заңнама талаптарына сәйкестігін бақылауды, сондай-ақ науқанды жалпы әдіснамалық сүйемелдеуді жүзеге асырады.

Кандидат төлейтін сайлау жарнасының мөлшері> ҚР заңнамасында белгіленген ең төменгі жалақының бір еселенген мөлшерінде тең – 42 500 теңге.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<