Әкімшілік процестегі жаңа құқық қорғау тетіктері

1086

0

«Халыққа құлақ асатын мемлекет» тұжырымда­ма­сына сәйкес,  осы жылдың 1 шіл­десінен бастап ­ҚР-ның Әкім­шілік рәсімдік-процестік кодексі қолданысқа енгізілді.

Ол азаматтардың құқық­тары мен заңды мүдделерін іске асыру үшін ашық және қолайлы жағдайлар жасауға бағытталған. Сотқа дейінгі шағым жасаудың міндеттілігі, қабылданған ше­шіммен келіс­пеген жағдайда адам ша­ғымды заңсыз акт шығарған органға жіберуге міндетті, ал ол өз кезегінде оны жоғары тұрған органға қайта жолдауды білдіреді, осылайша шағым беру рәсімінің өзі оңайлатылады. Осы ережелер сақталған жағдайда ғана адамның кейін сотқа жүгінуге құқығы бар.

Айта кетейік, бұған дейінгі «Әкімшілік рәсімдер туралы» және «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы» Заң өз күшін жойды. Енді заңдармен реттелген қатынастар «Әкімшілік рәсімдік-процестік» кодек­сі­мен қаралады.

Адамдарға қолайлы болу үшін жоғары тұрған органға шағымды төменгі тұрған орган арқылы берудің жеңілдетілген тәртібі енгізілген. Яғни, әкім­шілік орган шағым түскен күннен бастап 3 күн мерзім ішінде өзінің қателігін жөндеп, істі жоғары тұрған органға жолдамай-ақ әкімшілік рәсімге қатысушы үшін қолайлы акт қабылдауға құқылы. Осылайша, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделеріне әсер ететін шешімдер қабылдау процесінде олардың ролі ед­әуір артады. Бұл адамдардың бұзылған құқығын жылдам қалпына келтіріп, уақытын үнемдейтін болады.

Екі бөліктен тұратын кодекстің алғашқысы әкім­шілік рәсімдер болса, екіншісі – сот үрдісін қадағалап, жүргізу. Азаматтар жария-құқықтық дауларда билік органдарының шешімдері мен әрекеттеріне қатысты шағым түсіру кезінде теңсіздікке тап болатыны жасырын емес. Демек, бұл заң сол олқылықтарды реттеп, оңтайландырады.

Аталған кодекстің 31-бабына сәйкес бұндай істер бойынша заңды күшіне енген сот актілерінің заңдылығына жоғары қадағалауды мемлекет атынан ҚР Бас прокуроры тікелей де, прокурорлар арқылы да жүзеге асырады. Сондықтан, прокуратура органдары мемлекеттік органдар мен азаматтардың арасындағы әкімшілік дауларды шешу барысында заңдылықты қам­тамасыз ететін болады.

Бауыржан ШӘКЕНОВ,

Жалағаш аудандық прокуратурасының

прокуроры

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<