Әлемге танытқан 30 жыл

419

0

Мемлекетіміздің тәуелсіздігі – ең алдымен халқымыздың бақыты. Барша қазақстандықтар үшін Тәуелсіздіктің мәні де, маңызы да айрықша.

 1991 жылы – еліміздің «Қазақстан» деген атпен бүкіл әлемге алғаш қадам басқан жылы.Сол сәттен бері міне 30 жыл да өте шыкты. Билік жүйесі қалыптасты. Ұлттық валютамыз айналымға енді. Қарулы Күштеріміз құрылды. Ата заңымыз қабылданды. Шетелдермен дипломатиялық қатынас орнатылды. Еліміз беделді халықаралық ұйымдарға мүше болды. Осы жылдарда мемлекетіміздің тұғыры нығайып, экономикалық әлеуетіміз арта түсті. Құрлықтағы барлық шекарамызды айқындап, заң жүзінде бекіттік. «Мәдени мұра» бағдарламасын жүзеге асырып, тарихымызды түгендедік.

Тәуелсіздігімізді жариялағаннан бері жас мемлекетіміз осындай аз ғана уақыттың ішінде көптеген ірі экономикалық, саяси және әлеуметтік жетістіктерге қол жеткізді. Еліміздің тыныштығы мен қауіпсіздігі, көп ұлтты Қазақстан халқының жарастығы мен ынтымақтастығы Президентіміздің жүргізіп отырған парасатты көреген саясатының нәтижесі.

Қазіргі Қазақстан әлем сахнасында айтарлықтай беделге ие. Еңсемізді тіктеп, егемен ел атанып, өз алдына отау тігіп дербес мемлекет атанған Қазақстан қаншама қиындықтарға жолықса да тастай берік төзімділіктің арқасында, әлемге өзін мойындатты.

Біздің тәуелсіз Қазақстан Республикасының тарихындағы барлық жетістіктері, қазақ халқының егеменді заманда жаңаша ерекше өрлеуі, өркендеуі, рухани-экономикалық еркіндігіміз, әлемдік қоғамдастық пен дүние жүзінің дамыған озық мемлекеттерімен тереземіз тең, дәулетті елдермен бірдей қарым-қатынас жасау жетістіктеріміздің барлығының алтын бастауы – біздің мемлекеттің Тәуелсіздігінде.

Бүгінде әлем Төртінші өнеркәсіптік революция дәуіріне, технологиялық, экономикалық және әлеуметтік салалардағы терең және қарқынды өзгерістер кезеңіне қадам басып келеді.

Дүниежүзінің дамыған елдері сияқты елімізде «Қызмет көрсетудің біртіндеп электронды саласына көшу бағытында мемлекеттік органдардың электрондық қызмет көрсету жүйесі қалыптасқан. Электронды қызмет көрсету – қазіргі уақыттағы заман талабына сәйкес «электронды үкімет», «электронды портал» жүйелері арқылы электронды түрде жүргізілуде.

Елімізде жүргізіліп жатқан цифрландыру саясаттан нормашығармашылық қызметте тыс қалмады.

Әділет министрлігінің қызметті цифрландыру бағытындағы тағы бір оң қадамы нормативтік құқықтық актілерді тіркеуді автоматтандыру болып табылады.

Еліміздің нормашығармашылық қызметінің дамуының жаңа кезеңі басталды. Мемлекеттік органдарының нормативтік құқықтық актілерін әзірлеу, қабылдау, мемлекеттік тіркеуге өткізу, мемлекеттік тіркеу, нормативтік құқықтық актілердің күшін жою тәртіптері автоматтандырылды.

Аталған бағыттағы мақсатқа қол жеткізу үшін 2018 жылғы 7 наурызда Қазақстан Республикасы Үкіметінің  Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу рәсімін автоматтандырудың кейбір мәселелері туралы № 113 қаулысына қол қойылды.

Қоғамдық қатынастарға нәтижелі және мақсатты құқықтық ықпал етуді жүзеге асыруға мүмкіндік беретін мемлекеттік саясатты іске асырудың негізгі құралы нормашығармашылық қызмет болып табылады.

Бүгінгі таңда Әділет органдарында тіркелетін облыстық, аудандық, облыстық маңызы бар қаланың мәслихаттары, әкімдіктері, әкімдері және тексеру комиссияларының азаматтардың құқықтарына, бостандықтары мен міндеттеріне қатысты және  кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын нормативтік құқықтық актілері түгелдей электронды форматқа ауыстырылды.

Қағазсыз құжат айналымына өту – Электронды үкімет құрудың басты қағидасы. Жергілікті мемлекеттік органдардың қызметкерлері қағаз тасып әуреге түспейді.

Нормативтік құқықтық актіні мемлекеттік тіркеу үшін әділет органына мемлекеттік органдардың интранет-порталы арқылы мемлекеттік органның бірінші басшысының, ол болмаған жағдайда – оның міндетін атқарушы адамның электрондық цифрлық қолтаңбасын қою жеткілікті.

Ал, аудандық маңызы бар қала, ауылдық округ, ауыл, кент деңгейіндегі жергілікті атқарушы органдар автоматтандыру жүйесіне 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап қосылып, мемлекеттік органдардың интранет-порталы арқылы жұмыс жасай бастады. 

Осы бағытта, Әділет министрлігі елдің нормативтік құқықтық актілеріне азаматтардың мемлекеттік және орыс тілдерінде жалпыға бірдей тегін қол жеткізуін қамтамасыз етті.

Сондай-ақ, 2015 жылдан бастап электронды түрде Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің Эталондық бақылау банкі пайдалануға енгізілді. Нормативтік құқықтық актілерді бақылау жағдайында пайдаланушыларға интернет желісінде орналасқан web-портал арқылы қолжетімді және ол нормативтік құқықтық актілердің электронды түрдегі  ресми жариялау көзі болып табылады.

Қазіргі таңда Әділет органдары электрондық түрде тіркеген нормативтік құқықтық акт Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің мемлекеттік тізіліміне, Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін уәкілетті ұйымға автоматты түрде жіберіледі.

Әділет министрлігінің нормашығармашылық қызметті цифрландыру бағытындағы оңтайлы қадамы – елімізде  халықаралық стандарттарға сәйкес келетін бәсекеге қабілетті ұлттық заңнаманың жоғары деңгейде болуын, сондай-ақ құқықтық мемлекет ретінде тәуелсіз Қазақстанның одан әрі өркендеуіне қосар үлесі орасан зор екеніне сенемін!Тәуелсіздігіміз тұғырлы, егемендігіміз еңселі болсын!

Н. Арзыкулова,

Қызылорда облысы Әділет департаментінің бөлім басшысы,

Қазақстан Республикасының  Заңгерлер одағының мүшесі 

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<