Дертіне дер кезінде дауа іздегендердің дені жедел жәрдемге хабарласады. Шақыру қай жерден түссе де, баруға міндетті осы – жедел жәрдем бригадасы. Оларды жолдағы кептелістен кешігіп жеткенде табалдырықтан қабақ түйіп қарсы алатындар, қызметіне көңілі көншімей, шағым айтушылар азайған емес. Десе де, қауырт жұмыстың біз байқай бермейтін қиындығы көп. Жақында тәулік бойы үзіліссіз жұмыс істейтін мамандардың күн тәртібіне көз жүгірткен едік.
«Қоңырау үні құлақтан кетпейді»
Алдымен біз медицина саласында көпжылдық тәжірибесі бар білікті маман, облыстық жедел жәрдем орталығы басшысының орынбасары Ғалия Талғатқызымен тілдестік. Оның айтуынша, диспетчерлік бөлімдегілер күніне 1500-1600 қоңырау қабылдайды. Тек соның 1500-не ғана осы орталық мамандары жұмылдырылады.
Қалған 100 шақырту емханадағы, ауыл-аймақтағы бөлімшелерге жолданады. Сондай-ақ, облыс бойынша 50 бригада 2 ауысымда қызмет етеді, жалпы қызметкерлер саны – 929. Оның ішінде 80-ге жуығы дәрігер болса, 485-і – орта буынды медицина қызметкері, 223-і – көлік жүргізушісі. Диспетчерлік бөлімшеге кіре қалсаңыз, телефонға тыным жоғын байқайсыз. Себебі, бүгінде «112» – төтенше жағдай мен «102» – полиция басқармасы жедел жәрдеммен бірігіп әрекет етеді. Аса ауыр оқиғалар орын алса, үш мекеме қызметкерлері бір мезетте оқиға орнына жетуге асығады.
Мамандардың дереу жетуін операторлар қадағалауда ұстайды. Шақырту коронавирус өршіген тұста толастамаған. Сол уақытта операторлардың жұмысы екі есеге артты. Қызметкерлер жұмыстан кейін үйге барғанда қоңыраудың дауысы құлақтан кетпей қояды екен.
Шақырту жауапсыз қалмайды
Жедел жәрдем көрсететін қызмет шақырту санаттарының себебі мен шұғылдығына байланысты анықталып отырады. Жарақат алғанда, жол-көлік оқиғасына ұшырағанда, уланып қалғанда, науқастың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретіндей созылмалы аурулардың асқынуы салдарынан туындаған ауыр жағдайларда, жүкті әйелдердің толғағы қысқан кезде хабарласу қажет. Бірақ, қит етсе жедел жәрдем шақырғанды құп көретін тұрғындар жоқ емес.
– Мамандар әрбір қоңырауды жауапсыз қалдырмайды және барлық шақыртуға асығады. Дегенмен, ереже бойынша жеңіл сырқаты бар науқастардың күтімі жергілікті емханаларға бекітілген. Шұғыл түрде медициналық көмекті қажет ететін науқастар болса, сонымен бірге жедел жәрдем шақыруды қажет етпейтін жағдайлар да болады. Белгілі бір аурумен тіркеуде тұрған науқастың дертімен учаскелік терапевт-дәрігер айналысуға тиіс. Жедел жәрдем сондай науқастарға уақыт бөлгенде, шын мәнінде өлім аузында жатқан пациентке үлгермей қалуы мүмкін, – дейді Ғалия Талғатқызы.
Ермек үшін қоңырау шалатындар да кездескен екен. Жедел жәрдем келуден бас тартпасын деген оймен кей жағдайда жалған уәж айтатындар да табылады.
Мысалы, іші немесе басы ауырып тұрса да, ойланбастан «жүрек ауруы» немесе «өліп барады» деуі мүмкін. Ал, мұндай жағдайлар медициналық көмектің шұғыл көрсетілуіне кедергі келтіреді. Ғалия Талғатқызымен жұмыс арасындағы сәл ғана үзілісті пайдаланып айтқан әңгіме осылайша кілт үзілді. Себебі, диспетчерге кезекті қоңырау түскен болатын…
Дабыл – әрбір секунд бағалы деген сөз
Біз кезекті бригадамен шұғыл шақыруға шықтық. Жүргізуші мекен-жайды сұрап, Торайғыров көшесіне жүйтки жөнелді. Ақ халаттылар бірден төргі бөлмеге озды, 59 жастағы Әлима Сансызбаеваға көмек қолын созуға кірісіп кетті.
Дәрігер науқастың жай-күйін анықтап, дәрі екті. Сәл тыншыған соң ертеңгісін аймақтық дәрігерге жүгінуге кеңес берді. Көлікке мінгенде, тағы бір қоңырау Айтбаев көшесінде орналасқан үйге қарай бағыт сілтеді. Жедел жәрдемге жүгінген Нұрисламның ата-анасының айтуынша, оның асқазаны ауырып, күні бойы мазасызданып жатыр.
Нұрислам жұқпалы аурулар ауруханасына жеткізіліп, оған қажетті ем-дом жасалды. Кезекті шақырту Жібек жолы көшесіндегі тұрғын үйлердің бірінен түсті. Мұнда кішкентай Мансұр есімді баланың дене қызуы жоғарылап, ауырып жатыр екен. Анда-санда жөтеліп, мазасы қашатын оған салқын тиіпті. Күні бойына үйіндегілер тиісті дәрі-дәрмегін беріп, ыстығын түсіргенімен, жағдай өзгермеген.
– Бала ауырып жатқанда оның диагнозын дәл табу қиын. Сондықтан 70 проценті «анамнез» арқылы анықталады. Ең бастысы, басы ауырып, балтыры сыздаған жанның жанынан мүмкіндігінше уақытында табылып, көмек көрсету – біздің мақсат. Ол үшін бізде барлық жағдай қарастырылған, – дейді оперативті бөлімнің меңгерушісі М.Төлегенқызы.
Сонымен қатар біз қандай жағдайда дабыл қосылатынын сұраған едік. Мамандар өте шұғыл, әрбір секунд санаулы болған жағдайда ғана дабыл қосылатынын және оны әрбір тұрғын ескерсе деген тілек айтты. Оны қосу – үлкен жауапкершілік. Дабыл науқасты тірі күйінде ауруханаға жеткізу үшін қосылады.
Өйткені, ең қиыны – науқасқа үлгермеу, олардың туыстары және жақындарымен жұмыс істеу. Олар көп жағдайда түсінбей жатады, тағы қайта қарап көруді сұрайды, мұндайда қанша жерден медицина маманы болсаң да, жүрегің селт етпей қоймасы анық.
Біздің жедел жәрдемдегі бір күніміз осылай өтті. Сан түрлі жағдайға ұшырастық және ақ халаттылар қызметінің ауырлығына тағы бір көз жеткіздік. Әсіресе, індет келгелі олардың жұмысы мылтықсыз майданға айналған. Кейбіріміз қарапайым санитарлық талаптарды сақтамай жүргенде, аты жаман індеттің дәл ортасында, яғни қауіпті аймақта жүрген алғы шептегі жауынгерлер еңбегі өлшеусіз.
Осыдан кейін жедел жәрдемге кейде кеш келесіздер деп ренжу орынсыз ба деген ой қылаң беретінін де жасырмаймыз.
Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<