Адам баласы – өз тағдырының ұстасы. Өмірін қалай өрнектеймін десе, соншалық бейнеттенуі керек. «Тәңірім терезеден береді» деп текке жату – шетте қалудың көрінісі. Міне, осындай ұстаныммен қолға құрал-сайманын алып, кәсіп ашқан Шиелі ауданының тұрғыны Мұхамеджан Алғабастың шеберханасына бардық.
Таң алакеуімнен есігін айқара ашып, тұтынушылардың тапсырысын сапалы жасап шығуға бар күш-жігерін салатын Мұхамеджан Бақытұлының кәсіпті бастағанына 4 айдай уақыт болды. Үйінің ауласындағы «Маке» ұлттық нақыштағы астаулар жасау шеберханасына келушілердің де қатары күн санап артып келеді. «Бастау бизнес» арқылы арманының алғашқы баспалдағына қадам басқан ағаш шебері мемлекеттен қайтарымсыз 500 мың теңге қаржыға ағаш оятын арнайы станок сатып алды. Ең әуелі Алматы қаласында Ержан Әлжановтан ағаштан бұйым жасаудың қыр-сырын үйреніп, екі жылға тарта тәжірибе жинақтады. Одан Жаңақорған ауданындағы ағаш ұстасы Қасен Әлжановпен бірге ұлттық нақыштағы астаулар жасап, өзге қалаларға жібере бастады. Ағаштан түйін түйген шебер өз алдына кәсіп ашуға бел буды.
Бүгінде өзінен кейінгі інілері Оразәлі мен Асланды баулып жатқанын аңғардық. Отбасылық кәсіптің бастауындай болған құтхананың ішіндегі тынымсыз тірлікке қарап еріксіз сүйсінесің. Ұлттық ою-өрнекпен нақышталған астаулар. Емен, қарағай, қарағаш, жаңғақ ағаштарынан әдемі дүние жасап шығарған. Мұхамеджанның қолынан шыққан астаулар барлық аудандарға жетіп үлгерді. Сондай-ақ, Шымкент, Жетісай, т.б қалаларға да жөнелтілді.
Ағаш ыдыс-аяқтарға деген сұраныс күн санап артып келеді. Расында, ағаштан жасалған ыдыстар адам денсаулығына пайдасын тигізіп қана қоймайды, оның ішіндегі тағам жақсы сақталады. Осы қасиетін ата-бабаларымыз ертеден білген. Бұл кәсіп отбасына материалдық пайда әкеліп қана қоймайды. Қолөнердің атадан балаға мұра болып қалуына септігін тигізіп, тұтынушы халықтың да ризашылығына бөленіп жүр.
– Ағаш – адамзатпен бірге жасап келе жатқан табиғаттың сыйы. Тұрмыста кеңінен пайдаланылады. Неге десеңіз, ағаш бұйымдар ыңғайлы, сән үшін де қолданылып, биік өнер дәрежесіне жеткізілген. «Алтынмен аптап, күміспен қаптап» дегендей, әр әулеттің жағдайына қарай зерлеп, әшекейлеп жасалған дүниені тұтынып келген. Әр халық – өз мәдениетін жасаушы және ұрпақтан ұрпаққа жеткізуші. Ұлттық тәрбие – рухани уыз. Асыл мұраны әрі қарай жалғастыру – біздің мақсатымыз. Оны қазақ жерінде ғана емес, бүкіл әлемге паш етіп, ұмыт бола бастаған мұрамызды қайта жаңғырту – ата-баба алдындағы борышымыз. Осы кәсіптің ауқымын кеңейтіп, республика көлемінде дамытсақ, халықты қуантатын үлкен жобалардың бастауы болары сөзсіз, – дейді кәсіпкер.
Қазір сыйлы қонақ күткенде байырғы ағаш тостағандармен қымыз-қымыран құйып, астаумен ас әкелу, ағаштан жасалған түрлі кәдесыйларды бір-біріне сыйға тарту үрдіске айналған. Сандық, кебежелерді әспеттеп төрге қойып, қасиетті қара домбыра мен қамшыны қастерлеп іліп қою да – соның айқын айғағы. Атадан балаға мирас болып келген алтын қолды шеберлер ісін жалғаушы ұрпақ бүгінде некен-саяқ. Сондықтан оларды қолдау, көз майын тауысып жасаған бұйымдарын лайықты бағалау керек.
Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ.
Шиелі ауданы
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<