Аграрлық саясат: Санақ салғырт қарайтын науқан емес

380

0

Дерек көздеріне сүйенсек, алғашқы ауыл шаруашылығы санағы 1835 жылы Норвегияда өтті. Содан бергі уақытта мұндай ауқымды шара АҚШ, Бельгия, Уругвай, Ұлыбритания, Аргентина, Венгрия, Канада және Болгария мемлекеттерінде болды. 1905 жылы Халықаралық ауыл шаруашылығы институты Италия астанасы – Римде бүкіл әлем бойынша санақты мүмкіндігінше біркелкі негізде келісілген түрде жүзеге асыруға уағдаласты. Ауыл шаруашылығы өндірісінің құрылымын өлшеуге бағытталған маңызды шара барысында егін және мал шаруашылығы, орман және балық шаруашылығы есепке алынады.

Биыл елімізде ауыл шаруашылығы санағы өткізіледі. Оның негізгі кезеңі 1 тамыз бен 20 қазан аралығында жүргізіледі. Санақ онлайн және офлайн кезеңге бөлінеді. Онлайн кезеңі 1-31 тамыз аралығында sanaq.gov.kz сайтында онлайн-сауалнама ретінде жүргізілуде. Онда ауыл шаруашылығымен айналысатын құрылымдар, фермерлік, шаруа қожалықтары қамтылмақ.

– Осының нәтижесінде сала бойынша мәліметтер жинақталады. Ол – аграрлық саясатты тиімді жүргізуге негіз. Статистикалық зерттеу арқылы көптеген сауалға жауап табуға мүмкіндік бар. Бұл мақсатта облыстық, қалалық, аудандық газеттерде мақалалар мен сұхбаттар жарияланды. Телеарна арқылы санақтың маңызы, мерзімі, кезеңі, санақтың ерекшелігі, қойылатын сауалдар, мамандар, негізгі талаптар мен атрибуттар жайынды толыққанды мәлімет берілді. Айта кетсек, облыс бойынша 190-ға жуық елді мекендерде ақпараттық билборд орнатылды. Есімі елге белгілі ардагерлер жергілікті басылым беттерінде тұрғындарға маңызды іс-шара жөнінде ой-пікірін білдірді. Ұлттық санақтың өтуіне барынша қолайлы жағдай жасалған. Аграрлық саладағы барлық заңды тұлға, шаруа-фермер қожалықтары мен үй шаруашылықтары sanaq.gov.kz сайтына электронды цифрлық қолтаңба арқылы кіріп, көрсетілген сауалдарға шынайы жауап беруі тиіс. Бұл әдіс өте ыңғайлы. Ол деректерді жинаудың тиімділігі мен сапасын арттыруға мүмкіндік береді, – деді ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының облыс бойынша департамент басшысының орынбасары Айбек Әбілдаев.

Сайтқа кірген сәтте респонденттер жүйеге тіркеліп, электрондық цифрлық қолтаңба, QR-код немесе sms хабарлама арқылы авторизациядан өтеді. Сауалнама парағына кірген кезде кейбір жолдарда мемлекеттік органдардың деректер базасында бар көрсеткіштер көрсетіледі. Әрбір респондент көрсеткіштерді сол күйінде қалдыра немесе оған өзгеріс енгізе  алады. Деректерді сақтап қойып, кейін оны толықтыруына болады. Сауалнамадан өтіп болғаннан кейін респонденттің электрондық поштасына санақтан өткені туралы хабарлама түседі.

Азаматтарға онлайн түрде өтуі үшін қолайлы жағдай жасау мақсатында жергілікті әкім аппараттары мен аудандық статистика бөлімшелерінің ғимаратында интернет байланысымен қамтамасыз етілген «Өзіне-өзі қызмет көрсету» аймағы ұйымдастырылады. Заңды тұлғалар, дара кәсіпкерлермен шаруа-фермер қожалықтарының экономикалық қызмет түрлерінің жалпы жіктеуіші (ОКЭД) бойынша қызметі мал шаруашылығы, өсімдік шаруашылығы немесе балық шаруашылығымен байланысты болса, санаққа қатысуға міндетті. Сауалнама парағын толтыру кезінде қандай да сұрақтар туындаса, аталған сайтта арнайы әзірленген жасанды интеллект арқылы жауап беретін sanaq-Myrza виртуалды көмекшісінің қызметін пайдалануға болады. Сондай-ақ әрбір қатысушы 1446 нөмірі бойынша бюроның байланыс орталығына хабарласуға мүмкіндігі бар, – деді А.Әбілдаев.

Екінші кезеңде интервьюерлер үй шаруашылықтарын жеке аралайды.Ол 20 қыркүйекпен 20 қазан аралығында өтеді. Санақ жүргізу үшін жұмыссыз азаматтар мен студенттер, барлық ниет білдірген азаматтар қабылданады. Жалпы 190-нан астам азаматты интервьюер ретінде жұмысқа тарту жоспарланған.

– Интервьюер ретінде санаққа қатысқысы келетін азаматтар 1446 байланыс орталығына немесе @statgovkz_bot Telegram-ботына өтініш қалдыра алады. Санақ барысында жинақталған мәліметтер ҚР «Мемлекеттік статистика туралы» Заңының 21-бабына сәйкес, бастапқы статистикалық деректерге жатады және міндетті түрде өтеусіз негізде ұсынылады. Аталған заңның 8-бабы 1-тармағында «Алғашқы статистикалық деректер құпия болып табылады және осы баптың 4-тармағында көрсетілген мәліметтерді қоспағанда, оны мемлекеттік статистика органдары тек қана статистикалық ақпаратты түзу мақсатында пайдаланады. Мемлекеттік статистика органдары алғашқы статистикалық деректерді жинау, өңдеу және сақтау кезінде осы деректердің құпиялылығын қамтамасыз етеді» деп көрсетілген. Сондықтан әрбір ақпарат заңмен қорғалады, мемлекеттік кіріс органдарына және өзге де органдарға берілмейді. Біз азаматтарды санаққа саналы түрде қатысуға шақырамыз. Өйткені бұл – жай статистикалық емес, барлық азаматтарды қамтитын мемлекеттік маңызы бар ауқымды шара. Барлық ауыл шаруашылығы саласымен айналысатын құрылымдарды, шаруа-фермер қожалықтары мен дара кәсіпкерлерді ауыл шаруашылығы санағына белсенді қатысуды сұраймыз, – деді департамент басшысының орынбасары.

Өсімдік шаруашылығы, мал шаруашылығы немесе балық шаруашылығымен айналысатын заңды тұлғалар, жеке кәсіпкерлер мен шаруа (фермер) қожалықтары 2-АШК/ШФҚ санақ парағын толтыруы тиіс. Бұл сауалнама тоғыз бөлімнен тұрады және 29 сұрақты қамтиды. Бақша егетін немесе мал мен құс ұстайтын үй шаруашылықтары да санаққа қатысады. Бұл сауалнамада қандай дақылдар өсірілетіні, қанша мал мен құс ұстайтыны, жайылымдарды қолданатыны, мал ұстауға арналған құрылыстардың бар-жоғы, сондай-ақ өнімнің сатылатыны немесе жеке тұтынуға пайдаланылатыны туралы мәлімет беріледі.

Әділжан ҮМБЕТ,

«Сыр бойы»