Сыр өңірінің экономикасында аграрлық саланың маңызы зор. Мемлекет тарапынан тиісті қолдау да жасалып келеді. Десе де, әлі қолға алатын жұмыс аз емес. Облыстық мәслихат депутаттары аталған мәселені тұрақты түрде назарда ұстап келеді. Өңірдің аграрлық саласында өзіндік қолтаңбасы бар облыстық мәслихаттағы өндіріс және шаруашылық салалары, қоршаған ортаны қорғау және табиғи ресурстарды тиімді пайдалану мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы, «Nur Otan» партиясы депутаттық фракциясының мүшесі Бақдәулет Мақашев бұл жөнінде көзқарасын білдірген еді.
– Облыс халқы ұзақ жылдан бері ауыл шаруашылығы саласында жемісті еңбек етіп келеді. Мемлекет тарапынан субсидия бөлініп, лайықты қолдау көрсетілуде. Ауыл шаруашылығын қолдау мәселесі «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасында кеңінен қамтылды. Кейінгі үш жылда өңірдің ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге 40 млрд теңгеге жуық қаржы қаралған. Биылғы жылдың өзінде осы бағытта 12 млрд теңге бөлінуде. Ол тұқым шаруашылығын, жайылымдықтарды инфрақұрылыммен қамтамасыз ету, ет бағытындағы шаруашылықтарды дамыту секілді бағыттардан тұрады, – дейді Б.Мақашев.
Оның айтуынша, мемлекеттік қолдаудың арқасында күріш егісін жоғары репродукциялы тұқыммен қамтамасыз ету басымдық алып отыр. Биыл осы бағытта субсидиялау бағдарламасы бойынша 145,5 млн теңге (жергілікті бюджеттен) қаржы бөлінуде. Бөлінген қаржыға 14 тонна бірегей, 263 тонна элиталық, 763 тонна бірінші репродукциялы тұқым, 27 тонна жүгері будан тұқымы және жеміс ағашының 50 мың дана элиталық көшетін ішінара арзандатылған бағамен сатып алу көзделген. Қаржыны игеру маусым айына жоспарланған.
Келесі кезекте ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге су жеткізу бойынша көрсетілетін қызметтердің құнын субсидиялау бар. Бюджеттік бағдарламасы бойынша былтыр 455,6 млн теңге бөлінген. Оған 476 шаруашылыққа барлығы 2,6 млрд текше метр су жеткізіп беру қызметтері субсидияланды. Биыл жұмыс маусым айынан басталады деп күтілуде.
Айта кетейік, судың 1 текше метрге арналған субсидия мөлшері қосылған құн салығымен қоса күріш жүйелеріне арналған тарифтің 50 процентін құрайды. Субсидиялаудың нәтижесінде өндірілген өнімнің көлемі мен сапасы, бәсекелестік қабілеті артуда.
– Аймақта әртараптандыру мәселесі күн тәртібіне қойылды, – дейді ендігі сөзінде Б.Мақашев. – Рас, күріш – суды мол қажет ететін дақыл. Сыр өңірі қаншама жылдан бері оны өсіруге әбден дағдыланған. Күріш шаруашылығына табиғи және экологиялық тұрғыдан қарауымыз тиіс. Ол егілмеген жерлерді сор басып кететінін жергілікті тұрғындар жақсы біледі. Сондай-ақ алма өсіру ісіне бетбұрыс басталды. Облыстың бірқатар аудандарында алма бағының аумағы өсті. Атап айтқанда, Жаңақорған, Жалағаш, Арал аудандарында оң өзгерістер көрініс берді. Жаңақорған ауданы Төменарық ауылының тұсында 50 гектар аумаққа алмадан өзге өрік, шие, жүзім секілді дақылдар өсіруді қолға алдық. 2019 жылы бұл аумақта 10 гектарға алма ағаштары егілді. Биыл 60 гектарға жеткізу ойымызда бар. Қазір тиісті құжаттары жасалды. Алдағы уақытта 33 мың түп алма және жеміс-жидек ағаштары егіледі. Оны екі кезең бойынша жүргіземіз. Бұдан бұрынғы жылдарда егілген алмадан биыл өнім жинаймыз деген жоспарымыз бар. Сондықтан 1000 тоннаға жуық аталған өнімді сақтайтын, сорттайтын қойма салып жатырмыз. Су ресурсын үнемдеу мақсатында тамшылатып суару әдісі қолданылады. Сондай-ақ, келешекте қызанақ егіп, томат пастасын шығару да жоспарда тұр.
Алмаға сұраныс артып келеді. Бұл қазақстандық шаруаларға өте қолайлы. Шетелдік сарапшылар еліміздің мүмкіндігі зор екенін айтады. Республикалық мерзімді басылымда жарияланған мына мәселеге көз жүгірте кеткеніміз артық болмас. Қытай, Ресей, Үндістан мемлекеттері және Оңтүстік-Шығыс Азия секілді үлкен нарық бар. Демек, Қазақстан алма шаруашылығын дамыта отырып, бұл жемістің экспорттық әлеуетін көтере алады.
Мамандар алма бағын отбасылық бизнес ретінде дамытуға болатынын да жиі талқылап жүр. Өйткені, кейбір мемлекеттерде дәл осындай жолмен табыс тауып отырғандар аз емес. Еуропада бұл кеңінен таралған. Аз жерден мол өнім алу әрі нарыққа ену кәсіптің табысты екенін айғақтайды.
– Ауыл шаруашылығында тағы бір маңызды мәселе – мал азығы. Алдағы уақытта біз қызанақ өсіруді қолға алсақ, онда ауыспалы егіс тәртібі сақталатын үш аумақ болуына назар аударамыз. Сол аумақта бидай, жоңышқа егу арқылы мал азығын дайындауды қолға алмақ ойымыз бар. Құрама-жем зауытының толық қуатында жұмыс атқаруына септігін тигізеді. Өйткені, жем шығару үшін оған бидай, жүгері, басқа да дақылдар керек. Аймақта көптеген мал бордақылау орындары салынды. Дегенмен, мал азығының тапшылығына байланысты мал басын көбейту кенжелеп қалды. Осыған байланысты өндіруші мен пайдаланушыға тиімді мүмкіндіктер қарастыруымыз қажет, – дейді ол.
Шындығында, өңірге жем негізінен сырттан тасымалданады. Оған қажетті дақылдарды өз жерімізде егіп, өңдеп, мал азығы қорына пайдалану үлкен тиімділік әкелер еді.
– Әрбір дақылдан құнарлы жем өндірудің тәртібі бар. Оған жұмсалатын қоспа, витаминге мән беріледі. Жем өндірісі ет және сүт бағытына арналған. Әрбіріне тиісті талап пен тәртібі қарастырылған. Құстың жемі де бөлек өндіріледі. Біздің зауыттың ерекшелігі – балыққа арналған жем шығаруға мүмкіндігіміз бар. Олардың құрамын есептей отырып, қажетті заттар табылған жағдайда дайындай аламыз. Қолымызды байлайтыны – қажетті шикізаттың жоқтығы. Біз күріштен күріш жармасы мен талқан жемін шығарамыз. Тіпті, күріштің қабығын майдалап өнім дайындауға қол жеткіздік. Бұл өнімнің малдың ішінің ыстығын басуға үлкен пайдасы бар. Ол ғылыми түрде дәлелденген, – дейді Б.Мақашев.
Айта кетерлігі, ұзақ жылдар бойы облыста құрама жем өндіретін зауыт болған жоқ. «Жан Арай Жем» зауыты сол олқылықтың орнын толтырды. Оған қажетті шикізаттар қатарында күріш, бидай, жүгері, мақсары, күнбағыс дақылдары бар. Зауыт өнімі мал шаруашылығы, құс, балық өсіретін шаруашылықтардың дамуына да ықпал етеді. Демек, өңірдің аграрлық саласында қолда барды ұқсата білу маңызды екенін уақыт көрсетіп отыр.
Әділжан ҮМБЕТ,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<