2025 жылы елімізде жүргізілетін Ұлттық ауыл шаруашылығы санағы ауыл шаруашылығын дамытуға әсер ететін ең маңызды шаралардың бірі екені белгілі.
Қазақстан Республикасының тарихында алғашқы ауыл шаруашылығы санағы 2006-2007 жылдары өткізілді. Санақ қорытындысымен Үкімет тарапынан аграрлық саланы дамытуға бағытталған көптеген бағдарлама қабылданып, жобалар іске асырылды. Ол кезеңнен бері біршама уақыт өтті.
Енді Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасы негізінде Үкіметтің «Ұлттық ауыл шаруашылығы санағын өткізу туралы» қаулысымен шешім қабылданып отыр.
Бұл аграрлық саланың дамуына үлкен серпін беретін маңызды шара екенін ескеруіміз қажет деп ойлаймын.
Кез келген мемлекеттің дамуы жолында қысқа және ұзақ мерзімді даму жоспары әзірленеді. Сонымен қатар, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мемлекеттің аграрлық және экономикалық саясатының басты мақсаттарының бірі екені белгілі. Оған қол жеткізу үшін асыраушы саланың қазіргі жай-күйіне нақты бағалау жүргізу маңызды. Осыған сәйкес түрлі бағдарламалар мен мемлекеттік қолдау тетіктері әзірленіп, қаржы бағытталады.
Сондықтан мемлекеттің қысқа және ұзақ мерзімді дамуы жолында қандай бағдарламалар қабылдауымыз қажет, қандай бағыттар бойынша мемлекеттік қолдау тетіктерін (субсидия, төмен пайызды несие, лизингке техникалар мен құрал-жабдықтар, саймандар) жетілдіруіміз қажет, қаржыны қандай салаларға бағыттауымыз қажет деген сұрақтарға осы санақ нақты жауап береді.
Ұлттық ауыл шаруашылығы санағы науқанына өңіріміздегі барлық ауыл шаруашылығы құрылымдары мен азаматтары ұйымшылдықпен қатысуға міндетті. Себебі осы санақтың қорытындысымен еліміздегі аграрлық саланы, оның ішінде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде мемлекеттің бағыт-бағдары айқындалмақ.
Жалпы өңірімізде аймақ басшысының қолдауымен аграрлық саланы дамытуда, оның өзекті мәселелерін шешуде бірқатар жұмыс атқарылғаны белгілі.
Ал біздің шаруашылыққа келетін болсақ, тауарлы-сүт фермасынан өндірілген сүтті өңдеу арқылы бірнеше өнім алып, аймақ тұрғындарының сүт өнімдеріне деген сұранысын қанағаттандыруға жұмыстар жасалуда.
Сонымен бірге, егін шаруашылығымызда дақылдар өндірілуде. Атап айтқанда, күріш, бидай, малазықтық дақылдар, жоңышқа, т.б.
Қазіргі таңда аграрлық саланың дамуында өзекті мәселелер де жоқ емес. Ауыл шаруашылығы саласын әртараптандыру, су үнемдеу технологияларын пайдалану, суды аз талап ететін дақылдарды егу, тоған шаруашылықтарын дамыту, төрт түлік малды асылдандыру, ауыл шаруашылығы ғылымына, асыраушы салаға тың серпін беру арқылы ауылдық елді мекендерді дамыту, жұмыссыздықты азайту бүгінгі күннің өзекті мәселесі деп білемін.
Ұлттық ауыл шаруашылығы санағын өткізуде Ұлттық статистика бюросы тарапынан санақты өткізу тәсілдері мен сауалнама сұрақтары бойынша қолайлы жағдайлар жасалған.
Бұл жерде ауыл шаруашылығы құрылымдары үшін ең қолайлысы еш жерге бармай электронды сандық қолтаңба арқылы арнайы stat.gov.kz веб сайтына кіріп, сауалнама сұрақтарына үйде не кеңседе отырып жауап беруге болады. Түсінбеген сұрақтар туындаған жағдайда, 1446 байланыс орталығы жұмыс жасайды екен. Интернет байланысы мен компьютері жоқ шаруашылық субъектілері үшін әрбір ауылдық округте «Өзіне-өзі қызмет көрсету» аймақтары ұйымдастырылып отыр.
Қорыта келе, еліміздегі аграрлық, яғни асыраушы саланың негізгі даму бағыттарын айқындау үшін өткізілейін деп отырған осындай ауқымды шараға әрбір шаруашылық құрылымдары мен азаматтарды белсенді қатысуға шақырамын! Ауыл шаруашылығы – ел байлығы! Санаққа қатыс, үлес қос!
Бекмырза ЕЛАМАНОВ,
ауыл шаруашылығы саласының ардагері






