Сыр сүлейлерінің жалғасы, айтыс өнерінің ақтаңгері Мұхтар Ниязов ұлттық өнерге серпін әкелді. Үшінші мәрте «Алтын домбыраны» иеленіп, сөз додасында ешкімге дес бермеген жыр дүлділіне деген ел ықыласы ерекше. Аймақтың алтын ұлы аудандарға арнайы барып, өнерсүйер жұртшылықтың ортасында болды. Кездесулерді облыс әкімдігінің қолдауымен облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы, аудан әкімдіктері ұйымдастырды.
Теңіз төскейіндегі ел Арал аудандық мәдениет үйінде «Айтыстың ақтаңгері – Мұхтар ақын» атты кездесу кешін ұйымдастырды. Жиында «Алтын домбыра» киелі сахна төріне орналастырылды. Жастар ақынға жыр оқып, айтыскер Алмат Қойбағаров арнауын тарту етті. Аудан әкімі Мұхтар Оразбаев айтыскерге ізгі лебізін білдіріп, Қазақстанның құрметті журналисі Шәкірат Дәрмағамбетов, күйші-композитор, ақын-жырау, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мұрат Сыдықов бата берді. Кеш соңында Мұхтар ақын айбынды Арал туралы жүрекжарды жырын арнап, елге деген ризашылығын жеткізді.
Елге өнеге болған кездесу Қазалы ауданында жалғасты. Мұхтар Ниязовты алдымен аудан әкімі Мұрат Ергешбаев қабылдап, құрмет көрсетті. Мұнан соң Р.Бағланова атындағы мәдениет орталығында «Кестелі жырдың жүлделі жүйрігі» атты кеш өтті. Мұнда жыр жүйрігінің өнер жолындағы жеңістері мен жетістіктері кеңінен насихатталды.
Жиында жыршы, термеші Жанболат Өмірзақ ақынға арнау өлең оқыды. Айтыскермен еркін сұхбат құруға мүмкіндік туған орайлы сәтте аудан жастары көкейде жүрген сұрақтарын қойып, ақыннан қонақ кәде сұрап, қолқа салды.
Қармақшы ауданындағы Ш.Төлепова атындағы мәдениет үйінде өткен «Сырдың сырбаз ақыны» атты кездесуде жас айтыскер Сырым Әділбеков өзінің арнауын айтып, өнерпаздар Ақсұңқар Бүркітбай, Руслан Өтегенов, Тоғжан Бақытова жырдан шашу шашты. Ал Шиелі аудандық мәдениет үйінде «Мұқалмас алдаспандай Мұхтар ақын» атты шараға аудан әкімі Қамбар Мүбараков пен зиялы қауым өкілдері, жастар қатысты. Жастар ақынға өздерінің көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, пікір алмасты. Айтыскерге ҚР Мәдениет қайраткері төсбелгісінің иегері Кенжебай Жүсіп жылы лебізін жеткізіп, ақ батасын берді.
Жалағаш ауданы Қ.Қазантаев атындағы мәдениет үйінде «Алтын домбыра. Алтын ұл!» атты кездесу ұйымдастырылып, оған аудан әкімі Асылбек Шәменов пен зиялы қауым өкілдері мен жастар қатысты.
Шараның ерекшелігі аудандағы «Адырна» жас ақындар үйірмесі мүшелерінің «Жауһазын жырлар» атты кітабының тұсаукесері өтті. Сонымен қатар, жиынға Мұхтар Ниязовтың ұстазы Гүлдана Өтеуова қатысып, шәкірті туралы айтып берді.
Ұлттық өнердің бағасын биіктеткен мұндай кездесу Сырдария ауданында да өтті. Шараға аудан әкімі Талғат Дүйсебаев қатысып, «Құрмет грамотасымен» марапаттады. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Хайролла Әбенұлы, облыстық мәслихат депутаты Расул Есенов, ҚР Мәдениет саласының үздігі Сандыбай Сәдуақасов жүрекжарды тілектерін білдірді.
Өз кезегінде Мұхтар Ниязов құрмет көрсеткен жұртшылыққа ризашылығын жеткізді.
– «Алтын домбыра» халықтың ниетіне орай елге келді деп ойлаймын. Өйткені «Сырдың елі – жырдың елі» деген ұстанымдағы Сыр сүлейлерінің барлығы өз тұсындағы аманаттарын арқалап, дұрыс жолмен жүріп өтті. Сол ізді жалғап, біз де өз міндетімізді атқарып келеміз. «Алтын домбыра» республикалық айтысы тұңғыш рет өткізіліп жатқанда «Осы дүние Сыр елінің музейінде тұрса» деген ішкі арманымыз болған. Бұл халықтың тілегінен туған арман деп те есептеймін. Сондықтан біз қандай да бір жетістікке жетіп жатсақ, оның артында елдің ыстық ықыласы, тілегі тұр. Сол себепті бұл жетістігімізде ел-халықтың үлесі зор. Құрмет көрсетіп жатқан елге алғысым шексіз, – деді Мұхтар Мәуленұлы.
Сыр еліне айтыс дүлділі әкелген «Алтын домбыра» өткен жылы облыстық тарихи-өлкетану музейінің «Мәдениет және өнер» залына қойылды. Айта кету керек, ақынды елмен жүздестірген мұндай кездесу бүгін Жаңақорған ауданында да өткізіледі.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<