Алда шешуші науқан: Егінмен қатар мал азығына да мән берілуі керек

334

0

Кеше облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен егін жинау жұмыстарына дайындық және мал азығын дайындау барысы туралы мәжіліс өтті. Оған тиісті сала басшылары және онлайн режимде аудан әкімдері қатысты.


Мәжілісті ашқан облыс әкімі биыл аталған екі мәселенің өзекті болғанын атап өтті. Сондықтан уақытты тиімді пайдалана отырып, оны шешу бағытында тиісті іс-шаралар атқарылуы тиіс.


Облыстық ауыл шаруашылы­ғы бас­қарма­сының басшысы Талғат Дүйсебаевтың айтуынша, биыл барлығы 188,1 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылды. Егін көлемі өткен жылмен салыстырғанда 3,9 мың гектарға артып отыр. Күріш алқабы кемігенмен, оның орнына дәнді, малазықтық, картоп, көкөніс және бақша дақылдары ұлғайтылды. Ал майлы дақылдар 1018 гектарға кем орналасты. Негізгі дақыл күрiштің көлемі – 83,6 мың гектар.


– Облыста егін шаруашылығын әртараптандыру бағытында тиісті жұмыстар атқарылды. Нәти­жесінде бидай 11531, жүгері 1569, соя 129, қант құмайы 71 гектарға дейін жеткізілді. Сондай-ақ, 53,5 гектар жерге жеміс-жидек пен жүзім егілді. Егіншілік саласын мемлекеттік қолдауға биыл 4,1 млрд теңге қаржы бөлінді. Ол тұқым, гербицид, тыңайтқыш, басым дақыл және суға байланысты субсидия есебінде төленді. Қаржының қалған бөлігі жыл соңына дейін жоспарға сәйкес игеріледі. Қазірге дейін бидай, арпа, сұлы дақылдарын жинау аяқталса, мақсары, картоп, көкөніс, бақша, жүгері дақылдарын жинау қарқынды жүруде. Жоңышқаның екінші орымы басталып кетті, – деді басқарма басшысы.


Басқарма басшысының ай­туын­ша, биыл күріштің толық­тай жоғары репродукциялы тұ­­қымы себілген. Егін үстеп қорек­тендіріліп, арам шөптерге қарсы өңделді. Нәтижесінде, 83,6 мың гектар күріштің 75%-і «жақ­сы», 20%-і «орташа», 5%-і «қана­ғаттанарлық» деп бағаланып отыр.


Мамандардың күріштен орта есеппен гектарына 55-60 центнерден өнім келеді деген жоспары бар.


Күзгі егін жинау жұмыстарына 12,5 мың тонна дизель отыны бөлінді. Оның әрбір литрі 177 теңгеден шаруашылықтарға жеткізіліп берілуде. Бұл бағытта «Нефтьтранс-Қызылорда», «РК Мұнай», «Жаңақорған OIL», «Қызылорда Мұнай Өнімдері» серіктестіктері секіл­ді белгіленген операторлар тиісті жұ­мыстарды атқаруда.
Егін жинау жұмыстарына қолда бар 4266 техниканың 98 % дайын. Ауа райына болжам бойынша облыста егінге орақ салу тамыз айының үшінші он күндігінде басталып, 10 қазаннан кешіктірмей аяқтау жоспарланып отыр.


Арал-Cырдария бассейндік су шаруашылығы инспекциясының басшысы Сейілбек Нұрымбетовтің айтуынша, қазіргі күні «Шардара» су қоймасында 830 млн текше метр су бар. Бұл өткен жылғыдан 150 млн текше метрге аз. Облыс шекарасына 340 текше метр су келуде. Тамыз айының аяқ шенінде су деңгейі одан да төмендейді деген болжам бар.


– Биыл облыста су тапшылығы мәселесіне байланысты тиісті іс-шаралар атқарылды. Осы мақсатта арнайы штаб құрылып, күнделікті қадағалау жүргізілді. Ендігі кезекте қаншама еңбекпен біткен егінді ысырапсыз жинап алу – негізгі міндет. Десе де, судың маңыздылығы ерекше. Сондықтан, тиісті мекемелер аудан әкімдіктерімен бірлесе отырып, суды тиімді пайдалану мәселесіне назар аударуы тиіс, – деді облыс әкімі.


Мәжіліс барысында Жаңа­қорған, Сырдария, Қармақшы аудандарында атқарылып жатқан жұмыстар таразыланды. Сондай-ақ, мәжілісте мал азығын дайындау барысы да назарға алынды. Аймақ басшысы биылғы қуаңшылыққа орай әзірлікті барынша күшейту қажеттігін ескертті.


Есептеулер бойынша өңірде төрт түлікке биыл барлығы 770 мың тоннаға жуық шөп дайындау қажет. Оның 220 мың тоннасы жоңышқа, 8 мың тоннасы сүрлем болғаны жөн. Қалған 541,9 мың тоннасы шабындықтағы табиғи және қамыс шөбін ору арқылы қамтамасыз етіледі. Бұдан бөлек қосымша 172,5 мың тонна күріш сабанын жинап алу межеленіп отыр. Мал азығын дайындау үшін 114 бригада құрылып, оған 1000-нан астам адам мен 170-тен астам техника жұмылдырылды.

Қазірге дейін 551,5 мың тонна шөп дайындалған. Бұл қажеттіліктің 71,6 %-ін құрайды. Ал құрама жеммен қамтамасыз етуде облыстан 17 мың тонна жем алынады, күріш өңдеу зауыттарынан 114,7 мың тонна күріш қалдығы өндіріледі. Қалған бөлігі «Азық-түлік келісім шарт» ҰК» АҚ арқылы сатып алынады.


Алайда, бұған байланысты Қазалы ауданында бірқатар кемшілік байқалып отыр. Ауданда жем-шөп дайындауда кешеуілдеу бар. Аудан әкімі Мұхтар Оразбаевтың айтуынша, бұл мәселе жақын күндері толықтай шешіліп, қыркүйек айына дейін 80%-ке жетеді. Мәжілісті қорытындылаған облыс әкімі тиісті сала басшылары мен аудан әкімдеріне аталған мәселелерге орай нақты тапсырма берді.


Әділжан ҮМБЕТ,


«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<