Алдағы сайлау ауылдың еңсесін көтере ме?

317

0

Жергілікті өзін-өзі басқару туралы ой

Әлем тарихында жергілікті мемлекеттік басқару, өзін-өзі басқару негізінен үш міндетті шешуі тиіс деп есептеледі. Олар – халыққа негізгі әлеуметтік қызметтерді көрсету, жергілікті ресурстарды дамыту және оны аумақ тұрғындары игілігіне пайдалану: осы аталған міндетті орындау үшін азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын жүзеге асыру. Бұл мақсатта облыс бас­шы­лығынан бастап ауыл әкімдеріне дейін мемлекеттік басқару функцияларымен қа­тар жергілікті өзін-өзі бас­қару органдарының функция­ларын да жүзеге асыру жүктелген.

Шындығына ­келгенде, жер­гілікті басқаруды өз мәнінде ұйымдастыру ауыл әкім­деріне (мұны ауданға бағынысты қала, кенттерде де деп түсінуі керек) бірінші кезекте өте керек мәселе, ал, облыстың, аудан әкімдерінің әкімшілік, экономикалық мүм­кіндіктері біршама жо­ғары болғандықтан, ауыл әкім­деріне қарағанда соншама өзекті емес.

Жергілікті жерде өзін-өзі басқару мәселесінде кейінгі 10-12 жылдың көлемінде бірқатар оңды жұмыстар атқа­рылуда. Алдымен 2001 жылы қабылданған жер­гілікті мемлекеттік бас­қару туралы заңының аясы кеңейтіліп, 2009 жылдан бас­тап өзін-өзі басқару мә­селесі заңға қосылса, 2012 жылы Президент Жар­лығымен жергілікті өзін-өзі басқарудың 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасы қа­был­данып, қазіргі таңда 2030 жылға дейінгі оны әрі қарай дамытудың жобасы дайындалып жатқанынан хабардармыз.  2013 жылдан бастап жергілікті өзін-өзі басқару органдарының қаржылық мүм­кіндіктерін арттыру ба­ғытында біршама жұмыстар жүргізіле бастаса, 2018 жылдан ауыл әкімдерінің дербес 4-деңгейлі бюджеттері пайда болып, оларға 8 салық­тық және бірқатар салықтық емес түсімдер берілді. Ал келесі 2022 жылдан бастап жерді пайдалану, сату, жалға беруден қазіргі таңда аудан, қала бюджеттеріне түсіп келген 4 түрлі жерге байланыс­ты салықтық түсімдерді де ауылдық бюджеттерге түсіру қарастырылуда. Дәл осындай жағдай ауыл бюджеттерінің шығыс бөліктерінде көрініс тауып, 19 бағыттағы шаралар қаржыландырылуда.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылғы Жол­дауында аймақ­тардағы жер­гілікті өзін-өзі басқарудың қаржылық мүм­кін­діктерін кү­шейту, ауыл бюд­жеттерінің кірісін арттыру, мүліктік құқығын кеңейту,  жергілікті мемлекеттік бас­қару және өзін-өзі басқару органдарының ара жігін кезең-кезеңімен ажырату, халықтың ауылдағы өз әкімдерін сайлауы мемлекеттік басқару деңгейлері арасындағы құ­зыреттерді бөлу және жер­гілікті өзін-өзі басқару ісін айқындау туралы мәселе көтергенін бәріміз де білеміз.

Иә, билік өкілдерінің сайланбалы болуы туралы Жолдаудағы ұсыныс жалғасын тауып, биылдан бастап ауыл әкімдерінің халық сайлайтын сайлауы, басталмақ. 2025 жылдан бас­тап аудан әкімдерін де халық сайлайтыны туралы тиісті заңдарға өзгеріс енгізілгенін бұқаралық ақпарат құралдары арқылы таныстық.  Сөз жоқ, осыған дейінгі 8 жылдағы ауыл әкімдерін сайлау процесіне қарағанда бұл шара ауылды жаңғыртуға бағытталған маңызды қадам деп айтуға болады. Себебі бұған дейін әкімді аудан (қала) әкімдері ғана ұсынып, оларды мәслихат депутаттары сайлайтын, яғни ауыл әкімі аудан әкіміне,  депутаттарға тәуелді еді. Енді ауыл әкімдері жоғары жақтан гөрі төменге көбірек қарайтын, елге жалтақтайтын болады.   

Ауылдың әлеуметтік-эко­номикалық жағдайын кө­термей, ел экономикасын көтеру мүмкін емес екені бар­шамызға мәлім. Бұл шарада әкімдер жұмысын қайта ұйымдастыруы қажет. Бүгінгі таңда еліміздегі халықтың  41,5 проценті ауыл­да тұ­ра­ды десек, олар рес­пуб­ли­камыздың ішкі жал­пы өнімінің 4 процен­тінен сәл-ақ астам бөлігін ғана қамтамасыз етеді. Қазір ақпарат құрал­дарында «билікті одан әрі орталықсыздандыру үшін ма­ңызды түрткі болатын шара ауыл әкімдерінің алдағы сайлауы» деген сөздер айтылуда. Шындығында дәл осылай ма?

Ауыл әкімдері құзырет­терінің бірі олардың дербес бюджеті енгізілгені сырттай қарағанда көптеген мәселелерді шешетін секілді болып көрінеді. Қарапайым халыққа, ауылдарға зор мүм­кіндіктер беріліп, өз мұқ­таждарын мұнан былай өздері қарайтындай болып көрін­генімен, іс жүзінде ауылға түсетін салықтар мен түсімдердің саны көп бол­ғанмен,  олардың  көлемі  өте аз, мардымсыз екенін мамандар бірден-ақ байқады. Мысалы, біздің өңіріміздегі барлық 146 (2 ауданға бағынысты қала, 12 кент және 132 ауыл округі) дербес бюджеттің 2020 жылға арналған бюджеттерінің ­5,6% ғана өздері жинайтын кі­ріс­термен жабылады (өз кі­рістері 820 млн теңге, бюд­жеттің шығыс көлемі 18,2 млрд теңге). Осы кірістерге талдау жасасақ, одан да таң­ғаларлық жайттарды кө­руге болады. Атап айтқанда, жеке тұлғалардың мүлік салығынан бар-жоғы 16,3 млн теңге ғана түсіп, әрбір жылжымайтын мүлікке (негізінен тұрғын үйлер) орташа 185 теңге ғана салық есептелген,  ал  базбір ауыл­дық округтерінде 30-40 теңге маңында. Мысалы, Төребай би ауылдық округінде 96 үйден бар-жоғы 2000 теңге салық жиналса, Қуаңдария, Сарыбұлақ, Жаңадария, Аққыр, Иіркөл, Алдашбай ахун, Шәкен, Бел­аран, Тасарық, Қызылқұм ауылдық округтерінде 3-6 мың теңгеден ғана жиналуда. Осындай жағдай жер салығында да байқалады. Келесі жылдан бастап ауыл бюджеттеріне түсу межеленген жерге байланыс­ты 4 түрлі салықтық  төлемдер де мардымсыз. 2021 жылға осылардан облыс бойынша 700 млн теңгедей ғана түсу межеленсе, дербес ауыл бюджеттерінің өз кірістері 1,5 млрд теңгедей ғана  сомаға жетіп, олардың бюджеттер шығысының 8,4%-ін ғана жауып, қалған 91,6%-і аудан бюджетінен дотация есебінен беріліп, 4-деңгейлі дербес бюджеттерінің қар­жылық мүмкіндіктері жо­ғары атқарушы органдар ал­­дындағы тәуелділігі бәз-бая­ғыша жалғаса бер­мекші. Со­нымен  қатар ауыл  округтері ар­қылы қар­жы­ландырылатын бағыт­­тар­­дың да саны көп бол­ғанымен, заты мардымсыз, оның үстінде биылдан бас­тап балабақшаларды қар­жыландыру облыстық дең­­гейге өтіп кетті.

2014 жылы басқару құ­зырет­терінің аражігін ажы­ратуға біршама бетбұрыс жасалып, жергілікті жер­лердің деңгейіне бірқатар бағыттар қар­­жыландыруға берілсе, ке­йінгі жылдары осы мәселеде кері процесс орын алған секілді. Жоғары органдардың сөздері мен іс-қимылдарында мемлекеттік басқару деңгейлері ара­сындағы құзыреттерді қай­та қарап, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының ролін арттыру жөнінде үн­деулер көп  айтылғанмен, іс жүзінде кері­сінше істелетін секілді. Биылдан бастап білім саласының барлық мекемелерінің қар­жы­лан­дырылуы ауданнан об­лысқа ауыстырылса, осыдан 4-5 жыл бұрын денсаулық саласының барлығына жуық мекемелері облысты қойып министрлік арқылы республикадан қар­жыландыруға көшті. Осын­дай жағдай спорт мек­тептері, музейлерге де тән, олар да аудандық дең­гейден облыстық саты арқылы қар­жыландырылуға көшті. Осын­дай әсіре орталық­тан­дыру­дың жағымсыз жайт­тарға әкеліп жатқанының нәти­­жесін денсаулық сақ­тау саласындағы жем­қорлықтың күшеюі, жеке балабақшаларды қар­жы­лан­дыру­дағы іркіліс­тер­дің кө­беюінен бай­қауға болады.

Жергілікті мемлекеттік те, өзін-өзі басқару орган­да­рының да халық алдында беделі болуы, олардың мұң-мұқтажын шешуге белсене араласуы, оған халықты жұмылдыра білуі, олардың өз деңгейінде қаржылай мүмкіндіктерінің болуына тікелей байланысты. Өткен кезеңге көз салсаң, осыдан 30 жылдай бұрын, ауылдық кеңестер арқылы мектептер, интернаттар, бала­бақшалар, ауылдық аурухана, дәрігерлік амбулатория, медпункттер, кітапхана, клубтар қаржыландырылып, бюд­же­тінің кіріс бөлігіне жер­гілікті салықтардан бас­қа аумақтағы мекеме, шаруа­шылықтарда жұ­мыс атқара­тындардың табыс салығы түгелімен немесе белгілі үлес беріліп өздерін-өздері қаржыландаратын еді. Қазір осындай бұрын  өзін-өзі ақтаған оңды тәжірибелерді қолдануға келгенде биліктің неге қорқа­соқтайтындығы түсініксіз, немесе қаржыны жоғары орган­дар өз қолдарынан шы­­ғар­ғысы келмей ме? Мә­селен, ауылда төленетін жа­лақыға есептелетін табыс, әлеуметтік салықтарды ауыл бюджетінің шығысын қаржыландыруға қалдырса, жо­ғары билікке тәуелділік те төмен­деп, жергілікті биліктің мүм­кіндіктері артар еді ғой.

Халық сайлайтын ауыл әкімдерінің қаржылық мүм­кіндіктерін арттырмаса, олар­дың бұрынғы әкімдерден қандай өзгешелігі болмақ?! Оларға  басқару жүйесін рет­тейтін мықты тетіктер беру көзделмеген ғой. Жалаң ұран, қызыл сөзбен ауыл өмірін асқақтата алмаймыз. Қолында билігі жоқ, қауқары шамалы, айтса сөзі өтпейтін, созса қолы жетпейтіннің кейпін тартып отырғандай күйде қала береді ғой. Ауыл әкімдерінің құзыреті күшейсе, өркендеген ауыл мен күшті мемлекеттің кепілі болар еді. Енді осы жерде ауыл­ды өркендетудің кейбір жолдарына назар аударғанды дұрыс деп санаймын. Ауылды ыдыратпай, қарашаңырақты шайқалтпай ұстау жергілікті өзін-өзі басқарудың негізгі міндеті болуы тиіс және осыны жүзеге асыру үшін ауылда жұмыс көздерін ашу, олардың еңбегін өз дәрежесінде баға­лап ақы төлеуді реттеу, елді мекендердің инфра­құр­лым­дарын қала, аудан орта­лықтарындағы жағ­дайға жа­­­қын­­датумен қатар, ауыл ин­­тел­лигенциясын қол­дауды күшейту керек.

Осы мақаланың басында келтірілген мәліметтерге сай елімізде осыдан 50 жыл бұрын ауылдықтардың үлесі 50 пайызды құраса және ол кезде бұл санатқа тек «ауыл» статусы бар елді мекендердің тұрғындары ғана кірсе, кейінгі 10 жылдықтан бері ауылдықтар санатына кент, қала типтес поселок тұрғындары да қосылғанын ескерсек, шын мәніндегі ауылдықтардың үле­сі тым азайып бара жат­қандығы белгілі. Мысалы, біздің облысымызда қазір ауыл­дықтар үлесі 54,5% деп есептелсе, оның ішінде «таза» ауылдықтар 27,2%-ті ғана құрауда  (1999 жылғы санақта – 39,5%). 24 ауыл тіпті жойы­лып кеткен. Ұлтымыздың алтын бесігі, темір қазығы – ауылдарды дамытып азық-түлік қауіпсіздігін күшейту үшін қазіргі қолданыстағы заңдардың аясында-ақ облыс, аудан биліктеріне біраз тірліктер атқаруға болады деп есептеймін. Қазақстан Республикасының 2005 жыл­ғы 5 шілдедегі №66 «Аг­ро­­­өнер­кәсіптік кешенді және ауыл­­дық аймақтарды дамытуды мем­лекеттік реттеу туралы» заңы бойынша ауыл зиялылары болып табылатын ауылдық жерде тұратын білім, мәдениет, спорт, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамту, орман шаруашылығы, ветеринария саласы мамандарына жергілікті мәслихаттардың шешімімен қалалық жағдайда жұмыс атқаратын мамандарға қарағанда кемінде 25% жоғарылатылған айлық ақы­лар мен тарифтік мөл­шер­лемелер белгіленуге рұқ­сат етілген. Сонымен бір­ге жергілікті мәслихаттар бе­кіт­кен тәртіп­пен және мөл­шерде бюджет қаражаты есебінен көр­сетілетін ком­муналдық қыз­меттерге ақы төлеу және отын алуға же­ңілдік көрсетілу де көзделген. Әкімдердің ше­шімдері бойынша оларға тұрғын үй алу немесе салу үшін әлеуметтік қолдау көрсетілуі тиіс және осы категорияға ауылдық округ­тердің мемле­кеттік қыз­меткерлері де енгізілген.

Ал, іс жүзінде біздің облыс­тың барлық аудандарында, ауыл­дардағы ма­мандарға айлық жал­ақыға тек  25 % ғана қосымша төлемақы мен 4 АЕК мөлшерінде немесе 11668  ғана отын алуға қаржы қарас­тырылған. Атал­ған ма­ман­дардың ауыл­дық жерлерде, әсіресе шалғайда орналасқан, қызмет атқару­шыларды ынталандыру үшін және көші-қонды тұрақ­тандыру мақсатында елді мекен­дердің алшақтығына, ин­фра­­құрылымдарының даму дең­гейіне қарай, диффиренциалды түрде үстеме мөлшерін бекітсе және ком­муналдық шығын­да­ры­ның бір бөлігін бюджеттен өтесе. Менің пайымымша, осындай қосымша әлеуметтік же­ңіл­діктер «на­ғыз» ауыл­дықтарға, яғни аудан орта­лығынан 20 ша­қырым қа­шық­тықтан әрі орналасқан елді мекен мамандарына қазіргі бекітілген 25% орнына 30-50% қосымша төлем­ақы төленіп, коммуналдық қызметтерге және отын алуға кепілдендірілген жеңілдік бе­рілсе. Осы мәселені мен «Сыр бойы» газетінде өткен жылғы 21 мамырда басылған, «Гүлденсе ауыл, гүлденеміз бәріміз» атты мақаламда көтерген едім. Енді соны тереңдете талдағанда осындай есеппен жоғарылатылған жеңілдіктер алатын адамдар саны ауылда тұратын 19767 маманның шамамен 8270-ін құрайды екен және оған қосымша бір жылға 1,1 млрд теңге ғана керек етілмекші (осы жөніндегі есеп облыс басшыларына жыл басында жазбаша жеткізілген). Жылдық бюджеті 300 млрд теңгенің маңында болатын біздің облысымыз үшін осыған қосымша қаржы табу үлкен проблема емес екенін қаржы саласының ардагер маманы есебінде айта аламын. Ауылдағы маман­дардың еңбегі өз дең­гейінде  бағаланса, ата­қо­ныс­тарымызды көр­кей­тіп, азық-түлік өндіріп, жер­гілікті өзін-өзі басқаруды ны­ғайтар едік, яғни аталған шара басқа да көптеген қол­даулармен қатар ауылдарды сақтап қалуға, ауыл әкімінің ролін арттыруға  өз септігін тигізер еді. Ауылға көзқарас өзгермесе, елдегі халықтың көші осы екпінмен кете беретін болса, онда ауыл әкімін қандай жолмен сайласа да одан нәтиже күту қиын. Түптің түбінде әкім институтының да, өзін-өзі басқарудың да ауыл жағдайында тағдыры не болмақ? Ауылдарды сақтап қалудың жолдарын қарастырып оларға тиесілі биліктерін беруге, өз мәселелерін өздері шешіп, беделдерін арт­ты­руға бағытталған іс барынша зерделенуі тиіс деп ойлаймын.

Қалқазбек ӘЖІБЕКОВ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<