сурет ашық дереккөзден алынды
Сонымен артта қалған жылға өкпе жоқ. Десек те 2023 жылға бір көз жүгіртсек, дүние үшін сыны мен тезі аз болмады. Соғыс, қақтығыстар, әсіресе саяси-әскери ұйымдардың ауқым алғаны, ежелден бері қырықпышақ болған елдердің ашық жанжалдарға көшкенін байқайсыз. Өткен жылды қысқаша бір ой елегінен өткізіп көрейік.
Тынышы кеткен Түркия
2023 жыл басталғаннан-ақ әлемде келеңсіз құбылыстар белең алды. Соның ең бастысы – Түркиядағы қуатты жер сілкінісі. Дүмпу күші 7,8 және 7,6 балға жеткен алапат жер сілкінісі 50 мың адамның өмірін жалмады. 11 мың адам ауыр жарақат алды. Жер сілкінісі Сирияда да болды. 5200 адамды опат қылды. Түркияның ресми билігі 105 мың ғимараттың қирандыға айналғанын жария етті, ал шығын көлемі 102 млрд долларды құрады. Бұл осы елдің жалпы ішкі өнімінің 10-12 пайызын құрайды. Түркия тарихындағы ең алапат табиғи апаттың салдары саяси алаңға да әсер етіп, президенттік сайлауда халықтың көңіл-күйін де аңғартты. Қазір онда ауқымды сейсмикалық зерттеулер жүргізілуде. Мамандар ел аумағының 66 пайызы қауіпті дүмпу ошағының үстінде тұрғанын, миллиондаған халықты көшіріп, талапқа сай емес ғимараттарды қайта салу керегін айтуда. Не де болса, Сирия мен Түркиядан басталған платиналардың жалғасқан тұсы Қазақстанның оңтүстігіне дейін жетіп жатыр. Ал олардың кез келген уақытта ажырай салуы мүмкін. Еліміз де сол оқиғадан соң жер сілкінісіне байланысты зерттеулерді қолға алуға талпынғандай еді.
Қауіпсіздікке алаңдаған қос ел
АҚШ-пен қатар кәрі құрлық елдерінің басым бөлігінің қауіпсіздік кепілі саналатын НАТО ұйымының ықпалы арта түсті. Бұрын өздерін бейтарап санайтын дамыған елдердің өзі ұйымға мүше атануға ұмтылуда. 2023 жылдың 4 сәуірінде Финляндия НАТО-ға ресми кіріп, 31-мүшесі атанды. Дәл осы күні Финляндия туы Брюссельдегі НАТО-ның штаб пәтерінде көтерілді. Ұзақ жылдар бойы әскери бейтараптық сақтаған Хельсинки Ресейдің Украинаға агрессиясынан кейін осындай маңызды шешім қабылдап, өз қауіпсіздігін НАТО-ның құрамынан көретінін аңғартты.
Көп ұзамай Еуропаның тағы бір елі – Швеция да НАТО-ға қосылуға үміткер атанды. Алайда Швецияның қосылуына Түркия және Венгрия әлі күнге дейін келісімін бермей отыр. АҚШ пен Түркия арасында Швецияны ұйымға қабылдауға қатысты келіссөздер өтуде. Анкара АҚШ-тан F-16 ұшақтарын алуға ниетті. Ақ үй бұл бойынша келісім болатынын аңғартуда. Сарапшылар «Финляндияның НАТО-ға қосылуы – Путиннің ең ірі саяси қателігі» дейді. НАТО-да Финляндия жоқ сәтте Ресейдің НАТО-мен шекарасы 1215 шақырым болса, қазір ол 2,6 мың шақырымға ұзарды. Осылайша Ресей түрлі астарлы саяси қыспақтардың аранына тереңдей беруде.
Саяси дағдарыс салқыны
Әлемде саяси дағдарыстан көз ашпай келе жатқан елдер жетерлік. Әсіресе мұны Таяу Шығыс пен Африка құрлығындағы елдерден көп байқаймыз. Арты дау-дамай мен халықтың арып-ашығуына алып келуде. Судандағы бірнеше жылға созылған саяси дағдарыс ашық әскери қақтығысқа ұласты, ал қантөгіс әлі жалғасуда. Ел әскері мен жылдам әрекет ету күштері арасында кескілескен шайқастар өтуде. Ел астанасы Хартум қаласының төрттен бір бөлігін әлі күнге дейін жылдам әрекет ету күштері өз бақылауында ұстауда. Қақтығысты бейбіт жолмен реттеуге тырысу әрекеттері сәтсіз болып тұр. Соғыс салдарынан 750 мың адам ішкі босқынға айналған. Қарулы қақтығыста әлі күнге дейін нақты қанша адам көз жұмғаны белгісіз. Ақпарат көздері 5-7 мың арасында деп болжайды.
«Вагнер» бұлтының сейілуі
Теріскейдегі көршіміз басқыншылық мақсатта соғыс бастағалы бері тыныштық көрмеуде. Ресей мүддесі үшін қан төккен «Вагнер» ұйымы аяқасты қалай құбылғанын ел жақсы біледі. 23 маусымда жеке әскери компания Евгений Пригожиннің қолбасшылық етуімен Мәскеуге жорыққа шықты. Бүлік ұйым мен Ресей Қорғаныс министрлігі арасындағы бірнеше айға созылған текетірестен кейін болды. Пригожин Ресей Қорғаныс министрлігі жасақтарға снаряд бермей, Бахмутта қырылуына жол ашты деп айыптаған болатын. Оның үстіне лагерьге министрлік тарапынан соққы жасалғаны айтылды.
Ақыры Пригожин 7 мың вагнерлікпен Мәскеуге жорыққа шығып, Ростов облысының әскери нысандарын бір күнде басып алды. Артынша ол Мәскеуге аттанып, Ресей астанасына 200 шақырым қалған сәтте жорығын тоқтатты. Кейіннен бүлікті тоқтатуға Беларусь басшысы Лукашенконың келіссөз арқылы атсалысқаны белгілі болды. Бір қызығы, осы оқиғадан көп ұзамай 23 тамызда Пригожин отырған «Embraer Legacy 600» ұшағы Ресей әуе кеңістігінде жарылып, 10 адам қаза тапты.
Қарабақтың көркеюі
Күз басында Әзербайжан қарулы күштері мен Қарабақтағы сепаратистер арасында тағы соғыс болды. Операция бар болғаны бір күнге созылып, армян қарулы топтары толық талқандалды. Армян ақпарат көздері әлі күнге дейін қанша армян сепаратисінің оққа ұшқанын жария етпеді. Түрлі дерек бойынша олардың саны 1800-2000 арасында. Әзербайжан операция барысында 192 сарбазының опат болғанын айтып, тізімін жариялады. Қақтығыстан кейін Қарабақтағы 105 мың армян өз еліне кетті. Армения билігі Қарабақтан келген армяндарға бір реттік 260 доллар төлейтінін айтты. Сонымен бірге 6 ай бойы ай сайын 130 доллар төлеу туралы шешім шығарды.
Қыркүйектің соңғы күндері Таулы Қарабақ Республикасы деп аталатын квазимемлекеттік мойындалмаған құрылымның президенті саналған Самвел Шахраманян 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап республиканы және оның барлық органдарын таратуға қатысты жарлыққа қол қойды. Осылайша Қарабақ Әзербайжанға толық қайтарылды. Бауырлас ел саналатын жұрт осылайша өз мүддесін толық қорғап шықты.
Көзқарасы жараспайтын қырғиқабақ елдер
Шолуымыздың соңғысы да әлем елдерін біраз әуреге салғаны аян. Себебі діни себепті сылтау ету арқылы халықтардың тыныштығын ұрлаған қақтығыс. 7 қазан күні Газадағы Хамас жасақтары Израиль аумағына өтіп, бірнеше әскери нысан мен елді мекендерге шабуыл жасады. Бұл Израиль барлау қызметі тарихындағы ең үлкен сәтсіздік деп бағалануда. Хамас өз операциясын «Әл-Ақса бораны» деп атады. Тыныштықты бұзған жасақ ақыры мыңдаған бейбіт тұрғындардың қырылуына себепкер болды. Жауап ретінде Израиль Газа аймағын бомбалап, «Темір қылыш» операциясын өткізуде. Газаны бомбалау салдарынан 20 мың адам қаза тауып, 55 мың адам ауыр жараланған, ал 6 мыңға жуық адам із-түссіз жоғалғандар қатарында. 2 миллионға жуық Газа тұрғыны ішкі босқынға айналды. Халыққа азық-түлік, ауызсу, дәрі-дәрмек жетіспеуде. Ал Израиль 1400-ге жуық адамынан айырылды, оның 400-ге жуығы – әскерилер.
Хамас пен Израиль қақтығысы аймақтағы өзге де әскери ұйымдардың Израиль аумағына шабуыл жасауына ұласты. Израильдің солтүстігіндегі Ливан аумағынан Хезболла жасақтары шабуыл жасаса, Йемендегі хуситтер Израиль аумағын бірнеше мәрте зымыран және дрондармен атқылады. Хуситтер Израиль аумағына бет алған барлық кемені атқылайтынын айтып, Қызыл теңіз арқылы кемелердің қатынауына кедергі келтіруде. Әлемдегі ірі жүк таситын логистикалық компаниялар Қызыл теңіз аумағынан тыс бағыттарды таңдауда. Шамасы бұл қақтығыс жуық арада аяқталатынына сену қиын. Израиль бақталастарын толық жоймайынша, тыныш таппайтындай.
Мадияр ТӨЛЕУОВ,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<