Бір жыл бұрын құрылған «Хикмет» қайырымдылық қорының негізгі мақсаты – әлеуметтік жағдайы нашар, тұрмысы төмен, көпбалалы, мүмкіндігі шектеулі бала өсіріп отырған отбасыларға жәрдемдесу. Қорда онға жуық адам жұмыс істейді. Олар тағдыр тауқыметін тартып, теперіш көрген талайдың тұрмысын түзеуге шын ниетті.
«Жанашырлыққа жан риза» дейді дана халқымыз. Қор аз уақыттың ішінде 6-7 отбасыға үй беріп үлгерді. Науқас балаларының еміне ақша таппай қиналған аналарға қаржылай көмектесті. Карантин кезінде 150-дей отбасыға азық-түлік, киім-кешек, дәрі-дәрмек алып беріп, 500 масканы тегін таратты.
Қайырымдылық ұйымы мақтаралдық ағайынның да жанынан дер кезінде табылды. 25 млн теңге көлемінде қаражат ұсынып, үй-күйсіз қалған 50 отбасыға 500 мың теңгеден қолдау көрсетті. Көрші облыстағы тағы бір әулетті баспанамен қамтамасыз етті.
Азамат Болатбекұлы басқаратын қор тұрмыстық ахуалы осал отбасыларға көмектесуден аянып қалған емес. Перзенті дертті қамкөңіл жандар, мүмкіндігі шектеулі жерлестеріміз, көпбалалы отбасылар, жалғызбасты қарт кісілер, қамқоршысынан айырылған балалар. Оларға қайырымдылық танытып, жанынан табылу, хал-қадірінше демеу болу – жаны жайсаң жақсының азаматтық парызы.
– Біздің мақсат – жылаған ананың көз жасын сүрту, қиналғанның жанынан табылу. Бізге сәбидің жыламағаны, ананың жабықпағаны керек, – дейді қор директоры.
Жалғызбасты ана Индира Асанованың жанары жәудіреген сәбиін жетектеп, ашпаған есігі қалмаған-ды. Бірнеше жылдан бері санасы санға бөлініп, сергелдең құшқан жайы бар. «Хикмет» қоры туралы жазбаны әлеуметтік желіден кездейсоқ көзі шалып қалған жесір келіншек соңғы үмітін үкілеп, қордың парақшасына хат жолдайды. Қайырымдылық ұйымы көңілі жабырқау жанның мұңын жауапсыз қалдырған жоқ.
Жалағаштық Медетбаевтар отбасы денсаулығында аз-кем кінәрат болғаннан ба, қоғамның күллі игілігінен қалыс қалғандай, дәрменсіздеу күн кешіп келген болатын. Тұрақты жұмысы, қомақты қаражаты жоқ отағасы мен жүдеу көңілді ұл-қызының да еңсесі түсіңкі еді. «Хикмет» қорының арқасында Қызылорда қаласының батыс ауданынан үш бөлмелі пәтерге қол жеткізген олар Тәңірге тәубесін айтып, толқыныстарын жасыра алмайды.
Қайырымдылық қоры бүгін де әлеуметтік жағынан аз қамтылған 40 отбасыға азық-түлік пакеттерін үлестірді. Бұл – көп жұмыстың бір бөлігі ғана. Алда бұдан да ауқымды әрі айқын мақсат күтіп тұр.
Толқын ҚАБЫЛША,
журналист.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<