Келісім өзеннен көрінсе игі

478

0

Сонымен, келер жылдың сәуіріне дейін «Шардара» су қоймасына 11,1 текше шақырым су түседі деген уағдаластық жасалып отыр. «Шардара» толысса төменгі ағыстағы дарияның күйі де оңалары рас. Мұның біздің облыс үшін маңызы зор. Аталған мәміле Ташкентте өткен Мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясының 85-ші отырысында мақұлданған. ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов көрші елдермен осындай келісімге келді, деген ақпарат таратты Kazinform агенттігі.

«Екі күн бойы Ташкент қаласында Мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясының отырысы өтті. Күн тәртібінде төрт мәселе қаралды: 2022-2023 жылдардағы вегетациялық кезең қорытындысын шығару, 2023-2024 жылдарға арналған біздің болжам, 2018 жылы Түрікменбашы қаласында және биыл Душанбеде өткен Арал теңізін қорғау бойынша мемлекет басшылары берген тапсырмалардың орындалу барысы талқыланды. Біз бүкіл аймақ үшін өте маңызды мәселелердің тиімді шешімін табу үшін талқылау жасадық. Атап айтқанда, Сырдария мен Әмудария өзендерінен су алу көлемі бойынша келісімге келдік. Бұл мәселеде біз күш-жігерімізді жұмыла кіріскенде ғана Орталық Азияда су ресурстарын ұтымды пайдалану мен үнемдеуді қамтамасыз ете аламыз», – деді Нұржан Нұржігітов отырыстан кейін Өзбекстандағы қазақстандық меншікті тілшілердің сауалына жауап бере отырып.

Сондай-ақ, сәуір айына дейін «Достық» мемлекетаралық каналы бойынша да 487 млн текше метр су алу жоспарланған көрінеді. «Бұл Түркістан және Қызылорда облыстарында 2024 жылдың вегетациялық кезеңіне қажетті су көлемін жинақтауға, сонымен қатар Арал теңізіне 1,6 млрд текше метр су жіберуге мүмкіндік береді» деп көрсетілген ақпаратта.

Бұл ретте Мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясының мүшелері «Сырдария» өзені бассейніндегі су қоймалары каскадының жұмысына мониторинг жүргізу және болжамнан ауытқу анықталған жағдайда Қазақстан, Тәжікстан және Өзбекстан тараптарын дереу хабардар ету жөнінде тапсырма берді.

Айтқандай, енді осы комиссияның отырысы жылына 2 емес, 4 рет өтпек. Келесі жиын Астана қаласында ұйымдастырылады.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<