Кеселдің беті қайта ма?

593

0

Денсаулық сақтау министрлігінің 1 қарашадағы мәліметі бойынша, елде коронавирусқа қарсы вакцинаның I компонентімен 8 300 105 адам егілді, II компонентті 7 500328 адам салдырды. Өңірлер арасында коронавирусқа қарсы толық егілгендер бойынша Алматы қаласы алдыңғы орында тұр (940 372 адам). Одан кейін Түркістан облысы (882 551), Шығыс Қазақстан облысы (786 646), Алматы облысы (733 491), Шымкент қаласы (515 772) және Қарағанды облысы (503 664) орналасқан.

Ал әлемде коронавирусқа қарсы вакциналанғандар, нақтырақ айтқанда, COVID-19-ға қарсы вакциналардың 7,001 млрд дозасы салынған. Бүтін ғаламшарда вакцинаның толық курсынан қанша адам өткенін анықтау әлі де мүмкін емес. Өйткені көптеген ел тек коронавирус  вакциналарының сертификатталған дозаларының саны мен жасалған екпелердің саны туралы ғана хабарлайды.

БАӘ мен Мальтада тұрғындардың 90%-тен астамы екпе салдырған. Португалия, Куба, Чили, Исландия, Камбоджа, Катар, Испания, Сингапур, Бруней және Оңтүстік Корея сияқты мемлекеттерде халықтың 80%-тен астамы кемінде бір компонентпен егілген. Ал Ресейде коронавируспен күрес жөніндегі федералды жедел штабтың мәліметтері бойынша 50,9 миллионнан астам адам вакциналаудың толық курсынан өткен, ал алғашқы компонентін 56,8 миллион адам салдырған.

Ел өңірлеріндегі эпидемиологиялық ахуалды бағалау матрицасына тоқталсақ, «қызыл аймақта» Қостанай, Павлодар, Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстары орналасқан. «Сары аймақта» Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары, Ақтөбе, Қарағанды, Қызылорда, Шығыс Қазақстан облыстары тұрса, Шымкент қаласы, Атырау, Алматы, Батыс Қазақстан, Түркістан, Жамбыл, Маңғыстау облыстары «жасыл аймаққа» енген.

Ал әлемде COVID-19 вирусын жұқтыру және өлім саны соңғы екі айда алғаш рет тағы артып, пандемияның әлі де жалғасатынын көрсетіп отыр. Бұл туралы Женевада өткен брифинг кезінде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының басшысы Тедрос Аданом Гебрейесус мәлім етті. Ұйым басшысының айтуынша, пандемияның беті қайтпауына негізінен онымен күрес құралдарына қолжетімділік әркелкілігі себепші болып отыр. Бұл мұқтаждық үшін ДДҰ-ға 23 млрд доллардан астам қаражат қажет.

«Бүгінде біз COVID-19 вирусымен күрес жүргізуді жоспарлау үшін жаңа бюджетті жариялап отырмыз. Елдерге вируспен күрес жүргізу жолында үлкен мақсаттарға қол жеткізіп, қажетті құралдар ұсыну үшін алдағы 12 айда 23,4 млрд доллар қаражат керек. Бұл бастаманы толық қаржыландыру – ДДҰ стратегиясының, даярлық жоспарының, пандемияны бақылауға алу бойынша қамтитын жоспарымыздың маңызды бөлігі», – деп атап өтті Т.Гебрейесус.

Кейінгі екі айда қауіпті инфекцияға шалдыққандар мен қайтыс болғандар саны біршама артқан. Ұйым басшысының айтуынша, инфекциямен күрес құралдары әлі күнге дейін әділ бөлінбей келеді. Соның салдарынан індетті жеңу мүмкін болмай тұр. Бүгінде әлемде 245 миллиондай адам ауру жұқтырған, 5 миллионға жуығы қайтыс болған.

Ұйымның Еуропалық бюросының басшысы Ганс Клюге былтырғы шектеулерден миллиондаған бала психикалық және әлеуметтік тұрғыдан зиян шеккенін айтады. Ол биылғы қыста өткен қателіктерді қайталамауымыз керек деп қазірден ескертіп жатыр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы індет қатты таралғанның өзінде мектептерді жапқанның орнына, арақашықтық ұстану, қолды жиі жуу, маска тағу, сыныптарды желдету сияқты санитарлық талаптарды сақтау анағұрлым пайдалы деп есептейді.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<