Өткен аптада ғарышты игеруде тағы бір ғаламат қадам жасалды. НАСА ұшырған «Персеверанс» ровері Марс планетасының бетіне қонды. Роботтың міндеті – «Қызылжұлдыз» бетінен тіршілік көзін іздеу.
Персеверанс алдағы уақытта «Езеро» кратерінің маңында басты миссиясын орындауға кіріседі. Ғалымдардың пайымдауынша, 3-4 миллиард жыл бұрын қызыл планетада су болған. Ал судың тіршілік нәрі екені белгілі. Ендеше, сол кезеңде Марста қандай да бір тірі организм өмір сүруі мүмкін. Ровер кратердің маңайында тіршілік көздерінің қалдықтарын іздеп көреді.
Марстың бетіне Персеверанстың қалай қонғанына бүкіл әлем алаңдады десек артық айтқандық емес. Мұның бірнеше себебі бар. Қызыл планетаның атмосферасы тығыз газдардан құралған. Кез келген ғарыштан келген зат қысымға ұшырайды. Сондықтан Марсқа қону өте қиын. Мәселен, ол жаққа жіберілген аппараттардың жартысынан көбі сәтсіздікке ұшыраған болатын. Бұл – біріншіден.
Екіншіден, ғарыш кемесі планетаның орбитасына енгеннен кейін орасан зор шапшаңдықпен ұшатыны белгілі. Оны Марстың бетіне баяу қондыру үшін жылдамдығын бәсеңдету қажет. Бұл да оңай шаруа емес. Ғалымдардың тиісті есептеулерінің дәл шыққаны нәтижесінде Персеверанс 7 минут ішінде секундына 20 мың шақырым жылдамдықты бәсеңдетіп, планета бетіне аман-есен қонды.
Үшіншіден, Марс пен Жердің арасы өте алыс. Аппарат былтыр жазда Канавералдағы ғарыш айлағынан аспан әлеміне аттандырылды. Оны ғарышқа «Атлас-5» зымыраны шығарды. Жарты жыл ішінде кеме 500 миллион шақырым қашықтықты ұшып өтті. Бұл – Жер мен Марс арасындағы ең жақын қашықтық. Соның өзінде ровердің НАСА-ға жіберген сигналдары Жерге 10 минуттан кейін келіп жетеді. Демек, аппаратты тікелей режімде басқару мүмкін емес.
Планеталар орбитасын айналу кезінде бірі Күннің мына бетіне, екіншісі келесі бетіне шыққанда, арақашықтық алшақтай түседі. Мұндай жағдайда ровердің жіберген сигналдары бізге қанша уақыттан кейін жететінін есептей беріңіз!
Төртіншіден, Марсқа «сәлемдеме» жіберу мына тұрған Айға барып-келу емес. Кейінгі жылдары Илон Маск секілді бірқатар филантроптар қызыл планетаны игеруге ынталы екенін ашық айтып жүр. Олар өз жоспарына белсене кіріскенін ескерсек, онда аттанған кез келген аппараттың Марсты зерттеуі құнды мәліметке айналады.
Қону операциясы сәтті аяқталғаннан кейін НАСА бірнеше фотосурет жариялады. Онда Персеверанстың Марс бетіне қону сәті, қонғаннан кейін ровердің өзі түсірген фотосы, сондай-ақ планетаның бейнесі көрсетілген. НАСА алдағы уақытта қону сәтінің толық видеосын жариялауға уәде етті.
Персеверанстың бірқатар ерекшелігі бар. Аппарат Terrain-Relative деп аталатын жаңа навигациялық жүйемен жабдықталған. Соған сәйкес, ол жер бедерін дәл анықтайды. Бұдан бөлек, камера, автоматтандырылған «қол», бұрғы және лазер орнатылған. Жаңадан сенсор мен сараптама жасайтын аспаптар да салынған.
Айтпақшы, роверде Ingenuity деп аталатын шағын тікұшақ бар. Оның салмағы небәрі 2 килограмм ғана. Жоспар бойынша, Ingenuity кратердің бетін айналып бірнеше рет ұшып шықпақ. Әзірге тікұшақтың миссиясы қаншалықты сәтті өтетіні белгісіз. Өйткені Езеро кратерінің маңында температура түнге таман -90 градусқа дейін төмендеп кетеді. Ауаның осыншалықты салқындауы Ingenuity-дің ұшуына кедергі келтіруі ықтимал.
НАСА ғалымдарының пайымдауынша, Езеро кратерінің маңында кепкен көл орналасқан. Сондай-ақ көлге үлкен өзен де құйып тұрған деген болжам бар. Персеверанс осы маңда бұрғылау, қазу жұмыстарын жүргізеді.
Ғалымдардың жоспарына сүйенсек, осындай топырақтардың арасында молекулалар сақталып қалуы мүмкін. Сондықтан аппарат өзен мен көлдің табанындағы топырақтарды жинайды. Сөйтіп, оларды арнайы контейнерлерге салып, қалдырып кетпек. Оларды басқа бір аппарат жерге жеткізеді. Әзірге ол ровер аспан әлеміне аттанған жоқ.
Кейінгі жылдары Марсты игеруге қызығушылық қайта ояна бастады. Бұл сөзімізге осы айда қызыл планетаға жеткен үш «сәлемдеме» дәлел. Бұған дейін планетаның орбитасына Біріккен Араб Әмірліктері мен Қытайдың ғарыш кемелері ұшып жеткен-тұғын. Үш аппарат та Жерден 2020 жылдың шілдесінде аттанды. БАӘ-нің спутнигі Марстың атмосферасына кірмей, айнала ұшып жүріп зерттеу жасамақ. Ал Қытайдың Тяньвэнь-1 аппараты планетаның бетіне қонуы тиіс. Ол 2021 жылдың 10 ақпанында Марс орбитасына енді. Мамыр айында қону сатысы роверді Марстың Утопия жазығына жеткізеді деп жоспарланған.
Жалпы, қызыл планета адамзатты баяғыдан қызықтырып келеді. Тихо Браге мен Иоганн Кеплер XVII ғасырда Марсқа бақылау жүргізіп, Күн жүйесіндегі планеталардың қозғалу заңын анықтады. Марстың физикалық қасиеттері телескоп жасалғаннан кейін зерттеле бастады. Қазақтар да планетаның жылына екі мәрте аспаннан жарық әрі қызғылт болып көрінетінін ескеріп, оны «Қызылжұлдыз» деп атаған.
Өткен ғасырда Марсты зерттеудің жаңа кезеңі басталды. КСРО мен АҚШ ғарышты игеруге бел шеше кірісіп, Марсқа планетааралық автомат стансаларын жіберді. Планета орбитасына жеткен аппараттар өз міндетін сәтті атқарғанмен, бетіне қону қиын шаруаға айналған-ды. 1972 жылы «Марс-3» стансасы тұңғыш рет планетаға қонды. Дегенмен, бұл миссия сәтсіз аяқталды. Жерге мәлімет жіберуді бастаған аппарат 15 секундтан кейін істен шығып қалды.
1997 жылы НАСА-ның Sojourner ровері Марстың бетіне сәтті қонған-ды. Алайда аппарат 100 метр жүргеннен кейін онымен байланыс үзіліп қалды. «Спирит» стансасы – 2004 жылы планетаға аман-есен қонып, миссиясын сәтті орындаған алғашқы аппарат. Ровер 6 жыл ішінде шамамен 8 шақырымға дейінгі қашықтықты жүріп өтті. 2010 жылы «Спириттің» дөңгелектері құмға тығылып қалды. Сөйтіп, онымен де байланыс тоқтады.
Марсқа 2004 жылы тағы бір аппарат – Opportunity ұшып жетті. Ровер бақандай 15 жыл бойы адал қызмет етіп, 45 шақырым қашықтықты жүріп өтті. Бұл миссия өз жұмысын жалғастыра берер ме еді, кім білсін. 2018 жылы Марста бірнеше күнге созылған құмды дауыл тұрып, күн көзін көлегейлеп тастады. Осылайша, Opportunity-дің күннен қуат алатын батареялары істен шықты. НАСА қанша талпынғанымен, аппаратты қайта «тірілте» алған жоқ.
2011 жылы Марсқа Curiosity ровері жіберіліп, 2012 жылы қонған-ды. Қазіргі таңда аппарат әлі жұмыс істеп тұр. Curiosity бүгінге дейін қызыл планета туралы құнды деректер жіберіп келеді. Сондай-ақ осы ровердің көмегімен Марстың бетін жоғары сапада суретке түсіруге мүмкіндік туды.
Жоғарыда Персеверанстың басты миссиясы тіршілік көзін іздеу екенін айттық. Бұдан бөлек, аппарат Марстың атмосферасынан оттегіні бөліп алу тәсілдерін зерттеп көрмек. Мұндай қосымша міндетті жүктеуге қызыл планетаға қоныс аудару жоспары әсер етіп отыр. Өйткені онда адамның өмір сүруіне қажетті ауаны жерден тасығаннан, сол жақтан бөліп алған тиімді болмақ.
Ғалымдардың бұл тәжірибені жүзеге асыруға кірісуі бекер емес. Илон Маск Марсты игеру жөнінде мәлімдеді. Тіпті бұл бағыттағы жұмысты да бастап кеткені мәлім. Масктың жоспары бойынша, SpaceX компаниясы 2024 жылы бір не екі ғарышкерді қызыл планетаға үкілеп аттандырмақшы. Олар 2025 жылы межелі жерге жетуі тиіс. Жоспарға сүйенсек, ғарышкерлер Марстағы тұңғыш базаның іргетасын қалауға кіріспек.
Өкінішке қарай, Марсты игеру қиын мақсатқа айналатыны сөзсіз. Марсқа жету үшін кемі 225 миллион шақырым жол жүруі керек. Мұндай қашықтыққа екінің бірі төзе бермейді. Әрі осыншалық алыс жолды жалғыз ұшып өту кез келген ғарышкерге оңай емес. Оның үстіне, ашық кеңістіктегі радиация да үлкен қауіп төндіреді. Бұдан бөлек, қызыл планетаның қаһарлы суығы мен қолайсыз ауа райына да бейімделу қиын.
Қорыта айтқанда, Марсты игеру – болашақтың еншісіндегі шаруа. Ғарыш саласындағы технология жаңарып, жаңа тәсілдер табылмайынша, онда адам жеткізу мүмкін емес. Әзірге қызыл планетаға қоныс аудару қиял болып тұр.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<