Токио – Жапонияның астанасы. Әкімшілік, қаржылық, мәдени һәм өндірістік орталығы. Хонсю аралының оңтүстік-шығыс бөлігіндегі әйгілі қалада 12,5 миллионнан астам адам бар.
Қазір әлем жұртшылығы жапон жұртының бас шаһары Токионы ғылым мен білім қарыштап дамыған өркениет ордасы ретінде жоғары бағалайды. Айтса айтқандай, қала іргесі қаланған алғашқы күннен-ақ жергілікті халықтың мақтан тұтар қасиетті мекеніне айналды. Деректерге тағы бір мәрте көз салып көрсек, аталған қаланың тасқа басылған тарихы 1457 жылы Эдо қорғаны ретінде бастау алғанын аңғарамыз. Бұл сөз қазақ тілінде саға деген мағынаны білдіреді екен. 1868 жылы Мейжи жаңғыруы кезінде қала «Tōkei» (Төкей) деп аталған. Ол жапонша шығыс астана (Tōkyō: tō (шығыс) + kyō (астана) дегенге саяды.
Токио – Жапонияның халық ең тығыз орналасқан аймағы. Токио сондай-ақ, әлем елордалары ішінде ең жоғары жалпы ішкі өнім (ЖІӨ) шығаратын қала. Нью-Йорк, Лондон секілді алпауыт қаржылық орталықтарымен емін-еркін үзеңгі қағыстырады. Экономикалық тұрғыдан әлемнің маңдай алдында келетін елдің астанасында өтіп жатқан Жазғы Олимпиада қазір жұмыр жердегі жанкүйер қауымының кірпік қақпастан тамашалайтын беделді бәсекесіне айналып отыр. Төрткүл дүниенің әр қиырынан келген саңлақтар айтулы аламанның абыройын арттыра түсті. Күнбе-күн сайыстың бірнеше түрінен жүлделер сарапқа салынуда. Бағы мен бабы келіскен жеңімпаздар тұғырдан көрініп, өзіне тілеулес елдің мерейін тасытып отыр.
Халықаралық Олимпиада комитетінің 2013 жылдың 7 қыркүйегінде Аргентина астанасы Буэнос-Айрес қаласында өткен жиынында 2020 жылғы Жазғы Олимпиада Токиода өтетіні жарияланды. Оған қарсылас болған Испанияның Мадрид, Түркияның Стамбул қалалары осылайша соңғы сәтте жеңіліс тапты.
Дүние жүзін дүрбелеңге салған қатерлі індет салдарынан сақтық шараларына байланысты былтырғы жылдың 30 наурызында дүбірлі доданы бір жылға кейінге шегеру туралы шешім қабылданды.
Айта кетерлігі, бұдан бұрын да Токиода өткізілуі жоспарланған Олимпиадаға байланысты келеңсіз жағдайлар кездескен екен. 1938 жылы екінші жапон-қытай соғысына байланысты оны Финляндияның Хельсинки қаласына ауыстыру туралы шешім қабылданды. Екінші дүниежүзілік соғыс басталғаннан кейін ұйымдастырушылар дүбірлі дода белгіленген уақытында мүлдем өткізілмейтіні жөнінде ұйғарымға келді. Ал 1964 жылы Токиода XVIII Жазғы Олимпиаданың алауы жағылып, онда әлемнің көптеген елінен спортшылар бақ сынады.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<