«Жақсылық көрсем – өзімнен, жамандық көрсем – өзімнен»

2024

0

Күллі әлемді тұтастай алғанда бүгінде жаһандық оқиғалардың сипаты мен мазмұны жылдам өзгеріп, оның қым-қуыт, шым-шытырық, кейде адам санасы қорытуға келмейтін деңгейде ауытқып жатқаны қайран қалдырады. Күні кеше бірнеше жүздеген жылдық тарихы бар АҚШ демократиясы сыр берді.

Президент сайлауының нә­ти­желеріне наразылар тобы Америка демократиясы үшін қастерлі саналатын Капитолия ғимаратына басып кіріп ойран салды. Оның алдында «әлемде демократия атау­лының ізгілігін біз орнаттық» деп жарияға жар салып жүрген Францияда «жасыл жейделілер» барлығын жиып қойып бір жылға жуық ғимараттарды, автокөліктерді, бизнес нысандарын өртеп, билікті әбден састырды.

Соңғы уақытта мұндай сипаттағы оқиғаларды бірқатар елдер мысалынан көптеп келтіруге болады. Әлемде бүгінгі басқару жүйесі үшін демократия қаншалықты қажет деген сауал туындай бастады. Батыстың ағылшын-саксондық демократиясы, ол құрған институттардың келешегі бұлыңғыр тартатын сыңайлы. Бұл біздің ғана пікіріміз емес, әлемнің озық ойлы деген саясаткерлерінің тұжырымы. Өзіміз мақтаған сол демократия сыр бере бастады. Неліктен? Бәлкім, біз өткен-кеткенге дендеп ой жүгіртіп, салмақты бағалай білмегенімізден шығар деп ойлаймын. Әйтпесе…

Иә, бүгінгі әлем күрделі. Біздің пайымдауымызша, оның осынау күрделі сипаты таяу мерзімде саябырситын сыңайы және байқалмайды. Оған әрі екпіні басыла қоймаған пандемия қасіретін қосыңыз. Осынау күрделі кезеңде Қазақстанда үлкен саяси науқан өтті. Қазір әлеуметтік желілерде тыным жоқ, сан алуан пікірлердің тасқыны әзір толастамайтыны байқалады.

Сайлаудың қорытындысы бойынша Парламент Мәжілісінде «Nur Otan» партиясы – 76, «Ақжол» партиясы – 12 және «Қазақстан халық партиясы» 7 проценттік межені еңсеріп, осыған сәйкес тиісті мандаттарға ие болды. Мәжілістің құрамы едәуір жаңарды, өкілетті билікке жастар, әртүрлі мамандықтарды қамтитын халық қалаулылары келді. Сонымен бірге барлық өңірлерде жергілікті мәслихаттардың сайлауы өткізіліп, олардың да құрамы жаңарды.

15 қаңтарда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев VII шақырылымдағы Парламенттің бірінші сессиясының ашылуына қатысып сөз сөйледі. Президент жаңа құрамдағы Мәжіліс депутаттарына табыс тіледі. Өткен шақырылымдағы халық қалауларына ойдағыдай қызмет атқарғаны үшін ризашылығын білдіріп, бес жылға жуық уақытта парламентте 410 заң қабылданғанын, депутаттардың 60-қа жуық заң жобасын дайындағанын атап көрсетті.

Президент құрамы жа­ңарған жаңа Мәжілістің қызметке кірісуі ел тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойы қарсаңында болғанын мәлімдеді. Президент тәуелсіздіктің 30 жылдығында кешенді реформалар жүргізілетінін, барлық күш-жігерімізді тиімді мемлекет пен әділетті қоғам құруға жұмылдыруымыз қажет екенін басым бағыт ретінде айтты. Басты басымдықты халықтың тұрмыс сапасын жақсартып, арттыруға тіреді. Жұрт жасанды жетістіктерді емес, көзбен көріп, қолмен ұстайтын нақты нәтижені күтеді. Халық экономикалық және әлеуметтік бағдарламалардың жемісті болғанын қалайды.

Мемлекет басшысы әділ атап өткеніндей, кейбір партиялардың Мәжіліс пен мәслихаттарға өтуіне сәл ғана дауыс жетпей қалғанын, осындай партиялардың өкілдері Парламентке өтсе, ондағы пікірталасты қыздыра түсер еді, бұл ортақ жұмысқа тиімді болар еді деген өзінің шынайы демократия­ға деген ұстанымын тағы да сездірді. Бұл орайда саяси партиялардың Мәжіліске өту шегін 7-ден 5%-ке төмендету қажеттігін атады.

Президент бұл орайда әділдікке барынша жақын болу қажеттігін тағы бір ескерткен сыңайлы. Дұрысын айтқанда, дала демократиясы қазақта бұрыннан бар, біз «бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» деген елдің ұрпағы екенімізді ұмытпайық дегіміз келеді.

ХХ ғасырдың басында Сұлтанмахмұт Торайғыров:

«Жақсылық көрсем – өзімнен,

Жамандық көрсем – өзімнен,

Тағдыр қылды дегенді

Шығарамын сөзімнен» дегенді неге айтты?

Жарыс, бәсеке болған соң өмірде жеңіс пен жеңілістің қатар жүруі заңдылық. Әрдайым солай болған және осылай бола беретіні де шындық. 

Иә, демократия жолы оңай емес, ол бірыңғай пікірталастан туындамайды, кейде ол төзімділікті, орынсыз сөздерге мәдениетті тойтарыс бере білу қасиетін меңгеруді талап етеді. Ал біз бүгінде демократияның осы талаптарына, мәдени сөз таластыруға, біреудің пікіріне төзімділікпен қарауға қаншалықты дайынбыз? Әлбетте, әзірге бұл сауалдың жауабы біршама бұлыңғыр ойларға жетелейтінін жасырғымыз келмейді.

Британ парламентіндегі тау­сылмайтын айтыс-тартыстың бірінде бір әйел депутат Черчилльге: «Мен сіздің әйеліңіз болсам, кофеңізге у салып жіберер едім» депті. Сонда ­Черчилль көп ойланбастан сабырлы жүзбен: «Егер сіз менің әйелім болсаңыз, сол уды ойланбастан іше салар едім» депті. Ешкімнің намысына тимей, мұндай керемет жауап қайтару тек ұлы адамдардың қолынан келеді. Біз кейде бәзбіреулерді үндемегені үшін кінәлап, жұртты өлермендікпен өзіне қаратқаны үшін «белсенді», кейде «батыр» ғой деп жатамыз. Ал, шындығында, үлкен мінберде айтылғандардың барлығы саф алтын емес, оның шын байыбына білімділер мен парасаты жоғарылар ғана баға бере алады.

Үлкен саясатта үндемей қалудың өзі де өнер, айтылған сөздің астарын барлығы бірдей түсіне бермейді. Мұндайды «Үндемесем, өзіме-өзім төремін, үндесем, өзіме сөзім төре» депті ертеректе бір ақылгөй.

Парламент Мәжілісі төрағасының бір орынбасарлығына Сыр бойынан сайланған Бала­йым Кесебаеваның бекітілуі – біз үшін мәртебе. Ал жаңа құрамның бүгінгі күннің өзекті мәселелеріне қатысты қабылдайтын заң нормалары бұрынғыдан көп болмаса, аз емес. Президент білім беру саласын реформалау, әртүрлі әлеуметтік топтар мен аймақтар арасындағы білім беру сапасындағы айырмашылықты азайту, құқықтық мемлекетті дамыту, инфрақұрылымды дамыту, жаңа стандарттарға сәйкес 3500-ден астам ауылды жаңғырту мәселесін алға тартып отыр. Бұл халықты ішкі миг­рацияның қалаға қарай ауысу тенденциясына тосқауыл қою­ды көздейді. Жергілікті өзін-өзі басқару мәселесі де осы жаңғыртумен тікелей байланыс­ты. Президент қоғамдағы барлық өзекті мәселелер ең алдымен Парламентте талқылануға тиіс екенін атап көрсетті. Сапалы заңдар қабылдау ең өзекті мәселе болып табылады. Президенттің ойынша, баламалы пікір және бәріне қарсы дауыс беру ұғымы біз үшін де қалыпты нәрсеге айналу керек.

Сол күні облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың қатысуымен VII шақырылған Қызылорда облыстық мәслихатының бірінші сессиясы өтті. Тиісті қаулыға сәйкес облыстық мәслихаттың 33 депутаты тіркелді. Оның ішінде «Nur Otan» партиясының партиялық тізімі бойынша – 27, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясынан – 3, «Ақ Жол» Қазақстан демократия­лық партиясынан – 3 депутат тіркелген. Жаңа құрамдағы 8 депутат – нәзік жандылар өкілдері. Депутаттардың орташа жасы – 52. Ең жас депутат 27-де болса, ең үлкені 64 жаста. Бұл орайда облыстық мәслихат өкілдерінің қатарында 3 бірдей әріптесіміздің болуы өкілетті билік қызметінің мазмұнын арттыра түседі деп ойлаймын.

Бүгінде сарапшылар тарапынан елді басқару тәсілі қандай болу керек деген ­сауал төңірегінде пікірталас көп. Сол сарапшылардың бірқатары мемлекет басқарудың тиімді тәсілі ретінде Парламенттік жүйені ұсынады. Бұл, олардың пікірінше, сыбайлас жемқорлықтың жолына тосқауыл болар еді дейді. Қоғамның жегі құртына айналған осы келеңсіздік төңірегінде, әсіресе, айналымдағы қаржының ұрлануы туралы кейде астрономия­лық цифрлар айтылады. Соншама қаржы бақылау­дан тыс көлеңкелі айналымда жүр дегенге сену, әлбетте, қиын, бірақ аталған құбылыстың қаншалықты қауіпті екенін аңғаруға болады. Бірақ Президент өзі бастамашы болып, коррупция­ға қарсы  күрес қазір табандылықпен жүргізіліп жатқан сындарлы сәтте біздің мемлекет басқарудың бүгінгі жүйесін өзгертуге талпыныс жасауымызға ерте деп ойлаймын. Әлемнің барлық түкпірінде орталықтандырылған басқару жүйесі қазір барынша тиімділігін көрсетуде. Оған қазақстандық басқару тәсілі де жарқын мысал бола алады.

Сонымен, еліміз дамудың жаңа бір белесіне қадам басты. Көп уақыт өтпей оның оңды нәтижелерге жеткізетініне се­нім­діміз.

Жолдасбек АҚСАҚАЛОВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<