«Алтын дән» мерекесінде 27 номинация бойынша 52 еңбек озаттары марапатталады. Асыраушы салада еңбек етіп жүрген жандарға ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің 10 «Құрмет грамотасы», 4 «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төс белгісі, 3 «Еңбек ардагері» медалі және ауылшаруашылығы кәсіподағы қоғамдық бірлестігінің 8 «Еңбек даңқы» төс белгісі табысталады.
– Қазіргі таңда Қызылорда қаласы мен аудандардан марапатталатын озаттар туралы мәліметтері жинақталып, «Алтын дән – 2020» шарасы аясында ауыл шаруашылығы өндірісінің озаттарын анықтайтын облыстық комиссияның қарауына ұсынылуда. Айта кетейік, «Алтын дән» мерекесі барлық карантиндік талаптар сақталып, 28 қазан күні облыстық мекемелер үйінде өткізіледі. Шараға шаруашылықтар онлайн режимде қатысады, – деді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Шахмардан Қойшыбаев.
Биыл облыс бойынша 184,2 мың гектарға егіс егілді. Су тапшылығына қарамастан күріштен барлығы 551 мың тоннадан астам өнім жиналды. Гектарынан орта есеппен 61 центнерден жоғары өнім алынды.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<