14 желтоқсанда сағат 23.30-да Атбасар аудандық полиция бөлімшесінің кезекші бөліміне жедел жәрдем диспетчерінен хабарлама түскен. Ол Екатеринбург – Алматы тасжолында, Атбасардан 20 шақырым жерде жол апаты болғанын айтқан.
«Алдын ала мәлімет бойынша, DAF автокөлігінің жүргізушісі, Орал қаласының тұрғыны рөлге ие бола алмай, жолдың қарсы бетіне шығып кетіп, ВАЗ-21214 автокөлігімен соқтығысқан. Бұл көлікті Державинск қаласының 51 жастағы тұрғыны жүргізіп келе жатқан», – деп хабарлады Ақмола облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
ВАЗ-21214 жүргізушісі оқиға болған жерде алған жарақатынан қайтыс болды. Ол – Тарасов ауылдық округінің әкімі Мирасхан Мұратов.
Қылмыстық кодекстің 345-бабы 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Бұл бап бес жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын қарастырады.
Сараптама тағайындалды. DAF автокөлігінің жүргізушісі уақытша ұстау абақтысына жабылды. Тергеу жалғасып жатыр.
Спутник.кз
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<