Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова «Транстелеком» АҚ «Қызылордатранстелеком» филиалының ақпарат жинау және сақтау орталығының (Data center) ашылу рәсіміне қатысты.
Облыс басшысы шараға қатысушыларды келе жатқан Конституция күнімен құттықтап, ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында заманауи ақпараттық орталықтың пайдалануға берілуінің маңызы зор екенін атап өтті.
– Ақпараттық технологиялар қарқынды дамыған шақта кез келген мемлекеттің тұрақтылығы экономикасына және цифрлық дамуына байланысты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында «Цифрландыру – ұлттың бәсекеге қабілеттілігін арттырудың негізгі құралы. Қазір адамдар емес, мәліметтер «зыр жүгіруге» тиіс. Деректермен жұмыс істеуді жаңа деңгейге көтеру керек. Мәліметтер базасының бірыңғай жүйесімен қамтамасыз ету және оны әрі қарай дамыту – Үкіметтің басты міндетінің бірі» деп осы саладағы нақты бағытты айқындап берген болатын, – деді аймақ басшысы.
Сондай-ақ, облыс әкімі мемлекеттік әріптестік аясында бұл орталық әкімшілік нысандары деректерінің үздіксіз жұмыс жасауына зор ықпал ететінін, бизнес өкілдері үшін де жаңа мүмкіндіктер ашылатынын жеткізді.
Өз кезегінде «Транстелеком» АҚ басқарма төрағасы Елнар Адайбеков аймақ басшысына қолдау көрсеткені үшін алғысын білдіріп, орталықтың мүмкіндіктері мен инфрақұрылымын таныстырды. Орталықты пайдалануға беру арқылы аймақта икемді ІТ-инфрақұрылымдарды құру бойынша инновациялық шешімдерді ұйымдастырудың жаңа деңгейіне көшуге болады.
DATA орталық «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Транстелеком» акционерлік қоғамы арқылы жүзеге асты. Жоба құны – 6 млрд теңге. Орталықтың жалпы аумағы 1,4 гектар, құрылысы 2020 жылы басталып, барлық жабдықты пайдалануға беруді қоса алғанда, 10 айда іске асырылып отыр. Нысанда 45 жаңа жұмыс орны ашылған.
Мұндағы негізгі қызмет түрі – тапсырыс беруші серверінің жұмысына байланыс арналарын көпдеңгейлі резервтеу, үздіксіз қуаттауды қамтамасыз ету және қажетті климаттық параметрлерді ұйымдастыру арқылы қолдау көрсету мақсатында клиенттік серверлерді «Транстелеком» АҚ арнайы алаңдарына орналастыру.
Айта кетейік, Деректерді өңдеу орталығының Қызылорда облысынан бөлек, көршілес Түркістан, Жамбыл облыстары мен Шымкент қаласына да техникалық қызмет көрсету мүмкіндігі бар.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<