Арал ауданы: Атқарылатын жұмыс ауқымы кең

2477

2

Кеше облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың солтүстік аудандарға жұмыс сапары басталды. Алдымен Арал ауданында облыс басшысымен бірге Қазақстан Республикасының Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев «Көкарал» бөгетінің жұмысымен танысып, «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау» жобасының ІІ фазасын іске асыру мәселесін талқылады.

– Өздеріңіз білесіздер 2005 жылы «Көкарал» бөгеті са­лынды. Дегенмен, оның қазір біраз мәселелері бар. Бір жағын су шайып жатыр. Сон­дық­тан бөгеттің жұмысын қа­лыпқа келтіріп, қуаттылығын арттыруы­мыз қажет. Биыл министрлік тарапынан жоба­лық-сметалық құжаттарын әзір­леуге қажетті қаражат бөлінді, жоба дайын болғаннан кейін құрылыс жұмыстарын бастаймыз, – деді министр.

Сондай-ақ, Экология, геология және табиғи ресурстар министрі САРАТС-2 жобасына да тоқталды.

– Нақты қабылданатын шараларды анықтадық. Енді тиісті жұмыстарды атқаратын боламыз. Бұл жобаның маңыз­дылығы –  Көкарал бөгетіне ке­летін суды жинақтау. Сон­дай-ақ, екінші фазада су кө­лемі көбейіп, сәйкесінше балық шаруашылығы да дамиды. Бүгінгі күні республика көлемінде су қоймаларының жағдайына зерттеу жұмыстары жүргізілуде. Соған сәйкес, әр аймақтан нақты ұсыныстар берілу керек, – деді Мағзұм Мырзағалиев.

Арал ауданы: Атқарылатын жұмыс ауқымы кең

«Көкарал» бөгетінің арқа­сын­да бүгінде балық аулау көлемі 0,4 мың тоннадан 6 мың тоннаға дейін артқан және су маржанының жергілікті түрлері оның ішінде бекіре тұқымдас балықтарды өсіруге қолайлы жағдай жасалған. Сондай-ақ, теңіздегі судың көлемі 15,6 млн текше метрден 27,1 млн текше метрге дейін ұлғайған.      

Арал ауданындағы негізгі кәсіптің бірі балық шаруа­шылығы. Министр мен облыс әкімі «Арал сервистік дайындау орталығы» ЖШС және «Арал» балық өңдеу зауытында болып, жұмысымен таныс­ты. Қазір теңіздің белгіленген бір аумағына шығуға әрқайсы­сында екі балықшысы бар 20 қайыққа ғана рұқсат етілген. Балықшылар министрге жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтамасыз ету үшін қойылған лимитті ұлғайту туралы өтініш білдірді. Мағзұм Мырзағалиев балықшыларға бұл мәселені қарастыруға уәде берді.

– Біздің зауыт бұрынғы «Аралрыбпромның» ізімен 2009 жылы құрылған. 2010 жылы алғашқы өнімі шығып, соңғы он жыл ішінде өнім көлемі 17 есеге артты. Теңіздегі 5 участок, қосымша көлдеріміз арқылы балық ауланып, дайындалған өнімді шет елдерге шығарып отырмыз. 2012 жылдан бері «еврокод» белгісін алып, көрші мемлекеттерге жіберудеміз. Алда жоспарымыз көп. Балық түр­лерін көбейту мақсатында тоғандар салып, қосымша цех пен жұмысшыларға жатақхана тұрғызамыз. Бастысы – балық түрлерін көбейтіп, зауыт жұ­мы­сын жандандыра беру, – дейді зауыт басшысы Әділбек Әйімбетов.

Ауданға сапар барысында облыс әкімі 2018 жылы пайдалануға берілген жаңа ауруханада болып, медицина қызметкерлерімен кездесті. 

Арал ауданы: Атқарылатын жұмыс ауқымы кең

Қосымша айта кетсек, қазіргі ахуалға байланысты ауданда коронавирус індетін жұқтырған 6 адам анықталып, оның 4-і үй карантиніне шығарылған. Қазір ауруханада 2 адам жатыр. 36 адам карантиндік стационарға орна­­ластырылыпты. Ал 140 адам үйде оқшауланған. Індетке шал­дыққан науқастардың еміне және оның күтіміне барлығы 61 медициналық қызметкер тар­тылған. Облыс басшысы әлем­дік пандемиямен күресіп жүр­ген ақ халаттыларға алғы­сын жеткізді.

Облыс әкімі апаттық жағ­дайдағы «Толқын» балабақ­шасына да барды. 45 жылға жуықтаған бөбекжайға жаңа ғимаратын салу үшін жоба-сметалық құжаттарына қаржы бөлу қажет көрінеді. Айтпақшы, бұдан бөлек, Арал қаласындағы «Балдырған», «Жазира» бала­бақ­шаларының құрылысын салу да – көпшілік күткен мәсе­лелердің бірі.

Арал қаласында 1940 жылы салынған ескі ғимарат 1996 жылы аудандық оқушылар үйіне берілген болатын. Апатты деп танылып, былтырдан бері құрылысы басталған нысанның бүгінде іргетасы құйылып, алғашқы қабатының темір бетонды жабындысы жабылған. Кәріз су жүйелері толықтай жеткізілген. Құрылыс жұмыстарын аяқтауға қосымша 101 млн теңге қаржы керек. Аталған сома бөлінген жағдайда алдағы қыркүйек айында нысан пайдалануға беріледі. 

Облыс басшысы 13 мыңнан аса тұрғыны бар Сексеуіл кентінде де болды. «Қамқор» локомотив жөндеу депосына барып, сала мамандарымен кездесті. Депода 250-ге жуық жұмысшы бар. Тепловоздарға техникалық қызмет көрсететін мекеме Сексеуіл тұрғындары үшін аса маңызды. Мекеме басшысы Мұхтар Кеулімжаев мұндағы қызметкерлердің тұрмыс сапасы жақсы екенін, жалақы көлемі артып, қызметкерлерге жыл сайын курорттық демалыс пен балалар жаздық лагерьмен қосымша қамтылатынын айтып берді. Бұдан бөлек, зауыттағы техникалық жабдықтар да жаңаланған.

Сондай-ақ кенттегі екі жыл бұрын ашылған спорт кешенінің жұмысы мен 40 төсектік аурухана құрылысы назарға ұсынылды. Бас мердігер «Атамекен» ЖШС жүргізіп жатқан аурухана екіқабатты, бірнеше блоктардан тұрады. Құрылыс былтыр мамыр айында басталған. Бұл жөнінде облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Арнұр Нұрмағамбетов айтып берді.

– Былтыр құрылысты бастауға облыстық бюджеттен 50 млн теңге бөлінсе, биыл оны жалғастыруға 200 млн теңге қаржы қаралған. Ғимаратқа үш жарым гектар жер берілген. Қаржысы толық шешілсе, жыл соңына дейін пайдалануға беруге мүмкіндік бар, – дейді А.Нұрмағанбетов.

Арал ауданы: Атқарылатын жұмыс ауқымы кең

Сексеуілдегі тағы бір маңызды құрылыстың бірі – 300 орындық мектеп. Облыс әкімі жаңа мектеп салынатын аумаққа барып, жұмыстарымен таныс­ты. Кентте қазіргі таңда 15 мыңға жуық халық тұрады. Кенттің орталығынан үлкен темір жол торабы өтеді. Сексеуілдегі 3 мектеп темір жолдың бір бетінде орналасқандықтан екінші бетінде тұратын 360 оқушы шойын жолдан өтуге мәжбүр.  Бұл мәселені шешу үшін жаңа білім ұясын салуға тиісті құжаттар әзірленіп, ҚР Білім және ғылым министрлігінен қолдау тапты. Енді мамыр айында білім ошағының құрылыс жұмыстары басталады деп күтілуде.

Бұл ретте облыс басшысы құрылыс жұмыстарын сапалы жүргізіп, нысанды межеленген уақытында пайдалануға беруді тапсырды.

– Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Сексеуіл стансасындағы мектепке жету үшін темір жолдардан өтуге мәжбүр балалардың мәселесін шешуді тапсырды. Бұл – өзекті мәселе. Сол себепті Үкімет нақты шаралар қабылдады. Жаңа оқу жылында, оқушылар заманауи мектепте білім алады деп сенеміз. Қаржысы бөлінді. Енді тек жұмыс жасау қажет, –  деді облыс әкімі.

Сексеуілде сонымен қатар тұрмыстық қатты қалдықтарға арналған полигон, газ тарту, ішкі жолдарды жөндеу сияқты жұмыстар да өз кезегімен атқарылуы тиіс.

Мұнан кейін облыс әкімінің сапары Жақсықылыш кентінде жалғасты. Ас және техникалық тұз өндіретін, 1200 адам еңбек ететін, Қазақстаннан бөлек, сырт елдерге тұз өнімін экспорттайтын кәсіпорын орналасқан шағын қалашыққа биыл газ құбыры тартылады деген қуанышты хабар бар.

– Жарық бар, су бар. Газ мәселесі шешіледі. Жақсы заманның куәсі бол­ғаныма қуанамын. Бұл атқарылып жатқан игілікті істің бәрі – ел Тәуелсіздігінің жемісі. Сондай-ақ, тұз өндіруде оның сапасы жағынан біздің Аралдың өнімі дүниежүзі бойынша алдыңғы қатарда тұр. Бұл да – біз үшін, біздің балалар үшін үлкен мақтаныш. Жақсықылышта халық саны жылдан-жылға өсіп келеді. Қосымша балабақша, мектеп салу қажеттілігі байқалады. Бұл мәселе де аяқсыз қалмайтынына сенім білдіремін, –  дейді ардагер Баймырза Жұбаниязов.

Айта кетейік, бүгін облыс әкімінің сапары Арал және Қазалы аудандарында  жалғасады.

Арал ауданы: Атқарылатын жұмыс ауқымы кең
Арал ауданы: Атқарылатын жұмыс ауқымы кең
Арал ауданы: Атқарылатын жұмыс ауқымы кең

Ержан Қожасов,

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<