Арал ауданына төтенше жағдай жариялауға қатысты құжат әзірленіп жатыр

1443

1

Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың тапсырмасына сәйкес Арал ауданында төтенше жағдай жариялауға қатысты құжаттар әзірленуде. Қазір тек топырақтың құрамын анықтау қалды. Бүгінде ұлттық сараптама орталығы зерттеу жұмыстарын жүргізуде. Қыс-көктем мезгілдерінде қар мен жауын-шашын мөлшерінің аз болуына байланысты Арал ауданында қуаңшылық жағдай орын алды. Мал саны мен азығының балансын ұстап тұру бағытында жұмыс жасалуда. Ауыл тұрғындары, еріктілер және аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері тарапынан кезекшілік ұйымдастырылған. Қосымша падамен қамтамасыз етілуде. Қазір мал өлімі тоқтады.

– Шөптің шығымдылығына қатысты ауданды үш санатқа бөлдік. Яғни, қызыл, жасыл, сары. Қызыл аймаққа 13 елді мекенді жатқыздық. Өйткені, жайылымдық жерлері 90 пайызға құрғап қалған. Ал сары аймақтағы елді мекендерде 30-40 пайызды құрайтын шөп бар. Жасыл түспен белгіленген елді мекендерде шөптің шығымдылығы жақсы. Қазір әр аймақтан 500 грамм топарақ алынып, сараптамаға өткіздік. Шөптің шығуына әсер ететін минералдардың топырақтың құрамында бар, жоғы анықталады. Қорытындысын төтенше жағдайлар департаментіне өткізіп, келісім аламыз. Содан кейін барып төтенше жағдай жариялаймыз. Бұл мәселе күнделікті бақылауда, – деді Арал ауданы әкімінің орынбасары Еркін Әбішев.

Аймақ басшысының тікелей тапсырмасына сәйкес, аудандағы шаруашылықтарға жем-шөп тұрақты түрде жеткізілуде.

– Ауданымызға 1037,6 тонна (51880 прес) жоңышқа шөбі және 40 тонна (2000 қап) жем жеткізіліп, сатылды. Бұдан басқа, ағымдағы жылдың 5 маусымында Арал ауданында мал азығы бойынша жем-шөп жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Оған Сырдария, Жалағаш, Қармақшы және Қазалы аудандарынан 20 тонна күріш жемі және 207 тонна (10350 прес) жоңышқа шөбі жеткізіліп, ауданымыздың сыр беткейінде орналасқан 12 елді мекен тұрғындарына сатылды. Алдағы уақытта да бұл жұмыстарды жалғастырамыз. Бір айта кетерлігі, шөп қымбат бағада сатылып жатыр деген қауесет бар. Негізі бізге келіп жатқаны жоңышқа шөбі. Оның бағасы 1100-1200 теңге көлемінде. Біз осы бағаны ұстап тұрмыз. Шөп тасымалдаушыларға бағаны көтермеуге талап қойдық. Ал құны арзан қарашөп енді орылады. Көрші Ақтөбе облысындағы Ырғыз ауданымен келіссөз жүргіздік. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының ұйымдастырумен өзге өңірлерге 60 тонна (1 вагон) арпаға өтінім берілді, – деді Арал ауданы әкімінің орынбасары Еркін Әбішев.

Арал ауданында барлығы 69 су шаруашылығы нысаны бар. Оның 63-і канал және 6-ы қорғаныс бөгеті. Жайылымдық және шабындық жерлерді суландыратын бірінші кезекте ауданда 17 каналға тазалау жұмыстарын жүргізілмек. Сондай-ақ, 15 су ұңғымасын қазу бағытында жұмыстар жасалып жатыр.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<