Аралда «Әже – ұлт ұйытқысы, тәрбие бесігі» атты әжелер форумы өтті

155

0

Фото: Арал ауданы әкімдігі

Аудандық мәдениет үйінде «Ардагерлер ұйымы» Республикалық қоғамдық бірлестігінің бастамасымен республика көлемінде қолға алынған «Әже – ұлт ұйытқысы, тәрбие бесігі» атты эстафеталық жобасы аясында аудандық деңгейде әжелер форумы өтті.

Ата-баба аманатын ардақтап, ұрпаққа өнеге қалдыруды мақсат еткен бұл форум – ұлттық құндылықтарымызды ұлықтап, ұлт тәрбиесінің тамырын тереңнен тартқан ақ жаулықты аналардың қоғамдағы орнын айшықтайтын ізгі шара болды.

Форумда алғы сөз сөйлеген аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Бауыржан Ібірашұлы Махатов:

«Халқымыздың қастерлі құндылықтарын ұлықтайтын, ұлттық тәрбие негізін нығайтатын бұл ерекше шара бүгінде біздің өңірде ұйымдастырылып жатқандығы көңіл қуантады. Әжелер – әр үйдің берекесі, ұлттық тәрбиенің алтын діңгегі. Біз әжелердің әлдиі мен ертегісін естіп өскен ұрпақпыз. Ұлттың болашағы – тәрбиелі ұрпақтың қолында, ал тәрбиенің алтын бесігі – отбасы, оның діңгегі – әже», – деп атап өтті.

Шара аясында түрлі ауылдық округтердегі мәдениет ошақтарындағы әжелер ансамбльдерінің мүшелері мен ұстаздық жолда елеулі еңбек сіңірген әйел-аналарға сый-құрмет көрсетіліп, аудан әкімінің орынбасарының Алғыс хаты табысталды.

Аралда «Әже – ұлт ұйытқысы, тәрбие бесігі» атты әжелер форумы өтті
Фото: Арал ауданы әкімдігі

Сондай-ақ, форум барысында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ә. Әйімбетов пен Қазақстан халқы Ассамблеясы Арал аудандық ақсақалдар алқасының төрағасы Н. Оспанов сөз сөйлеп, отбасы тәрбиесіндегі әжелердің өлшеусіз еңбегі мен рухани-мәдени мұраның ұрпаққа берілуіндегі маңызды рөлін атап өтті.

Форум аясында З. Шүкіров атындағы қалалық мәдениет үйінің директоры М. Нұрмағамбетова баяндама жасап, ұлт болмысының тұғырын бекемдеуде әже мектебінің маңызын тереңнен тарқатып, рухани тәрбие мен адамгершілік бастауларының отбасынан басталатынына ерекше тоқталып өтті.

Іс-шара одан әрі аудан өнерпаздарының мерекелік концерті мен әжелер ансамбльдерінің көріністеріне жалғасты. Көпшіліктің көңілінен шыққан өнер тартулары мен жүрекке жылы тиер ән-жыр, ұлттық нақыштағы қойылымдар форумның мазмұнын байытып, рухани серпіліс сыйлады.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<