Кеше аудан әкімдігінің қолдауымен тоғыз жолдың торабынан орын тепкен Сексеуіл кентінде кезекті ауылшаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесі өткізілді.
Кент жұртшылығының игілігіне бағытталған шараға аудан әкімі Серік Сермағамбетов арнайы қатысып, жәрмеңкеде ұсынылған өнімдердің бағасын бақылап өтті.
Айта кету керек, жәрмеңкеге ауданның ауылдық округтерінен 120 литр шұбат, 120 кг құрт, ірімшік, 5,5 тонна күріш, ұн, макарон өнімдері жеткізілсе, Сыр беттегі ауылдық округтерден 6,5 тонна балық, 130 дана ысталған балық өнімдері әкелінген. Сонымен қатар жәрмеңке төрінде көршілес Қазалы өңіріндегі «РЗА» ЖШС-гі тарапынан 1,5 тонна сүт және сүт өнімдері, Сырдария ауданынан «Ақ маржан», «Элита», «Лидер» маркалы 3 тонна ақ күріш және 3 тонна малға қажетті жем кент тұрғындарына арзандатылған бағада ұсынылды.
Бұдан бөлек, аудан орталығындағы жеке кәсіпкерлер тарапынан жеткізілген жеміс-жидек, көкөніс, азық-түлік өнімдері нарық бағасынан 10-15 пайыз төмендетілген бағада саудаланды. Таңертеңнен жәрмеңкеге ағылған жергілікті тұрғындар аталмыш шараның халық үшін өте қолайлы әрі бағасының тиімді екендігін айтып, ұйымдастырушыларға ризашылықтарын білдірді.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<