Ардагерлер алдағы міндеттерді талқылады

573

0

Кеше «Достық үйінде» облыстық ардагерлер кеңесінің алқа отырысы өтті. Жиында алдағы жоспарлар, наурыз айындағы мерекелерді ұйымдастыру барысы талқыланды.


Алдымен облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев Жазушылар Одағының мүшесі Махмұтбай Әміреұлының өз өтінішіне сәйкес алқа мүшелігінен шығуына байланысты ардагердің жылдар бойғы еңбегін атап өтіп, дәстүрге сай иығына зерлі шапан жапты. Ал, ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Күләй Ермағанбетова Алғыс айту күні, Халықаралық әйелдер мерекесіне орай өткізілетін іс-шараларға тоқталды.


Мұнан кейін төраға кеңесшісі Рақым Әбілханов Наурыз мейрамының биыл он күн бойы тойланатынын, әр күннің өзіндік ерекшелігі, ұйымдастыру жұмыстары туралы баяндады. Айталық, 14 наурыз «Көрісу» күні болса, 15 наурыз – «Жайлау» күні, одан кейінгі күн «Шежіре» күні болып белгіленген. Сондықтан шаралар да әр күннің тақырыптық атауына байланысты өткізілмек.


Сондай-ақ, жиыннан соң ардагерлер Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ардагер журналист Ержан Уәйістің «Тәуелсіздікке 30 жыл. Елбасының жолымен» атты фотокөрмесінің ашылу салтанатына қатысты. Мұнда мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаев, ҚР Тұңғыш Перзиденті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев және елдің саяси өмірінде орны бар белгілі тұлғалардың фотолары жинақталған.

Айта кету керек, көрмеге қойылған 40-қа жуық суретті ардагер журналистің өзі түсірген.

А.НҰРТАЙҚЫЗЫ.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<