Облыстық мемлекеттік архивте саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай дөңгелек үстел өтті. Архив қоры құжаттарынан күштеп ұжымдастыру, ашаршылық жылдарындағы қазақ халқының қилы тағдырын айта отырып, өткенге тағзым етуді мақсат еткен іс-шараға өңірдің тарихшы ғалымдары қатысты.
Жиынды облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Нұрсұлтан Әбілдаев ашып, архив қорындағы саяси қуғын-сүргін құрбандарына қатысты құжаттарды зерделеу, айқындау бағытындағы жұмыстарға тоқталды. Сондай-ақ, өткен ғасырда ел тарихында миллиондаған қазақтың өмірін қиған қайғылы оқиғалар орын алғанын атап өтті. Олардың бірі – 30-жылдардағы саяси қуғын-сүргін мен ашаршылық.
Бір ғана Қызылорда облысында барлығы 81 байдың 10920 ірі қара, 47299 ұсақ малы тәркіленіпті. Мұрағат қорындағы облыстық прокуратураның 1937-1938 жылдардағы құпиясыздандырылған құжаттардағы деректері бойынша НКВД үштік соты 1937-1938 жылдары «халық жауы» деген жаламен 314 адамды, оның 110-ын партия қатарынан шығарып, соттап жазалаған екен. Тарихшылардың бағалауынша, одақ бойынша 1927-1953 жылдары 60 миллион адам, оның ішінде Қазақстан бойынша 103 мың адам қуғын-сүргінге ұшыраған. Олардың 25 мыңы атылды.
Қатысушылар мұрағат негізіндегі материалдар мен зерттеулерін ұсынды. Олардың көпшілігі алғаш рет ғылыми айналымға енгізіліп, зиялы қауым жұртшылығына тарихтың ақтаңдақ беттерін сипаттайтын нақты фактілердегі бірегей материалдарға кең жол ашады. Археограф Айнұр Әлиасқарова архив қоры құжаттарынан «Ұжымдастыру науқаны және ашаршылық ақиқаты» тақырыбында баяндама жасады.
Сондай-ақ, шарада тарихи жадыны сақтау, жалпыұлттық тарихи сананы қалыптастыру, ұлттық бірлікті нығайтатын біріктіруші факторларды іздеу мәселелері талқыланды. Филология ғылымдарының кандидаты, доцент, ҚР Журналистер одағының мүшесі Алдажар Әбілов Алаш азаматтарының қилы тағдыры, қасіретті жылдардың қанды шеңгеліне түсіп, жала арқалаған ұлт зиялылары туралы тың деректерді бөлісті.
Өз кезегінде ҚР Тарих және қоғамдық ғылымдар академиясының академигі, педагогика ғылымдарының магистрі Бақытжан Ахметбек жылдар бойы үнсіз жатқан тарихи құндылықтарды жарыққа шығарып, жас ұрпаққа жеткізу міндет екенін атап өтті.
Іс-шара соңында қатысушылар «Азалы жылдар қасіреті – архив деректерінде» атты тарихи-құжаттық көрмемен танысты.
Биболат Сәтжан,
«Сыр бойы»





