Армениядан әкелінген көліктерді тіркеу мерзімі тағы 1 жылға ұзартылды

646

0

Армениядан әкелінген көліктерді тіркеу мерзімі тағы 1 жылға ұзартылды. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Ішкі істер министрлігі Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында Армения Республикасының уәкілетті органдарында Қазақстан Республикасының азаматтарына тіркелген және 2020 жылғы 1 ақпанға дейін Қазақстан Республикасына әкелінген көлік құралдарын тіркеу бойынша жұмыс жүргізуде.

Министрлік мәліметінше, қазіргі уақытта тіркеу шарттарына сәйкес 20 мыңнан астам автомобиль есепке қойылды. Сонымен қатар, 1 мыңнан астам автокөлік иелеріне өз автомобильдерін тіркеуге немесе оларды елден тыс жерлерге әкетуге мүмкіндік бермеген бірқатар объективті себептер бар.

Атап айтқанда, күрделі эпидемиологиялық жағдайға және карантиндік шектеулердің ұзаққа созылған сипатына байланысты мемлекеттік шекараны кесіп өту шектеулеріне байланысты автокөлікті Арменияға кері әкету проблемалары туындады.

Кейбір автокөлік иелері, сондай-ақ карантинге байланысты, аккредиттелген зертханаларда қайта жабдықталған автомобильдерге уақытылы сынақ жүргізе алмады, олар барлық өңірде жоқ.

«Қаржы пирамидалары» бойынша қылмыстық істерді тергеуге байланысты иелерінің көп бөлігі адал сатып алушылар болып табылатын бірқатар автомобильдерді (автокөлік ломбардтардағы, микрокредиттік ұйымдардағы кепілдік мүлік болып табылады) пайдалану шектелген.

Осы проблемаларды ескере отырып, Үкімет осы жылғы 27 ақпанда осындай автомобильдерді тіркеу мерзімдерін 2022 жылғы 1 наурызға дейін ұзарту туралы шешім қабылдады (Үкіметтің №104 қаулысы).

Осылайша, Армения Республикасында тіркелген және біздің елге 2020 жылғы 1 ақпанға дейін әкелінген көлік құралдарының иелері – Қазақстан азаматтарына өз автомобильдерін есепке қою мәселелерін шешу үшін қосымша уақыт берілді», – деді ҚР ІІМ-нен.

Сонымен қатар, қазіргі уақытта Армения Үкіметімен келісім бойынша Қазақстанда тіркеуден өткен осындай автомобильдердің иелерін Армениядағы салық міндеттемелерінен босату туралы үкіметаралық келісім ішкі және мемлекетаралық рәсімдерден өтуде. Бұл шаралар автокөлік иелері үшін (Армения мен Қазақстанда) «қосарланған» салық салуды болдырмауға бағытталған.

Мемлекеттік органдар Қазақстан Республикасы Үкіметінің аталған шешімдерін іске асыру бойынша тиісті шаралар қабылдайтын болады.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<