Нұр-Сұлтан қаласында «Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалыс» республикалық қоғамдық бірлестігі мен ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ қолдауымен қоғамдық тыңдау өтті. Онлайн-форматтағы шарада «ҮЕҰ-ның, сарапшылар қауымдастығының сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға қатысуын кеңейту» тақырыбы талқыланды.
Жиынға «Жаңару» РҚБ төраға орынбасары, жоба жетекшісі Дәулеткерей Рахметуллин модераторлық етті. Қоғамдық тыңдауға облыс әкімінің орынбасары Серік Ахмет, облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департамент басшысының бірінші орынбасары Ғалия Әлімқұлова, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыс бойынша департаменті басшысының орынбасары Берікбол Байхожаев, облыстық «Nur Otan» партиясы жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы қоғамдық кеңес төрағасы Мақсұт Нәлібаев пен «Жаңару» РҚБ облыстық филиалының директоры Кажденбек Баймаханов қатысты. Сондай-ақ, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің ректоры Бейбіткүл Кәрімова, облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Ғалымбек Жақсылықов, «Aqmeshit – Adaldyq alany» жобалық кеңсесінің жетекшісі Жандос Тұсмағанбетов пен мемлекеттік орган басшылары, депутаттар, «Nur Otan», ҚХП, «Ақ Жол», «Ауыл» партияларының өкілдері ортақ тақырып аясындағы ойын ортаға салды. Жиында облыс әкімінің орынбасары Серік Ахмет ашықтық қағидатын қалыптастыру бағытында атқарылған бірқатар жұмысқа тоқталды.
– Мемлекет басшысы бұл құбылыспен күресудің өзектілігі мен маңызын нақты айқындап, жаңа бағыттар белгіледі. Облыс әкімінің төрағалығымен ведомствоаралық сипатта құрылған сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссия тұрақты негізде жұмыс істейді. Қазір «Ақмешіт – адалдық алаңы» жобасы аясында 144 ауылдық округте «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жұмысшы топтары құрылды. Бұл алаңда тиісті лауазымды тұлғалардың қатысуымен 15 қоғамдық қабылдау ұйымдастырылды. Облыста мемлекеттік қызметшілердің халыққа ашықтығы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін барлық аудан, қала орталықтарында «Сервистік ашық әкімдік» орталықтары ашылып, жұмысын жалғастыруда. Мемлекеттік қызметшілердің халыққа ашықтығы мен қолжетімділігін күшейту үшін «Open space» жобасы да жолға қойылды. Облыс бойынша 304 мемлекеттік мекеменің бірінші басшылары бірінші қабатқа ауыстырылып, 60 мекеме осы форматқа сәйкестендірілген, – деді Серік Ахмет.
Онлайн басқосуда аймақтағы мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің автоматтандырылу жайы да шет қалмады. Мәліметтерге сүйенсек, қазір 173 мемлекеттік қызметтің 141 қызмет түрі автоматтандырылған. Жемқорлық көріністерінің алдын алуға бағытталған шаралардың нәтижесі құқық бұзушылық саны 46 процентке төмендегенін көрсетіп отыр. «Ашық диалог» порталында облыс әкімінің блогы да жүргізіледі. Бүгінде платформа арқылы түскен 125 сауалға белгіленген тәртіппен тиісті жауап берілген.
Қоғамдық тыңдауда облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруда ой-сананы жетілдіру, құқықтық сананы ілгерілету мәселелеріне қатысты пікір білдірді. Ал, өзге спикерлер жемқорлықтың алдын алуда азаматтық қоғам өкілдерін және «Adaldyq alany» жобалық кеңселерін жұмылдыра отырып, пікірталас және оқыту алаңдарын, қоғамдық тыңдауларды ұйымдастырудың маңыздылығын айтты. Жиын қорытындысында «Жаңару» РҚБ төраға орынбасары, жоба жетекшісі Дәулеткерей Рахметуллин Қызылорда өңірінде бірлескен жұмыстардың жүйелі түрде іске асып келе жатқанын баяндап, бұл шаралардың азаматтық қоғамдағы ашықтықты күшейтуге оң септігін тигізетінін жеткізді.
Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<