Мерекеге орай «Достық үйі» алдында жастарға арналған гала-концерт ұйымдастырылды.
Шараға облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет қатысып, барша жастарды мерекемен құттықтады.
– Жастар – қашанда асқақ арман мен үміт, биік ар мен өр намыстың символы. Қай елдің болмасын басты капиталы халқы десек, соның ішінде жастар – қоғамның жетекші күші ретінде елдің дамуы үшін жауапты екені сөзсіз.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Қазақстан – дарынды жастар мекені. Ертең еліміздің абыройын асыратын да осы талантты ұл-қыздар. Біз олардың өрісін ашып, қарым-қабілетін шыңдау үшін бар мүмкіндікті жасауға тиіспіз» деп, бүгін мен болашақтың жүгін сеніммен жүктеген болатын. Осы ретте Сыр елінің жастары қашан да қайсарлығымен, белсенділігімен, жарқын болашаққа ұмтылуға құштарлығымен сенім үдесінен шығып келеді. Сондықтан біз әрдайым сіздерді қолдауға дайынбыз, – деген Мейрамбек Зинабдинұлы жастардың қоғамдағы рөлі мен орнына және өңір жастары үшін жасалған маңызды жобаларға тоқталды.
Мәселен, аймақ халқының 30 пайызын жастар құрайды. Қазіргі таңда қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында «Сыр жастары» жобасы арқылы жеңілдетілген ипотекамен жаңа пәтер алу мүмкіндіктері жасалды. Жыл сайын аймақта сұранысқа ие мамандықтар бойынша халықтың әлеуметтік осал топтарынан және көпбалалы отбасынан шыққан балаларға арналған облыс әкімінің 100 гранты берілуде. Бүгінге дейін 1460 жас грант иегері атанды. Сондай-ақ «2025 жылға арналған Қызылорда облысының өңірлік жұмыспен қамту картасы» шеңберінде 6 мыңға жуық жас жұмыспен қамтылса, 252 жас жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған қайтарымсыз гранттардың иегері атанды.
Сонымен қатар, қысқа мерзімді оқу курстарына 17 жас және «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздерін оқытуға 585 жас жолданды. «Электронды еңбек биржасы» порталы арқылы онлайн-оқудан 26337 жас өткізілген. Мұның барлығы – өңір жастарына жасалған қолдаудың нәтижесі.
Мерекелік кеш Сыр елінің талантты өнерпаздарының концертіне ұласты. Жарасхан Төлебай, DJ Jako, Axallek, Есқара, «6ELLUCCI» тобы қала аспанын әсем әнмен көмкеріп, ерекше көңіл күй сыйлады.
Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,
«Сыр бойы»






