Тартылған теңізді өлкеден бастап Қызылды бойлай Жаңақорған жеріне жетіп жатқан шекара шебі Қызылорда облысына тиесілі. Ұзындығы – 745 шақырымнан астам. Құмды әрі шөлейтті өлке. Мұндай жерді кірпік қақпай күзету тек біздің қайсар шекарашыларға ғана тән.
Кеңестік кезеңде Шекарашылар күні 29 мамыр болатын. 2012 жылдан бастап 18 тамызға ауысты.
Отанына адал, ержүрек ерлердің еңбегімен танысу үшін ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетіне қарасты облыстық шекара қызметі департаментінде болдық. Шекара күзеті қызметінің бастығы, полковник Ермек Досаевпен пікірлесу бұл күннің болмысын аша түскендей әсер қалдырды.
– Отанды қорғап, күні-түні көз ілмейтін шекарашы мехнатын кез келген адам түсінбейді, – дейді ол. – Жүректілікпен қатар, шыдамдылықты қажет ететін бұл қызметке жігіттің жігіті төтеп береді. Иә, соларға ғана орын бар. Мұнда «істей алмаймын» деген сөз жоқ. Бұйрық орындалады, талқыланбайды. Алыстағы ата-ана мен дос-бауырды сағынуға да уақыт жоқ. Қару-жарақты пайдаланудан бөлек, небір ұрыс тәсілдерін игеру, техникалық құралдар мен көлікті жүргізу – шекарашының бір басынан табылуы тиіс. Бесаспап болу керек. Тіпті, ас пісіре алу өнері де оларға өте қажет.
Уақытқа сәл шегініс жасасақ, өзіміз барған жиырма жылдан асқан әскери мекеменің ел үшін маңызы зор. Комитет төрағасының 1999 жылғы 15 қыркүйектегі бұйрығына сәйкес ҚР оңтүстік бағыттағы мемлекеттік шекараны нығайту мақсатында және ҚР ҰҚК шекара қызметінің даму бағдарламасына сай тұрақты жұмыс істеп келеді. Аймақтағы департамент сол жылдан бастап Өзбекстанмен арадағы шекараны нығайту, елдің саяси және экономикалық мүдделерін қорғау, заңсыз көшіп-қонудың алдын алу, қазақ еліне қару-жарақ, оқ-дәрі, есірткі мен радиоактивті заттарды заңсыз кіргізбеу міндеттерін мінсіз атқарып келеді.
Ермек Тұрғанбайұлының айтуынша, құрылған жылдан бастап өзіміздің шекарашылар елге заңсыз өтпек болған талай келімсектерді ұстап, контрабандалық тауар тасушылардың жолын кескен. Ел қазынасының ортаймауына орасан үлес қосқан. Әсіресе, ел шетін күзетуде жергілікті тұрғындардың көмегі көп көрінеді. Сол аймақта тұратын халық шекара бұзушыларды ұстауда ерекше қырағылық танытып, әскерилерге ұдайы хабар беріп отырады екен.
– Бір ғана мысал, биылдың өзінде бірнеше заң бұзушылыққа тосқауыл қойылды. Мысалы, осы жылдың 5-ші наурыз күні біздің қызметкерлер мен аймақтағы «Охотозопром» РМҚК инспекторлары бірлесіп, Шиелі ауданына қарасты «Қарғалы» дейтін жерден заңсыз аң аулаушыны қолға түсірді. Еш жерде тіркелмеген 16 калибрлі екі қосауызды мылтық тәркіленіп, аң аулауға рұқсат қағазы жоқ азаматты жазаға тарттық. Мұндай оқиға Жалағаш ауданында да тіркелді. Онда да заңсыз аң аулаушылардың жолы кесіліп, шекарашылардың көмегімен «УАЗ» автокөлігі тоқтатылған еді. Жүргізушіден бөлек, екі азамат болғаны анықталып, көлік ішінен 13 бас түрлі жабайы аңның денелері, аңшылық прожекторлар, есепке тіркелмеген 16 калибрлі мылтық табылып, барлығы тәркіленді. Есірткі еккен тұрғындарды да қолға түсіруде біздің жігіттердің үлесі көп. Міне, шекара күзеткендердің өз міндеттерінен бөлек, басқа да ауқымды істерге көмектесіп жүргенін осыдан-ақ байқайсыз. Сондай-ақ Наурыз мерекесі қарсаңында өзімізге қарасты бөлімшенің бірінен «ГАЗ-66» автокөлігімен шекараны бұзып өтпек болған төрт азамат құрықталды. Олардың екеуі қазақстандық болса, екеуі Өзбекстан мемлекетінің адамы. Біздің қандастарымыз олардан ақшалай сыйақы алып, арғы мемлекетке өткізбекші болғаны тергеу кезінде анықталды. Онымен қоса машинадан контрабандалық жолмен пайда табу мақсатында жасырылған түрлі қосалқы бөлшектер, халық тұтынатын тауарлар табылды. Бұған басты себеп – әлемде орын алып отырған пандемия екені белгілі. Былтыр наурыздан бері көршілес мемлекеттерге кіріп-шығу бойынша шектеулер бар. Соған қатысты кейір азаматтар осындай заңсыздыққа барады, – дейді Ермек Досаев.
Бір түсінгеніміз, аймақтағы шекара белдеуінің табиғаты өте қатал. Жазда ыстық, құмды жел, ал қыста қара суық. Сондықтан болар, мұнда шекарашы болам дейтін жігіттерге талап өте жоғары. Жоғары не орта білімді болуымен қатар, денсаулығы мықты болуына қатты мән беріледі. Әскерде борышын өтеген болуы тағы міндетті. Сондай-ақ техникалық (жүргізушілік) пен қосымша мамандық иесі болып жатса тіптен жақсы.
– Қазір бұрынғыдай шекара қызметінде сарбаздар жүрмейді. Мұнда тек келісім-шарт негізінде әскери борышын өтеп келген, 27 жасқа дейін азаматтар ғана қабылданады. 3 жыл, одан соң 5 жылға дейін қызмет істеуге мүмкіндік бар мұнда. Айлық жалақылары, одан бөлек экологиялық үстемақысы қосымша төленеді. Жақсы қызмет көрсеткен жауынгерлерден бөлек, мерекеде берілетін сыйақы да қарастырылған. Азық-түлік, маусымдық киімнің барлық түрі беріледі. Департаментке қарасты шекара аймағы құмды жер дедік қой. Оған төзімді «Урал» жол талғамайтын жүк көліктері, қосымша «УАЗ» жеңіл көліктері әр шекара бөлімшелерінде сақадай-сай тұр. Сүйіншілейтін бір жаңалық, былтыр қазан айында үш бірдей шекара бөлімшесі заман талабына сай, модульдік ғимарат болып салынды. 40 адамға есептелген нысан ішінде жатын және жуынатын орын, қару сақтайтын қойма, т.б керектілермен жабдықталған. Тағы бір бөлімшеге сегіз блоктан тұратын, үш пәтерлі тұрғын үй салынды. Онда тұрмысқа қажетті жиһаздар мен техникалардың бәрі бар. Осылайша департаментке қарасты төрт бөлімше жаңа типтегі ғимаратқа ауысты. Бұл істелген жұмыстар ел шетінде жүрген шекарашылардың тұрмыстық қажеттілігін толық өтейді. Ал биыл қосымша үш бөлімше осылай жаңадан салынатын болады, – деді тағы бір сөзінде шекара күзеті қызметінің бастығы.
Шекарашылар қуанатын тағы бір жағдай бар. Олар енді айлап-жылдап шекара шебінде жүрмейді. Жыл басынан бері вахталық әдіспен қызметке кіріскен. Былтыр екі бөлімшеде тәжірибе ретінде қолданыста болған екен. Нәтижесі оңды болған соң, барлық шекарашылар вахталық қызметке көшкен. 20 күн шекарада болса, 10 күнді отбасына арнайды.
– Бұл біздің жеке құрамның қызметке деген көзқарасын түбегейлі өзгерткен сияқты. Олардың да тұрмыста, өз үйлерінде атқарар шаруалары болуы мүмкін ғой. Бұл жағынан, яғни демалысқа сұрану деген мәселе азайды. Керісінше, вахталық әдіске көшкелі шалғайдағы шекарада қызмет істеуге құлшынғандар көбейді. Шыны керек, біздің жігіттер бұған қатты қуанды. Вахталық жұмыс тәсілі енгеннен бері олар да осы өзгерістің арқасында отбасына көбірек көңіл бөлуге уақыт тапты. Балаларының тәрбиесіне үлес қосып, өз кезегінде отбасы мүшелерімен көбірек болатыны шекарашыларды қуантқанын айтуымыз керек, – дейді полковник Е.Досаев.
Шекара қызметіндегі тағы бір соны жаңалықты айтсақ. Ол «Ақылды шекара бөлімшесі» деп аталатын жоба. Жоғарыда айтып кеткен, жаңартылған бөлімшелердің бірі – «Кәрібайбұлақ» бөлімшесі «Smart Post» ақпараттық-бағдарламалық кешеніне қосылған. Былтыр қыркүйекте қосылған жоба аясында оның айналасындағы бейнекамералар күндіз-түні онлайн режимде департамент пен шекара қызметінің орталық аппаратымен ұдайы байланыста тұрады. Бұдан бөлек, бөлімшедегі кезекші монитор арқылы бақылауда ұстайды. Мысалы, ғимараттан 50 метр қашықтықта қозғалыс пайда болса, арнайы датчиктер іске қосылып, бөтен объектілерді камералар автоматты түрде скриншоттап, басқармаларға тез арада дабыл береді. Камералар тәулігіне орташа есеппен басқармаға 250-ден астам жеке құрамның, көліктердің, тіпті жабайы жануарлардың қозғалыстарын анықтап, олардың мәліметтерін (скриншоттарын) тез арада жеткізіп отырады екен. Осы арқылы далалық жерде қызмет атқаратын жеке құрамның өмірін түрлі төтенше жағдайдан аман алып қалуға көп мүмкіндік бар.
Мемлекеттік шекараны табандылықпен күзететін жігіттердің тынымсыз еңбегі – Тәуелсіз Отанымыздың қауіпсіздігі.
Жалпы ҰҚК қарасты шекара қызметі жалпы ұзындығы 15132 шақырым шекараны күзетсе, оның 2355 шақырымы Өзбекстанмен, 426 шақырымы Түркіменстанмен шектеседі, ал Ресеймен байланысты 7548 шақырым әлемдегі құрлықпен өтетін ең ұзын шекаралық сызық ретінде Гиннестің рекордтар кітабына енген. Теңіздегі шекара – 1779 шақырым, қарт Каспийдің үстімен өтеді. Кедендік одақпен біздің елден өтетін сыртқы шекараның ұзындығы – 7805 шақырым.
Ержан ҚОЖАСОВ,
«Сыр бойы»
Суретті түсірген
Н.НҰРЖАУБАЙ.





