Аудан жаңалықтары

352

0

Қауіпсіздік бәрінен қымбат

ҚЫЗЫЛОРДА. Қала әкімдігі жанынан құрылған мобильді топ тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қоғамдық тәртіпті сақтау мақсатында ойын-сауық орталықтарында тексеріс жұмыстарын жалғастыруда.

Тексеру барысында кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта заңды өкілінсіз қоғамдық орындарда жүру фактілеріне, санитариялық талаптардың орындалуына және өрт қауіпсіздігі ережелерінің сақталуына ерекше назар аударылуда. Мобильді топ мүшелері тиісті заң талаптарын түсіндіріп, құқықбұзушылық анықталған жағдайда әкімшілік шара қолданады.

Жәрмеңке өтті

АРАЛ. Қызылорда қаласындағы Қазыбек би көшесі, «Шанхай» шағын ауданындағы өткел маңында  ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтті. 

Жәрмеңкеде Арал ауданынан 63 тоннаға жуық өнім нарықтағы бағадан 10-15 пайыз төмен  сатылымға қойылды. 3,6 тонна ет өнімдері, 210 литр шұбат, 20 бас тірі қой, 6 тонна мұздатылған, 50 дана ысталған балық, 55 кг құрт-ірімшік, 50 тонна көкөніс және 3 тонна ас тұзы сатылды.

Тәжірибе алмасты

ҚАЗАЛЫ. Аудан делегациясы тәжірибе алмасу үшін Түркістан облысының Отырар ауданында іссапарда болды. Делегация мүшелері «Таймас-2024» шаруа қожалығының егін егу жұмыстарымен танысты.

Аталған қожалық  заманауи әдістерді қолдану арқылы ауыл шаруашылығы саласында жаңа жетістіктерге қол жеткізуде. Нақтырақ айтқанда,  60 гектар күріш, 2600 гектар мақта алқабын тамшылатып суару технологиясымен өсіруде. Бұл тәсіл – су үнемдеудің тиімді құралы. Себебі тамшылатып суару жүйесі өсімдіктің тамырына қажетті мөлшерде ылғал жеткізіп, артық шығынды болдырмайды. Сонымен қатар өнімділікті арттырып, жердің құнарлығын сақтауға мүмкіндік береді.

Азаматтардың жеке өтініштері тыңдалды

ҚАРМАҚШЫ. Аудан әкімі Жандос Еркінбек аудан тұрғындарын жеке мәселелері бойынша қабылдады.

Азаматтар мемлекет тарапынан тұрғын үй алуға байланысты, жұмыссыздық және түрлі әлеуметтік, тұрмыстық мәселелерін жеткізді. Қабылдау барысында аудан басшысы әрбір тұрғынның жеке мәселесін тыңдап, бірқатарына заңдылыққа сәйкес жауап берді.

Жаңа спорт кешені пайдалануға берілді

ЖАЛАҒАШ. «Аққыр» ауылдық округінде заманауи спорт кешенінің салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Жаңа нысанның ашылу салтанатына аудан әкімі Ардақ Ибраимовпен бірге облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тілеуімбетов және «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының жобалау менеджері Ұланбек Нұрманов арнайы қатысып, тұрғындар қуанышын бөлісті.

2024 жылы облыс әкімінің қолдауымен және «Қазақстан халқына» қорының қаржыландыруымен басталған құрылыс жұмысын «АИРСтройМонтаж» ЖШС жүргізді.

Тігін шеберханасының жұмысымен танысты

СЫРДАРИЯ. Аудан әкімі Берік Сәрменбаев Тереңөзек кентіндегі «Әдемі» тігін шеберханасының жұмысымен танысты.

Мектеп формасын тігу, құрақ құрау және басқа да көптеген қызмет көрсететін тігін цехы 2014 жылы жұмысын бастаған. Кәсіпкер Нұрсұлу Ажарова «Ақниет» бағдарламасымен грант және «Микробизнес-Қызылорда» бағдарламасымен 3 млн теңге несие алып, кәсібін дөңгелентуде.

Айта кету керек, биыл Алматы қаласында «Аламан құрақ» ұлттық құрақшылар қауымдастығының ұйымдастыруымен еліміздің 20 өңірінен келген 660 тігінші бір мезетте 1366,8 шаршы метрге 660 дана құрақ көрпесін тікті. Дүниежүзілік рекордтар кітабы саналатын «GLOBAL BOOK OF RECORDS GBR» және халықаралық рекордтар тіркеу қызметі агенттігінің сүйемелдеуімен қазақ құрақшылары әлемдік рекорд орнатып, оның қатарында болған Нұрсұлу арнайы сертификатпен марапатталды. Сондай-ақ жеке кәсіпкер 2022 жылы «Жыл үздігі» атанған.

Жарық жүйесіндегі жаңғырту

ШИЕЛІ. Аудан әкімі Айтбай Жандарбеков жақында толық жаңғыртудан өткен 220/110/35/10 кВ «Шиелі» қосалқы станциясының жұмысымен танысып, сала мамандарымен кездесті.

Жаңғырту жұмыстары аясында орнатылған негізгі құрал-жабдықтар Германиядан әкелінген. Бұл өз кезегінде станцияның жұмыс сапасын арттырып, электрмен қамтамасыз етуді едәуір жақсартады.

Сала мамандарын құттықтады

ЖАҢАҚОРҒАН. Аудан әкімі Мажит Самитов Құрылысшы күні және Мемлекеттік кірістер органдарының құрылған күніне орай сала мамандары мен ардагерлерін қабылдады.

Салтанатты жиында мереке иелеріне ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің, облыс, аудан әкімдерінің Алғыс хаттары, «Қызмет» мемлекеттік органдардың, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағының «Еңбек озаты» медалі табысталды.

Дайындаған

Айнұр БАТТАЛОВА,

«Сыр бойы»