Ауыл алғыс айтады

556

0

Арал ауданындағы ­қуаңшылыққа байланысты төтенше жағдай жарияланғаны мәлім. Мал талғажау етер шөп қалмай, шаруаларға оңай соқпағаны да рас. Қазір аудан көлеміндегі ауылдар «жасыл», «сары», «қызыл» аймақтарға бөлінген. Соның ішінде Жаңақұрылыс ауылы – «қызыл» аймақта. «Күн жаманы кетеді» деп білетін жаңақұрылыстықтар қиындыққа бірлесе төтеп беруде.

Тұрғындар қысқы мал азығын дайындауда көрші Қазалы ауданының Бекарыстан би, Майдакөл ауылдарына, тіпті сонау 360 шақырымдағы Қармақшы ауданының Жаңажол, Иіркөл ауылдарына барып, шөп орып, оны тасып алуда. Бұл ретте еріктілердің көмегі ерекше. Ең бас­тысы, бірлікті ту еткен жандар «Он адам жүрген жерде із, жүз адам жүрген жерде соқпақ, мың адам жүрген жерде жол қалады» деген дана сөздің айғағына айналғандай. Кәсіпкерлер де қыс қамын жасаған ағайынның көңілін бірлеуге атсалысуда. Соның ішінде Болат Өтемұратов қорының көмегіне жұртшылық дән риза. Себебі, қор есебімен Арал ауданындағы 800 аз қамтылған отбасы 900 тонна құрама жем алды. Есеп бойынша бұл жем-шөп 2021 жылғы қарашадан 2022 жылғы мамырға дейінгі кезеңге жетеді. Бүгінгі күні 138 үйге 9 қаптан жем таратылды. Мұнан бөлек, жақында Жамбыл облысынан да көмек жетті. Мұқтаж отбасылардың әрқайсысының үйіне 100 дана пресс түссе, 138 үйге 4 престен таратылды.

Бұл көмекті тасымалдаудың өз қиындығы бар. Оны «Қамбаш» станциясынан түсіріп, Ақлақ арқылы 150 шақырым жол жүріп, Жаңақұрылысқа жеткізуді үйлестіру жұмыстарын талап етеді. Мұнда ауыл әкімі Биғали Әбдіраймовтің үлесі зор еді. Бірлескен істе береке бар деп бекер айтылмаған. Әлсіздің үніне, шарасыздың шырылына құлақ тосып, табан астында көмек көрсету – азамат ісі. Жақсылық жасау үшін асып-тасудың қажеті шамалы, ең бастысы, мейірімді жүрек пен таза ниеттің жеткілікті екенін дәлелдеген осы азаматтарға ауыл тұрғындарының алғысы бөлек.

Сердалы ШАЛБАЕВ,

Жаңақұрылыс ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы.

Арал ауданы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<