Кеше облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова карантин шектеулерінің жеңілдетілуіне байланысты түрлі азаматтық қоғам өкілдерімен кездесті. Кездесуде азаматтар өңір басшысына толғандырып жүрген мәселелерін жеткізді деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Атап айтсақ, Шиелі ауданының тұрғыны, 1 топ мүгедегі Тамара Ақмағамбетова мүмкіндігі шектеулі жандардың мәселелерін көтеріп, оның ішінде аудандағы инватаксидің талапқа сай еместігі туралы шағымын білдірді. Аймақ басшысы Т.Ақмағамбетованың шағымын назарға алып, облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Т.Дүйсебаевқа тиісті тапсырмалар берді және орындалу барысын баяндауды тапсырды.
Сондай-ақ, Жаңақорған ауданының тұрғыны, көпбалалы ана, «Ақжүніс» аналар қоғамының Қызылорда облысы бойынша өкілі Сандуғаш Тұрлыбекова аудандағы көпбалалы және жалғызбасты аналардың жағдайын қозғап, әлеуметтік көмектер көрсетуге байланысты өтінішін жеткізді. Аймақ басшысы Жаңақорған ауданының әкімдігіне көтерілген мәселелерді зерделеп, шешу жолдарын қарастыру бойынша бірқатар тапсырма берді.
Кездесуде Жалағаш ауданының тұрғыны, көпбалалы ана Эльмира Жанзақова денсаулық сақтау саласындағы мәселелерді айтты. Оның ішінде ауруханаларға жатып, жоспарлы ем алуда қиындықтар бар екеніне шағымын білдірді. Осыған орай, облыс әкімі облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы С.Пазыловқа тұрғындардың ем алуында кедергілер болмауын және жақсы жағдай жасалу керек екенін ескертті.
Өз кезегінде «Ұмай» мектеп жасына дейінгі балаларға арналған сауықтыру және тәрбиелеу қайырымдылық үйі» мекемесінің директоры, «Ұмай» балалар үйінің құрылтайшысы, БҰҰ ЮНИСЕФ балалар қорының Қызылорда облысындағы өкілі Анар Ізден «Қызылорда облысының Азаматтық Альянсы» Қауымдастығына қатысты ұсыныстарын жеткізді. Облыс басшысы облыстық ішкі саясат басқармасына мәселені назарға алып, қолдау көрсетуді тапсырды.
Ал, Қызылорда қаласының тұрғыны Нұргүл Махан жас мамандардың жұмыспен қамту мәселесін көтерсе, жас кәсіпкер Евгений Демиденко жаңашыл бизнес-жобаны жүзеге асыру үшін қолдау көрсетуді өтінді. Облыс әкімі тиісті сала басшыларына аталған мәселелерді назарда ұстау және шешу жолдарын қарастыру жөнінде тапсырма берді.
«СБ» ақпарат
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<