Бағыт айқындаған басты құжат

749

0

Ата Заңымыздың 25 жылдық мерекесі, Білім күні мемлекет басшысының Парламенттің қос палатасының бірлескен отырысындағы  еліміздің дағдарыстан кейінгі кезеңдегі даму мақсаттарын айқындайтын «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: Іс-қимыл кезеңі» атты халыққа Жолдауына жалғасты.

Аталған маңызды құжатта негізгі басымдық экономикалық және әлеуметтік мәселелерге бағытталып, дәл бүгінгі күннің сұранысына толық жауап беріп тұр. Өйткені, Жолдауда ел өмірінің барлық саласындағы ең күрделі мәселелер қамтылған және еліміздің әр саласындағы жағдай, қоғамдағы түрлі көңіл-күйдің Мемлекет басшысының басты назарында екендігін байқауға болады.

Жолдауда қазіргі күрделі жағдайдағы осал тұстарымызбен қатар ұтымды жақтарымыз да таразыланып, жаңа жағдайдағы Қазақстанның алдында тұрған бірнеше  іс-қимыл бағыттары айқындалған. Соның  ішінде Заң үстемдігі орнықпаса және азаматтардың қауіпсіздігіне кепілдік берілмесе, әлеуметтік-экономикалық дамудың бірде-бір міндеті табысты жүзеге асырылмайтындығы Жолдау­да жан-жақты айтылған. Өйткені, азаматтарының лайықты өмір сүруіне жағдай жасау, құқықтарын қорғау, заң үстемдігін қамтамасыз ету, жемқорлыққа қарсы күресті күшейту – әрбір мемлекеттің басты міндеті.

Мемлекет басшысы «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» – бұл, шын мәнісінде, «Әділетті мемлекет» құру тұжырымдамасы. Азаматтардың мәселелерін тыңдап, көріп қана қою жеткіліксіз. Ең бастысы – дұрыс және әділ шешім шығару қажет», – дей келе, еліміздің қазіргі жағдайдағы талабына қарай құқық қорғау және сот жүйелеріне реформа қажеттігіне баса назар аударады. 

Сонымен қатар Президент жемқорлықтың пайда болу себептері мен оның алдын алу жұмыстарының сапасына, жемқорлыққа апаратын факторларды анықтау үшін мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектордың нормативтік актілері мен жұмыс үдерісіне жемқорлыққа қарсы күрес тұрғысынан арнайы талдау жүргізілуіне ерекше мән берілу керектігіне тоқталды.

Осы бағытта Жолдаудағы тағы бір ерекшелік – сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің жаңа тәсілдерін енгізу, атап айтар болсақ: сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыс жаса­ған­дарға шартты түрде мерзімінен бұрын босату шарасын қолданбау, жемқорлықпен ұсталғандардың мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік секторда жұмыс істеуіне өмір бойы тыйым салатын қағиданы қатаң сақтау, сыбайлас жемқорлық деректері туралы хабарлаған адамдарды заң жүзінде қорғайтын жүйе қалыптастырудың қажеттігі.

Мемлекет басшысы мемлекеттік органдардың, квазимемлекеттік сектордың қоғам алдындағы ашықтығын және есептілігін қамтамасыз етуге жол ашатын «Қоғамдық бақылау туралы» заң жобасын әзірлеп, Парламент қарауына ұсынуды тапсырды. 

Осы орайда Қоғамдық кеңестердің рөлін арттыруды, оларды сатып алуды ұйымдастыратын комиссиялардың жұмысына тарту қажеттігін, квазимемлекеттік секторда да қоғамдық кеңестер құру мүмкіндігін қарастыруды да алға тартты. Сонымен қатар, Қоғамдық кеңестердің құрамына түрлі әлеуметтік топ өкілдерін кеңінен тарту, әсіресе, мүмкіндігі шектеулі адамдардың осындай ұйымдардың жұмысына араласып, өз үндерін жеткізуі үшін қолайлы жағдай жасау керектігін де баса айтты.

Қоғамдық кеңес – ол бақылаушы, тексеруші орган емес, ол – халықтың мұң-мұқтажын, көңіл-күйін билікке жеткізіп, бірлесе шешім шығаруға ықпал ететін консультативті кеңесші  орган. Міне, ізгілік тұрғысынан алғанда, бұл кеңеске де артылар жауапкершілік аз емес.

Мемлекет басшысы өткен жылғы «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты халыққа алғашқы Жолдауында: «Билік пен қоғам арасында тұрақты диалог орнату арқылы ғана қазіргі геосаяси ахуалға бейімделген үйлесімді мемлекет қалыптастыруға болады. Осы мақсатпен біз белгілі қоғам өкілдерін қамтитын Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құрдық» деген болатын.

Міне, аталған кеңес жыл аясында азаматтық диалогты дамыту ісіне тың серпін беріп, «Бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» жаңа заң қабылдануына, «Саяси партиялар туралы», «Сайлау туралы» заңдарға біршама өзгерістер енгізілуіне ықпал етті. Алда Қоғамдық кеңеске үлкен сенім артылған жаңа Жолдаудан туындайтын тапсырмаларды орындау міндеті тұр.

Мемлекет басшысы демократияның басты жауы – білімсіздік пен популизм екендігін, азаматтардың осыны естен шығармау керектігін айта келіп, жаңа жағдайдағы Қазақстанның іс-қимыл реформаларын жүзеге асыру үшін азаматтардың қолдау білдіретініне үлкен сенім артты.

Ұсынылған жаңа реформалардың табысты жүзеге асуы әрбірімізден адалдықты, әділдікті, отаншылдықты және үлкен жауапкершілікті, уақыт талабына сай ұстанымымызды жаңаша өзгертуімізді талап етеді.

Б.Сайлыбаев,

облыстық қоғамдық кеңес төрағасы,

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаменті жанындағы қоғамдық үгіт-насихат тобының жетекшісі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<