9 сәуір күні Нұр-Сұлтан қаласының уақытымен сағат 13:42-де Байқоңыр ғарыш айлағынан «Союз МС-18» көліктік басқарылатын кемесі (КБК) бар «Союз 2.1а» зымыран-тасығышы ұшырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Ю.А.Гагарин» атауын алған басқарылатын кеменің бортында Халықаралық ғарыш стансасына құрамында «Союз МС-18» кемесінің командирі және ХҒС-65 эскпедициясы, Роскосмос ғарышкері Олег Новицкий, бортинженер-1, ресейлік ғарышкер Петр Дубров және бортинженер-2, NASA астронавты Марк Ванде Хай бар ресейлік-америкалық экипаж аттанды.
Бұл 49 жастағы Ресей ғарышкері Олег Новицкийдің ғарышқа үшінші рет ұшуы. Американдық 54 жастағы астронавт Марк Ванде Хай ғарышқа осымен екінші рет аттанды. Экипаждың ең жас мүшесі – 43 жастағы Петр Дубров ғарышқа алғашқы рет ұшып отыр.
Ұшыру штаттық режимде өтті. Зымыран-тасығыш сатыларының жоспарлы бөлінуі ұшыру циклограммасына сәйкес өтті.Старттың 10-ыншы минутында «Гагарин» ғарыш кемесі орбитаға шығарылды. «Союз МС-18» кемесінің Халықаралық ғарыш стансасымен түйісуі қысқа жүйе бойынша жүріп, старттан кейін шамамен үш сағаттан соң өтуі тиіс.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<