Балаларды қорғау күніне және “Бала еңбегін қанауға қарсы 12 күн” ұлттық ақпараттық науқанына орай өңірлік коммуникациялар қызметінде сала мамандарының қатысуымен брифинг өтті.
Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Б.Бердәулетов, облыстық білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті басшысының орынбасары А.Мырзағалиева және облыстық еңбек саласындағы бақылау басқармасының бөлім басшысы Н.Жапақов балалардың құқығын қорғау және қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан жұмыстардан хабардар етті.
Білім басқармасы басшысы орынбасарының айтуынша, қазіргі пандемия жағдайында балалардың қауіпсіздігін сақтай отырып, 20 мамыр-12 маусым аралығында “Бақытты бала – бақытты ел” тақырыбында бірқатар мерекелік шаралар өтеді. Оның ішінде “Жаңа күн – жаңа тұлға” бағдарламасында жетістікке жеткен балалармен кездесулер ұйымдастырылады. Жазғы демалыс кезінде балалардың қауіпсіздігін сақтау мақсатында білім басқармасы, облыстық полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі, еңбек саласындағы бақылау басқармасы және үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп, тұрақты рейдтік шаралар ұйымдастырылуда.
Биыл жазғы демалыс уақытында 8 лагерь жұмыс жасайды, онда 10 мыңнан астам бала демалады. Бұл үшін жергілікті бюджеттен 263 млн теңге қаржы бағытталды. Ал 275 мектеп жанындағы күндізгі лагерьлерде 90 мыңнан астам бала демалатын болады. Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған және аз қамтылған отбасынан шыққан 30 мың балаға сауықтыру демалысы, саяхаттар ұсынылса, 49 мың бала басқа да демалыс түрлерімен қамтылады.
Білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті басшысы орынбасарының айтуынша, қазіргі уақытта қоғамдағы ақпараттардың әртүрлі болуы және тез тарауы балаларды жан-жақты қорғауды талап етеді. Бұл орайда бала құқығының сақталуын және қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында ата-ананың міндеттері, сонымен қатар, әкімшілік жауаптылық бар.
Облыс бойынша еңбек саласындағы бақылау басқармасының бөлім басшысы жазғы демалыс уақытында жасөспірімдердің еңбек етуіне байланысты бекітілген ережелер мен заңдылықтарды түсіндірді. Балалардың жас ерекшеліктеріне сәйкес жұмыс жасайтын шекті уақыты, оларға рұқсат етілетін жұмыс түрлері бойынша бекітілген ережелер орындалмаған жағдайда жұмыс беруші заң алдында жауапкершілікке тартылатынын айтты.
«СБ» ақпарат
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<