Халықаралық балаларды қорғау күніне орай облыстық білім басқармасы мен «Bilim foundation» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен жасөспірімдердің психикалық денсаулығын нығайтуға бағытталған акция өтті. Жасөспірімдердің психологиялық саулығын сақтау жұмысын үйлестіру орталығында өткен акцияның алғашқы күні Facebook-тегі «BilimKZO» парақшасында заңгер, дәрігер, психолог мамандармен тікелей эфир өтті.
Онда «Қамқорлық» дағдарыс орталығының директоры Жандос Тұсмағамбетов тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тап болғандарға дағдарыс орталығы тарапынан жасалатын қолдау шараларын таныстырды. Сонымен қатар, «Bilim foundation» қоғамдық қорының психологы Сымбат Әбдірахманова баланың қалыптасуы, ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынастың маңызы туралы баяндады. Дәрігер-психиатр Марат Шаумбасов бала денсаулығына қатысты маңызды кеңестер, ата-аналардың сұрақтарына жауап берді.
Екінші күні облыстық жастар ресурстық орталығында жасөспірімдерге арналған тимбилдинг ұйымдастырылды. Іс-шара барысында жасөспірімдер арасында спорттық сайыс түрлерінен командалық эстафеталық жарыстар өткізілді. Жарыс соңында жеңімпаздар марапатталып, қатысушылар мерекелік концертті тамашалады.
Акция Жасөспірімдердің психологиялық саулығын сақтау жұмысын үйлестіру орталығындағы ашық есік күнімен қорытындыланды. Оның аясында жасөспірімдерге арт-терапия, тренингтер, психологиялық ойын-жаттығулар, психологтың және психиатр дәрігердің қабылдауы өтті.
«Bilim foundation» қоғамдық қорының аймақтық өкілдігінің басшысы Жұмагүл Баянова кез келген ата-ана орталыққа келіп, өз балаларына қатысты кеңес алуына болатынын айтады.
– Әрбір ата-ана бала психикасы мақтадай жұмсақ, өте нәзік болатынын білуі керек. Балалар қоғамдағы, отбасындағы кез келген қиындыққа өздерін кінәлай бастайды. Соның салдарынан эмоцианалды қиындықтар, психикалық бұзылыстар орын алады. Баланың жиі күрсінуі, пессимистік танытып, қайғылы әуендер тыңдай бастауы, тұйықталуы, оқшаулануы, әдеттен тыс көп ұйықтауы, ашуланшақ болып кетуі, өмір сүргісі келмейтінін білдіретін сөздерді жиі айта бастауы, осылардың барлығы – баланың психикасындағы бұзылыстардан хабар беретін дүниелер. Орталықтың мақсаты – бала психикасын қалыпқа келтіру, бұзылыстарының алдын алу, – дейді ол.
Айта кетейік, Жасөспірімдердің психологиялық саулығын сақтау жұмысын үйлестіру орталығы өткен жылдан бастап жұмыс жасауда. Орталық жеке және топтық психологиялық, дәрігерлік кеңес беру, психологиялық-психиатриялық көмек қызметтерін тегін көрсетеді.
Сондай-ақ, жасөспірімдердің өмірлік дағдыларын қалыптастыру, дәрігерлер мен психологтардың жасөспірімдердің психикалық саулығы бойынша біліктіліктерін арттыру, мектеп қызметкерлерін, ата-аналарды бала психологиясы бойынша ақпараттандыру бағытында жұмыс жасайды.
Биболат СӘТЖАН,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<