Бар қазақтың Өзбекәлісі

468

0

«Ұлттық мемлекетіміздің қайтадан қалпына келтірілуіне, тәуелсіз даму жолына түсуіне де Өзағаңның сіңірген еңбегі ерекше»

Ә.Кекілбаев

Әлі есімде, туған ауылым Маяқұм елді мекеніндегі орта мектептің 8-сыныбына көштік. Комсомол қатарына өтуге бір топ оқушыларды аудан орталығы Шәуілдірге алып келді. Қызылқұм аудандық комсомол комитетінде бюро мүшелері болу керек, ылғи әдеми киінген, жалындап тұрған жас жігіттер тобы отырды. Мені бірінші кіргізді. Ол кезде комсомолдың уставын, ережелерін партия, комсомол басшыларының есімдерін жаттау міндеттелетін. Төрде отырған бұйра шашты, Ғани Мұратбаевқа ұқсайтын  30-дар  шама­сындағы ағай сұрақты бастады.

– Кімсің, аты-жөнің, оқуың бес пе? Қандай қоғамдық жұмыстарға араласасың? – деген сауалдар қойды. Жауап бердім. Бюро деген басқосуды бірінші көруім, жүрексініп тұрмын. Әлгі ағай «Партияның, комсомолдың бірінші басшылары кім?» – деді. «Партияның бас хатшысы Леонид Брежнев, ВЛКСМ-ның бірінші хатшысы Евгений Тяжельников» деп жауап қаттым.

– Ал енді Қазақстанның бірінші басшылары кім?

– Партияның басшысы Дінмұхамед Қонаев, комсомолдың бірінші хатшысы Өзбекәлі Жәнібеков, – деп жауап бердім.

– Сен Өзбекәлі Жәнібековті білесің бе? – деді.

– Иә, біздің ауылдан, менің әкеммен бірге оқыған. Мен Өзбекәлі ағай оқыған мектептен келдім, – дедім.

– Біз партияның, Өзбекәлі Жәнібековтің сөздерін басшылыққа алуымыз  керек. Өйткені болашақ жастардыкі. Ол – Отырардан түлеп ұшқан тұлға, – деді.

Бұл бюроны басқарып отырған Қызылқұм аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы Арысбек Тәжиев екен. Орталық Комитеттің тапсырмасымен, Өзекеңнің тікелей бұйрығымен осы ауданға бірінші хатшы болып сайланған. Ауданда комсомол жастар бригадасы көптеп құрылды. Механизаторлар, қыз-келін­шектер трактордың рөліне отырды. Шопандар бригадасы да ұйымдасты. Жастар ауылдық жердегі құрылыс жұмыстарын жүргізді. Осы істердің басы-қасында Арысбек Тәжиев ағай­дың есімі жақсы аталады. Өйткені ол Өзбекәлі Жәнібековтің тікелей тапсырмасы деп әңгімені әріден бастайды. Кейін партия ұйымдарында басшылық қызметте болды, облыстың құрметті азаматы атанды. Бұл да Өзекеңнің тікелей шарапаты болса керек.

Өзбекәлі Жәнібеков Қазақ ССР Жоғарғы кеңесінің депутаты болды. Сессиясының үзілісі кезінде мені қасына шақырып алып, жеке әңгімелесетін. «Сенің әкеңмен бірге оқыдым, Уәйіс атадан бата алдым» деп еске алушы еді. Менің үлкен атам Уәйіс қожаның әкесі Төрежан ахун есімі Сыр бойына белгілі дін ғұламасы болған. Арғы аталары Хорасан атаның ұрпақтары. Жаңақорған ауданында Хорасан ата кесенесі, алып күмбезді ғибадат орны бар. Мен сол «Хорасан ата» қорының президентімін. Жыл сайын 3 мыңнан астам адам қатысатын үлкен жиын, халықаралық конференция өткіземіз. Көгалдандырып, ағаш егеміз қазір 2000 түп ағаш бар.

Төрежан ахун имандылықты, исламды дәріптеу мақсатында Арқа жеріне Сырымбет даласына 30 күн оразаның кезінде барады екен. Уәли төре мен оның жұбайы Сарғалтай қожаның қызы Айғаныммен өте жақсы сыйластық дәрежеде араласқан. Бір сапарында Уәлиханның ұлы Шыңғыс төре ұлды болып, оның атын Төрежан ахунға қойдырыпты. Бөбекті қолына алып «Сәбидің аты «Мұхамед-Ханафия» болсын» деп үш рет азан шақырып  қояды. Айғаным әже кішкентай сәбиді еркелетіп «Шоқаным, Шоқа­ным» деп атап кеткен екен. Тарихи тұлға Шоқан Уәлихановтың есімі осылай қойылған. Осыны Өзбекәлі ағаға айтып бергенде, «Оны әлі зерттеу керек, жүрген жерінде айтып жүр» деп еді. Өзі де Шотаман Уәлихановқа айтыпты.

Бірде Өзекең «Сол ғұлама тұлға­лардың ұстаздары тобын білесің бе?» деп  сұрақ қойды. Сыр бойында Айқожа ишан, Құлболды ишан, Марал ишан, Қосым ишан, Тұрмағанбет шайыр, Садридин Айни – бәрі де Бұқарада  Көкілташ,  Мір Араб медреселерінде білім алған. Айқожа ишан Жаңақорғандағы Ақтас мешітін салдырған. Кейін сол мешітте халық жазушысы Қалтай Мұхамеджановтың әкесі Мұхамеджан Нұрекеев медресе ашып, бала оқытты. Ол мешіт кеңес заманында мал қораға айналған еді. Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы Өзбекәлі Жәнібеков жазушы Бегімбай Ұзақ­баевқа телефон шалып: «Ақтас мешітін мал қорадан тазала, айналасына ағаш ек, қазақтың оюлаған киіз-текеметі қойылсын» деп тапсырма берген екен.

Мұндай жайт Мұхтар Әуезовтің Оңтүстік сапарында кездескен. Ұлы Мұхаң Шаян, Созақ аудандарын аралаған сапарында Созақтағы Баба ата, Ысқақ баб кесенесі де мал қораға айналғанын көрген. Қасындағы аудандық парткомның бірінші хатшысы Төлепбек Назарбековке және Әділ Сасбұқаевқа тапсырма берген. Мұхаңның көрегендігін халыққа өнеге етіп айтып бергенін Өзбекәлі ағадан естідім.

Өзекең басшы қызметтердің барлығынан өтті. Қазақстан Комсомолы ОК бірінші хатшысы, ВЛКСМ ОК бюро мүшесі, обком хатшысы, ОК бөлім басшысы, Мәдениет министрі, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитет хатшысы. Мәскеуге келген сайын Нұртас Оңдасыновқа барып сәлем береді, елдің жаңалығын айтады. Кешегі Алаш арыстарын ақтауды, Наурыз мерекесі, Тіл туралы заңның қайта жаңғыруы, Түркістандағы Тай­қазанды елге әкелу жайында Н.Оңдасыновтың көп ақылын тың­дадым дейтін.

Өзбекәлі Жәнібекұлының туып-өскен ортасы әйгілі Отырар ауда­нындағы Отырартөбеге экспе­диция­лық топ археологиялық қазба жұмыс­тарын жүргізеді. Бұл  Өзекең­нің тікелей тапсырмасы болатын. Осыдан 7-8 жыл бұрын дария тасып, Маяқұм елді мекенін су алып кетті. Үкіметтен үлкен көмек болды, 100 жаңа (5 бөлмелі) үйді тегін салып берді. Қоныстойға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев арнайы келіп халықпен кездесті. Тұңғыш Президентке тұр­ғындар алғысын айтты. Бұл елде Өзбекәлі Жәнібеков туып-өскені сөз болды. Сонда Елбасы «Халқымыз құрметтейтін ұлтжанды азамат, менің ұстазым» деп Өзекең туралы жылы лебіз білдірді.

Өзбекәлі ағаның үйіне Қалихан апаның шайын ішеміз деп Тұран Ізтаев, Көпен Әмірбек, Ақбол Серімова барып тұратын едік. Сұсты көрінгенімен, шешіле сөйлегеннен кейін өзіне баурап алатын. 

Мен еліміз Тәуелсіздік алған соң Түркияда Қазақ телевизиясы мен радиосының арнаулы тілшісі, Германиядағы Азаттық радиосының (Хасен Оралтай) тұрақты тілшісі, онан соң Түркияда Қазақ елшілігі ашылып, Стамбул қаласында Бас консул қызметтерін атқардым. Ағамыз қа­сында белгілі қаламгер-этнограф Ақселеу Сейдімбеков, Қойшығара Салғаринмен бірге Стамбулда болды. Осман сұлтанаты кезінде салын­ған мешіт-мұражайларға, тарихи орын­дарға барды. Сұлтандардың әрқай­сына тоқталып, терең білім­дар­лығын көрсетті. Түрік ағайындар тәнті болды. 60-70 жыл бұрын айтылған Мұстафа Кемал Ататүріктің түркі дүниесі туралы қанатты сөздерін тілге тиек етті. Түркі әлеміне кеңінен құлаш ұрған білімдар, саясаткер, тарихшы, нағыз мемлекет қайраткері еді.

Ө.Жәнібеков республиканың бар­­лық аймақтарында болып, көп­теген кездесу өткізді. Қоғамдағы жастардың рөлін кө­теруге айрықша үлес қосты. Ол кезде бүкілодақтық, республикалық екпінді құрылыстар көп болатын. «Қазақстан Магниткасы» атанған Теміртаудағы құрылыста жастардың ортасында жүрді. Екібастұз ГРЭС-інің, Маңғыстаудағы Қаламқас, Қара­жанбас, Бозашы мұнай кеніш­терінде, Жамбылдағы фосфор заводында, Қостанайдағы екпінді нысандар, Торғай боксит рудасы, Семей Жаңа Шүлбі ГЭС-і, Ақтөбедегі Дон кен орны, Шиелісай кен орны, Қаратау, Жаңатас, Кентау, Ақтау, Рудный, Текелі, Қапшағай қалаларының дүниеге келуі, бой көтеруі жастардың еңбегінің арқасында.

Қой шаруашылығын дамыту үшін де жастар бригадасын құру туралы үндеу көтерді. Шұбартаулық жастардың бастамасы – осының айғағы. Мойынқұмдағы екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Жазылбек Қуанышбаевтың шопан таяғын жастарға берудегі өнегелі істері, егіншілік, диқаншылықта екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Ыбырай Жақаевтың қасиетті қара кетпенін ізбасарларына тапсыру рәсімінде Өз­бекәлі Жәнібековтің арнайы болға­нын бүгінде Сыр бойының халқы жыр қылып айтады.

Қазақ топырағынан тұңғыш ғарыш­кер  Юрий Гагарин көкке самға­ғанда Нұрсұлтан ­Назарбаев екеуі тарихи оқиғаға қатысқан. Одан кейін екінші ғарышкер Герман Титовты Мәскеудегі қалашықтан Байқоңырға ертіп келді. Ыбырай атамен және жастармен кездесулер ұйым­дастырылды. Ол кезде Өзекеңнің жанында облыстың бірінші басшысы Хасен Бектұрғанов, комсомолдың бірінші хатшысы Абылай Айдосов бірге болған еді.

Бір жылдары коммунистік ­партия­ның түкірігі жерге түспей тұрған заманында Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті секре­та­риатының кезекті басқосуы өтті. Оны Орта­лық комитет  хатшысы Мельник жүргізіп отырды. Ауыл шар­уа­шылығы министрі Рогинец, «Каз­сельхоз­техника» республикалық бірлестігінің басшысы Батраков сөз сөйлеп, қыз-жігіттерді қой бағуға, трактор руліне отыруға, сауыншылық салаға баруға шақырды. Батраков жаңа «К-700» алып тракторлар мен комбайндарды тек қыздарға беремін деп көкіді.

Бір кезде Қазақстан Комсомолы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Өзбекәлі Жәнібеков сөз алды.

– Жолдастар, әлгі сөйлеген министрлер Қазақстанға жаңа техникаларды алдырғаны – құптарлық іс. Оларды 30-40 жылдан бері ескі техникаларды жүргізген тәжірибелі жүргізуші мамандарға беру керек. Ал жастардың негізінен білім алғанын, жоғары оқу орындарына барғанын қалар едім. Ал қыз балалардың техникаға, рульге отыруына қар­сымын. Олар ертеңгі ана емес пе? – деп кесіп айтты. Жиын Жәнібековтің сөзімен аяқталды. Алайда партияның сөзі жүріп тұрған заманда бастамалар кейіннен қолдау тауып жатты. Сол кездері қазақ қыздары жаңа трактор руліне отырды. Қостанайлық Кәмшат Дөненбаева, ақмолалық неміс қызы, қазақ келіні Наталья Геллерт К-700, «Кировец» алып тракторларын жүр­гізді. Кейін екеуі де Социалистік Еңбек Ері, СССР Жоғары кеңесінің депутаты болып сайланды. Міне, партияның саясаты.

Бірде Түркияға мемлекет қай­раткері Михаил Иванович Исеналиев келді. Қасында Советқазы Ақатаев бар. Түркі дүниесі көшбас­шы­ларының бірі болған Алпарслан Түркешке алып бардым, кездесу өте сәтті өтті. Сонда М.Исеналиев маған қарап:

– Енді мені Михаил Иванович деп атама, тек «Мәке» де, – деді. Мәке аға өзінің ең жақын досы Өзбекәлі Жәнібеков туралы күнде бір жақсы әңгіме айтады.

– Ресейдегі Челябі, Қорған облыстарында бүкілодақтық жиынға қатысып, елге қайтам деп тұрғанда қонақ үйге телефон соғылды. Көтерсем, Торғай обкомының хатшысы Өзбекәлі досым екен.

– Мәке, Торғай өңірі – тарихи шежірелі аймақ. Жер-жерден, ауыл­дардан әртүрлі жәдігерлер жинас­тырып, облыстық өлкетану музейін, театр және мәдениет үйлерін ашамын. «Шертер» ансамблін құрдық, өнерін тамашалайсың. Осы іс-шараға қатысып лентасын кесесің, өзің ашып бересің, – деді.

– Ойбай Өзеке, Орталық Комиеттен рұқсат алу керек. Әрі Торғайға бару қия жер ғой, – дедім.

– Қысқасы, келесің бе, келмейсің бе? Келмесең, сенімен достығымды шорт кесемін, – деп телефонды тас­тай салды.

Өзекеңнің мінезін өте жақсы білемін ғой. Дереу телефонды қайта қостырып, келетінімді айттым. Жаңа құрылған Торғайдың  мәдени өміріне қан жүріпті. Мәдениет, өнер нысандары ашылды. Музейде ауылдардан жинаған жәдігерлермен таныстырды.

– ХVІІІ ғасырдың басында жеті қазынаның бірі – итке арналған итаяқ-астауды өте шебер жасаған. Аманкелді ауданында бір малшының үйінде үлкен төбеттің алдынан көрдім. Иесі тамақ беріп жатыр екен. Дереу тапсырма беріп тазалап жуып, өз машинаммен Арқалыққа музейге алып келдім, – деді.

Осыдан кейін Торғай өңірінде итаяқ туралы жақсы әңгімелер кө­бейді. Бұл – Өзекеңнің талантының, ізде­ніш­тігінің, ұлтжандылығының бір көрінісі. Мен де Мәкең ағадан естіген әңгімемді көпшілікке айтып жүремін.

Елімізде Тіл туралы заңның қабыл­дануы, Наурыз мерекесінің қайта оралуы, Тайқазанның Түркіс­танға әкелінуі, саяси куғын-сүргін құрбандары болған Алаш арыс­тарын ақтау комиссиясының құрылуы – қайраткер еңбегінің нәтижесі. Өзағаның жанында қазақ­тың қаймақтары, ақылшы дана­гөйлері болды. Атап айтсақ, Салық Зиманов, Сұлтан Сартаев, Манаш Қозыбаев, Кеңес Нұрпейісов, Ғайрат Сапарғалиев, Ахмет Ержанов, Әбдуәлі Қайдаров, Қалтай Мұхамеджанов, Шерхан Мұртаза, Қадыр Мырзәлі, Әбіш Кекілбаев, Шора және Болат Сарыбаевтар, Мырзатай Жолдасбеков, Сағат Әшімбаев, Мұхтар Шаханов, тағы басқа ұлт жанашырлары. Сол кезде Қазақ телевизиясы мен радиосының басшысы, белгілі қаламгер Сағат Әшімбаевтің «Парыз бен қарыз» телевизиялық хабарына қатысушыларды шақыру, арнайы ертіп әкелу телевизия тілшісі, шолушысы маған жүктелген еді. Бұл – Орталық Комитетте отырған Өзбекәлі Жәнібековтің тікелей тапсырмасы. Өтпелі кезеңдегі «Парыз бен қарыз» хабары қоғамды дүр сілкіндіргені рас.

Қазақтың қайсар ұлдарының бірі, 1938 жылдан 1953 жылға дейін Қазақ ССР Халық Комиссарлар кеңесінің төрағасы, 15 жыл Қазақстан үкіметін басқарған, кейіннен Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі Президиумының төрағасы болған Нұртас Дәндібайұлы Оңдасыновтың «Біріншіден, менің қолым таза, ешкімнен бір нәрсе алып арымды былғағаным жоқ, екін­шіден жан-дүнием таза. Үштіктің айтақтауына еріп, біреуді жамандап сыртынан қол қойғаным жоқ. Үшіншіден, жүзім таза, ешкімді алаламадым, руға, жүзге бөлмедім. Тек бір қазақ халқына, оның болашағына адал қызмет еттім» деген ұлағатты да асыл сөздерін мен тура Өзбекәлі Жәнібековке арнар едім.

1991 жылы 28 тамызда комму­нистік партия өз жұмысын тоқтатты. Сол күні Өзбекәлі Жәнібековтің туған күні еді. Шағын топ тойлады. Қайта қызмет ұсынылмады. Тәуелсіздік алған соң шетелдерде қазақ елшіліктері ашылып жатты. Кез келген елге, әсіресе түркітілдес мемлекеттерге Өзекең сияқты тұлғаларды елші қызметке жіберсе, одан көп нәрсе ұтар едік. Нағыз елші, нағыз дип­ломат, нағыз  қайраткер Өзекең емес пе?! Заңғар жазушы Шыңғыс Айтматов, режиссер Төлеміш Өкеев, Олжас Сүлейменов, Мұхтар Шаханов шетелдерде елші қызметтерін атқарды ғой.

Иә, өмірдің көш керуені тоқтаусыз. Бар қазақтың Өзбекәлісінің 90 жылдығы келді. Тарихты ешкім жоққа шығара алмайды. Оны халқы өте жақсы көрді, аса құрмет тұтты, еңбегін жоғары бағалады. Ендеше, мерейлі мерекесін жоғары дәрежеде өткізу барша көзі ашық, көкірегі ояу азаматтардың борышы деп білеміз.

Ержан Уәйіс,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<