Қызылорда қаласының Талсуат елді мекенінде бекіре өсірумен айналысатын шаруашылық бар. Су маржандары мұнда тереңдігі 50 метр болатын жерасты ұңғымасы арқылы тазарту сүзгісінен өткен суда өсіріледі. Жуырда Парламент Мәжілісінің депутаты Мұрат Ергешбаев ерекше жобаның жүзеге асырылу барысымен танысты. Бұған біз де қызығушылық танытып, шаруашылық жайын шолып қайттық.
«Хан Бекіре 11» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің иесі Ғалымжан Нағиев балық шаруашылығымен жеті жыл бұрын айналыса бастаған. Өзі құқық қорғау органында талай жыл еңбек етіп, подполковник шенімен отставкіге шыққан. Алғашқыда Сыр өңіріне тән сазан, дөңмаңдай, амур балықтарын өсіріп жүріпті. Бекіре шаруашылығына ден қойғалы небәрі екі жыл.
– Біздің өңірде бекіре 1964 жылы ресми түрде жойылған екен. Соны зерттей келе бұрын Арал теңізінде, Қамбаш көлінде болған балық түрін неге қайтадан өсірмеске деген ой келді. Алдымен оны Сырдарияның суында өсіруге бола ма, жоқ па, оның құрамындағы химиялық қоспаларға шыдай ма, жоқ па, соны байқап көру керек болды. Әзірге нәтиже жаман емес, – дейді кәсіпкер.
Ол алғашқы тәжірибесін Түркістан облысы Төлеби ауданының Леңгір қаласында өткізген. Өйткені бұл өңірде су таудан келеді, сондықтан таза болып есептеледі. Кейін игі бастаманы туған өлкесінде жалғастырды. Өткен жылы Талсуаттан арнайы нысан құрылысын жүргізіп, биыл мамыр айынан бастап бекіре тұқымды балық өсіруді қолға алды.
Кейіпкеріміз жасанды жолмен балық өсірудің артықшылықтарын санамалап берді.
– Уылдырық судың жиегінде жатады, толқын арқылы одан дернәсіл шығады. Ол шабаққа айналып, суды қалыпты деңгейде, яғни 20-25Сº температурада ұстағанда ғана біртіндеп өседі. Егер дарияда өссе, анабиоз жағдайында болады, яғни уақытша ұйқыға кетеді. Табиғи жолмен 1 млн уылдырықтың 1 пайызы ғана өсіп шығады. Қалғаны өледі, жем болады. Ал арнайы аппараттың көмегімен 50 пайыздан 80, кейде 90 пайызға дейінгі аралықта шығаруға болады. Өйткені мұнда оны жеп қоюы мүмкін жәндіктер, жыртқыштар жоқ. Сыр бойы, Каспий маңында балықты бұрын негізінен жабайы түрде аулап, өткізумен айналысқан. Қазіргі күні балық қорының азаюы салдарынан оны жасанды жолмен көбейтуге тура келеді. Мұның тиімділігі сол, балықтың қорегі, жағдайы қадағаланады, – дейді Ғалымжан Нағиев.
Шаруашылық нысанында қазіргі күні 5 мыңдай шабақ бар. Табиғи газ, су, электр жарығы жеткенімен бассейн тарлық етіп тұр. Ал бұл су маржанының өсу қарқынын төмендетеді. Осыған дейін өз қалтасынан 18 млн теңге қаржы жұмсаған ол мемлекет көмегінен дәмелі. «Amanat» партиясының «Ауыл аманаты» жобасына қатысу үшін құжат өткізіп те қойған. Ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға бағытталған бағдарлама аясында кәсібін дөңгелетіп отырғандарға жеңілдетілген шартпен 31 млн теңгеден астам несие беру көзделген. Қаржылай мүмкіндікке қол жеткізген жағдайда нысанды инфрақұрылыммен жабдықтап, бекіренің барлық түрін өсіруге ниетті. Талсуат ауылдық округінің әкімі Ерлан Бейсенбаев алдағы уақытта кооператив нысаны орналасқан көшеге тас төсеу жоспарланғанын айтып отыр.
– Несие берсе, қолымыз ұзарып, айналымымыз ұлғаяр еді. Егер «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында ұсынған жобамыз өтсе, электр энергиясы мен суды үнемдеуге мүмкіндік туады. Суды қайтадан тазалап құю арқылы мың ретке дейін пайдалануға болады. Мысалы, 1 тонна балық шығару үшін кемінде 500 мың текше метр су қажет болса, бұл жағдайда су едәуір үнемделеді, – дейді кооператив иесі.
Бекірені әдетте «балықтың патшасы» деп атайды. Өте бағалы балық болғандықтан кәсіптік маңызы зор. Қара уылдырығы мен құнарлы әрі сіңімді еті әлемдік деңгейде өте жоғары бағаланады. Нарықтағы құны қымбат, келісі 10 мың теңге шамасында.
– Балалардың ішінде құрт неден пайда болады, таза емес өнім жегеннен. Америка, Еуропа халқы неге сазанды емес, дәл осы бекірені жейді? Бұл балықтың ерекшелігі, денесі құрт, микроб қабылдамайды. Керісінше адам ағзасына пайдалы дәрумен өте көп. Сондықтан ең таза балық болып есептеледі. Мұнда басқа балықтардағы сияқты тікен болмайды, тек шеміршек бар. Сүбе ет есебінде жүреді. Бекіре – балықтардың ішіндегі әлсізі. Салмағы 5 грамнан асқасын ғана иммунитеті жоғарылай бастайды Ауырған жағдайда қарап, тексеріп, емдейміз. Балықтың жемі ретінде Иран, Қырғызстан, Германия, Алматыдан шыққан өнім түрлерін қолданамыз. Күніне 4 сағат сайын 6 рет жем беріледі, – дейді кәсіпкер.
Бекіренің табиғатта ұрық шашып, көбеюі қиындау. Өйткені асыл тұқымды балықтар тек бірнеше жылдан кейін ғана уылдырық шашып, көбейеді. Кейіпкеріміз бассейндердегі балықтар алдағы жылдары-ақ салмақ жинап, халық тұтынатын өнімге айналуы мүмкін екенін жеткізді.

Назерке САНИЯЗОВА,
«Сыр бойы»






