Бауырсақ – бургер

1466

0

Қызылорда қаласының тұрғыны Нұрсұлтан Қал­мағанбет «Бауырдақ»  қазақы фаст-фуд желісін ашты. Заманға сай дәстүрлі ас дайындау­мен ерекшеленетін орталықтың ас мәзірінде ұлттық тағамдар да бар. Ашылғанына аз уақыт болса да, келушілер қатары артып келеді. Тұтынушыларға шұбат, қымыз, қымыран, айран секілді ұлттық сусындар ұсынылады. Жас кәсіпкер 10 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.

– Қазір үлкен де, кіші де фаст-фуд өнімдерін қолданады. Сондықтан болар сұраныс жоғары. «Өз тағамдарымызды қайта жаңғыртып, сұранысқа сай неге бейімдемеске?» деген ой содан туындады. Ерекшелігі – бургердің орнына бауырсақты қолданамыз. Көлемі үлкен бауырсақтың ортасынан бөліп, оған қойдың майы мен бауыр салып, дәмдеуіштер қосамыз, – дейді ол.

   Мұнда бургердің 8 түрі бар. Бәрі де бауырсақтан жасалады. Ішіне сиыр, тауық еті, қойдың бауыры, қазы қосылады. Бағасы да көңілге қонымды. Нұрсұлтан өскелең ұрпақ ұлттық тағам, сусын түрлерін біліп, дәмін татып өссе дейді.

  –      Байқайсыз ба, соңғы кез­дері қалада  ұлттық асханалар көбейген. Қытай, корей, ұйғыр, өзбек ұлттық дәмханаларына сұраныс артқан. Атаулары да сол елдің тілінде.  Әсіресе,  жастар  корей ұлтының сушиын сүйіп жейді, тапсырыспен алдырып жатады.  Жарнамасы да ерекше.  Жеңілдіктер де қарастырылған. Қоңырау шалсаңыз болды, үйіңізге әкеліп береді. Бойға аса сіңімді болмаса да, ақшасы қомақты. Шетелдің фаст-фуд өнімдеріне де қызығушылық басым. Балалардың ең дәмді асына айналған өнімді Бонн университетінің ғалымдары  иммундық жүйеде инфекция кезінде пайда болатындай реакция туғызады деген қорытынды шығарды. Өйткені онда май мен көмірсу көп. Соның салдарынан созылмалы қабыну, диабет секілді өзге де аурулар қаупі күшейеді екен. Сондықтан  фаст-фуд тағамдарын  балаларға  берерде ойланғанымыз жөн. Ал, біздің өнім – табиғи. Ешқандай зия­ны жоқ, – дейді Нұрсұлтан.

«Ас – адамның арқауы» деп бекер айтылмаған. Кез келген елдің өзіне тән ұлттық асханасы бар. Тіпті кейбір елдер туризмді дамыту үшін ұлттық асханаларына да ерекше мән береді. Біздің ұлттық тағамдарымыз бен сусындарымыз ешкімдікінен кем түспейді. Қайта құнары мен пайдасы жағынан оларға тең келетіні аз. Тағамдарымыз тойымды, денсаулыққа пайдалы. Мәселен, жаубүйрек, жөргем, жұмыр, қуырдақ, мипалау, нарын, түймеш, үлпершек, шұжық, бұқтырма сынды ұлттық тағамдар қайта жаңғырып, дас­тар­ханымыздан табылса, құба құп болар еді. Ұлттық тағам­дарымыз дайындалатын асханалар ашылып  жатса, насихаты мен жарнамасы, үйлестіруі ұтымды болса дейсің. Бастысы, жас кәсіпкердің жаңа бастамасы көпшіліктің талғамынан шықты. 

Кәсіпкер жергілікті шаруалармен келісімге келген. Таза шикізатты ешқандай қоспасыз күйінде жеткізіп береді. Енді ол алдағы уақытта ұлттық тағам түрлерін көбейтуді көздеп отыр. Сонымен қатар келешекте ас мәзірінде тек ұлттық тағамдар ғана бар мейрамхана ашуға ниетті.

Сара АДАЙБАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<