Бейбітшілік жолындағы маңызды қадам

442

0

Тәуелсіз еліміздің әлем алдындағы ең маңызды шешімдерінің бірі ядролық қарудан бас тартуы болды. Кеше «Семей полигонының жабылуы – тәуелсіздіктің теңдессіз жеңісі» атты облыстық конференция өтіп, қырық жыл бойы елге зардабын тигізген ядролық қарудан бас тарту бастамасының маңыздылығы туралы кеңінен айтылды.

Жиынға ҚР Парламенті Сенатының депутаты Ақмарал Әлназарова, облыс әкімінің орынбасары Серік Ахмет, мәс­лихат депутаттары, жоғары оқу орын­дарының ғалымдары, үкіметтік емес ұйым өкілдері қатысты. Сондай-ақ, қала, аудан­дардағы зиялы қауым өкілдері онлайн байланыста болды.

Конференцияға қатысу­шылар алды­мен Жамбыл облы­сында төтенше оқиға салдарынан қаза тапқан отандаста­рымызды 1 минут үнсіздікпен еске алды. Мұнан кейін облыс әкімінің орынбасары Серік Ахмет 1991 жылдың 29 тамызында ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Семей полигоны жабылғанын, Қазақстан әлемде бірінші болып ядролық қарудан бас тартқан ел екенін атап өтті.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «1991 жылы Семей полигоны жабылды. Оның еліміз ғана емес, барша қазақтың болашағы үшін айрықша маңызды шешім екенін ескеріп, арнайы іс-шара өткізу қажет деп санаймын» деп айтқан еді. Түрлі есептеулерге сүйенсек, Қазақстандағы поли­гон сынақтарынан 1 жарым миллионнан астам тұрғын зардап шеккен. Олардың қатарында полигон аймағында Кеңес әскері қатарында қызмет еткен облыстың 10 мыңнан астам адамы болған. Бүгінде олардың қатары мыңға жетер-жетпес болып сиреді.

Облыс әкімінің орынбасары өмірінің өлшеулі бір бөлігі – жау­қазын жастық шағының сүбелі үлесін қиыншылық, қасіретпен өткізсе де бүгінде ортамызда жүрген рухы биік, батыр да батыл жандармен жүздесу үлкен ғанибет екенін баса айтты. 

Жиында Ақмарал Әлназарова 29 тамыз тарих бетінде халыққа қасі­рет пен үміт сыйлаған күн ре­тін­де жазылғанын, сол жылдары ха­лық денсаулығы жолында еңбек ет­кен алғашқы дәрігер, ғалым­дар­­дың еңбегі елеулі екеніне тоқ­талды.

– Қырық жылдан астам уақыт халық­қа зардабын тигізіп, шұрайлы өлкені экологиялық апат аймағына айналдырған Семей ядролық сынақ полигонының жа­былғанына биыл 30 жыл толды. 1949 жылы 29 тамызда алғашқы сынақ жасалса, 42 жылдан кейін дәл сол күні Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының жарлығымен сынақ полигоны ресми түрде жабылды. Сынақ алаңын жабу – еліміз тәуелсіздік алар сәтте қабылданған ең маңызды шешімдердің бірі. Қазақстан Республикасының егемендігі туралы декларацияда мемлекет аумағы ядросыз аймақ деп жарияланды. Бүгінде қазақ елінің бұл бастамасын бүкіл әлем қолдайды. «Семей сынақ алаңын жабу ядролық қарусыз әлем құру жолындағы қазақ халқының ұлы қадамдарының бастауы болды. Қазақстан Семей сынақ алаңы жабылған сәттен бастап, адамзат тарихындағы ең зұлмат сойыл – ядролық қарумен күрестің көшбасшысы атанды» деп атап өтті Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев. Осылайша, еге­мендігін енді алған Қазақстан ядролық қарудан ерік­ті түрде бас тартқан бейбіт өмірдің жар­шысы ретінде әлемге таныла бастады, – деді сенатор.

Сондай-ақ, 1992 жылы полигоннан зардап шеккендерді әлеуметтік қорғау туралы заң шыққанын, құжат өз заманында уақытылы және қажетті құқықтық акт болғанын атап өтті.

Конференцияда өткен жыл­дарға шолу жасалып, Қорқыт ата атындағы Қызыл­орда уни­верситетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Тас­танбек Сәт­бай ядролық қаруды сынақтан өткізудің саяси астары, нақты тарихи деректерді баяндаса, Қызылорда облысы бойынша «Невада-Семей» қоғамдық бірлес­тігінің төрағасы Сәбит Әбіш сол кездегі күрделі жағдайларды, Семейде әскери борышын өтеген Қойшыбек Ержанов азаматтарға ауруханаларда жеңілдік қарас­тырылу керегін жеткізді. Ал, «Қызылорда облысының Үкі­меттік емес ұйымдарының Альянсы Ассоциациясы» ЗТБ-ның төр­айымы Анар Ізден бірнеше ұсынысын ортаға салды.

Басқосудың соңында өңір бойынша «Невада-Семей» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Сәбит Әбішке облыс әкімінің алғыс хаты табысталды.

Айдана ЖҰМАДИНОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<