«Белкөлдің» жаңа белесі

264

0

Фото: автордан

Екі мыңнан астам тұрғыны бар «Белкөл» кенті жыл санап жаңаша күйге еніп келеді.

Инфрақұрылым дамып, экономикалық әрі әлеуметтік сала тұрақты түрде ілгерілеуде. Кәсіпкерлік өріс алып, білім мен мәдениет салалары да жаңаша серпінмен дамуда. Барлық салада жүйелілік бар. Мұны кентке аяқ басқан сәттен-ақ сезінуге болады. Кең көшелер, жаңа нысандар мен келбетті ғимараттар кенттің бүгінгі тыныс-тіршілігін паш етеді.

Кәсіпке бетбұрыс

Кентте 464 шағын кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Оның 460-сы нақты жұмыс жасап тұр. Биылдың өзінде 79 кәсіпкерлік субъекті тіркеліп, 81 тұрақты жұмыс орны ашылды. Мемлекеттік бағдарламалар да тұрғындардың кәсіп бастауына үлкен серпін беріп отыр. Бірінші жартыжылдықта  «Бизнес-Бастау» бағдарламасы аясында 13 тұрғын оқу курсын аяқтап, 6 тұрғын 9,4 млн теңге қайтарымсыз грант иеленді. Одан бөлек 154,7 млн теңгені құрайтын 7 жоба қаржыландырылды. Ал «Байқоңыр ӘКК»  АҚ арқылы «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 3 жоба қаржыландырылса, «Іскер» бағдарламасы аясында «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы бір кәсіпкердің жобасы қолдауға ие болды.

Қаржыға ие болған кәсіпкерлер Несібелі Маханова, Нұржан Белгібаев, Нұрбол Нұрымбетов, Қанат Ержанов асыл тұқымды ірі қара мен ұсақ мал өсіріп, кәсіптерін жандандырмақ.

– Қазір кәсіп бастаймын деген адамға мүмкіндік мол. Әсіресе, мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау орасан. Мен де осы қолдауды тиімді пайдаланып, мал басын арттыру үшін жеңілдетілген несие алдым. Енді сол бастаманы сәтті жалғастырып, өз кәсібімді өркендетіп, ауыл шаруашылығын дамытуға үлес қосуды көздеп отырмын, – дейді кәсіпкер Несібелі Маханова.

Кенттегі кәсіпкерліктің дамуы көңіл қуантады. Бұл – халықтың тынымсыз еңбегі мен мемлекеттің қолдауының нәтижесі.

– Кәсіпкерлерге көрсетіліп жатқан қолдау өз жемісін беруде. Кент үшін бұл үлкен жетістік деп білемін. Қазіргі таңда «Микробизнес-Қызылорда» бағдарламасы шеңберінде  «Өңірлік инвестициялық орталық» микроқаржы ұйымы арқылы жеке кәсіпкер  Аяулым Алдашова ауыр жүк көлігі техникасын сатып алу жобасы бойынша  9,3 млн теңгеге қол жеткізді. Сонымен қатар, «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жоба» аясында екінші деңгейлі банктер арқылы жалпы сомасы 114,6 млн теңгені құрайтын 2 жоба  қолдау тауып отыр. Бұл жобалар жүзеге асқанда кенттегі кәсіпкерлік кеңейіп,  экономикалық әлеует арта түсері сөзсіз, – дейді кент әкімі Жасұлан Сәду.

Білім мен денсаулық – басты назарда

Белкөл кентінде білім беру және денсаулық сақтау салалары бойынша да жүйелі жұмыстар атқарылуда. Мәселен, кентке қарасты  екі мектеп – №189 және №145 орта мектептері жұмыс істейді. Оларда 879 оқушы бар. Сондай-ақ, бір мемлекеттік балабақша бар. Мұнда 160 бүлдіршін тәрбиеленуде. Балабақша ғимараты 2020 жылы «Жұмыспен қамту 2020» бағдарламасы аясында күрделі жөндеуден өтіп, қазіргі заман талабына сай жабдықталған.

Халық денсаулығын сақтау бағытында да ауқымды жобалар жүзеге асуда. 2020 жылы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында заманауи дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілді. Бұл нысан теміржол ауруханасының құрамына кіреді. Амбулаторияда 8 орындық күндізгі стационар қарастырылған. Ал кентке қарасты «Бірқазан» елді мекенінде 2018 жылы жаңа медициналық бекет ашылып, халыққа қызмет көрсетіп келеді. Бұл мекеме заманауи талаптарға сай жабдықталып, ауыл тұрғындарының алғашқы медициналық көмекке қолжетімділігін айтарлықтай арттырды.

Инфрақұрылым игілігі

Өткен жылы мұнда бірқатар көше жаңарып, тұрғындарға қолайлы орта жасалған болатын. Атап айтқанда, К.Әбдіқадыров көшесінде ұзындығы 1,9 шақырымды құрайтын жаяу жүргіншілер жолы салынды. Жоба құны – 62,3 млн теңге. Сонымен қатар, Бірлік, Путейцев, К.Әбдіқадыров 4 және 6 көшелеріне түнгі жарық шамдары орнатылды. Мұндай жұмыстар «Бірқазан» елді мекеніндегі орталық көшеде де жүргізіліп, жарықтандыру жүйесіне 11,6 млн теңге қаражат жұмсалды.

Тұрғындардың қауіпсіздігі мен өмір сапасын арттыру мақсатында, Бірлік көшесінде заманауи балалар ойын алаңы салынып, ел игілігіне пайдалануға берілді.

– Электр жүйелерін жаңарту – басты басымдықтарының бірі.

Былтыр осы бағытта Жерұйық, Сарыарқа, Бірлік көшелерінде тозығы жеткен желілерді алмастыру жұмыстары жүргізіліп, жаңа электр желілері тартылды. Сонымен бірге, ұзындығы 21 шақырымды қамтитын 12 көшеге арналған желі құрылысын жүргізу үшін жоба-сметалық құжаттар әзірленді. Ал биыл Жерұйық, Путейцев тұйығы, Әбдіқадыров №1, 2, 9, Әбдіқадыров тұйығы және «Бірқазан» елді мекеніндегі Көкжиде көшелерінде түнгі жарық шамдарын орнату жұмыстары басталды. Мұнан бөлек биыл №1, 11 және 12 көпқабатты тұрғын үйлердің шатырлары жөнделіп, олардың аулаларын абаттандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде, – дейді кент әкімі.

Жол-көлік инфрақұрылымын жақсарту бағытында да бірқатар шаралар қолға алынған. Мәселен, Жерұйық, Путейцев тұйығы, Әбдіқадыров 6, 4, 2, 9, Әбдіқадыров тұйығы және Әбдіқадыров 5 көшелеріне асфальт төселуде. Сондай-ақ, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық дәлізі бойында орналасқан «Лиза» зиратының қоршауы толықтай аяқталып, абаттандырылды.

Десе де, «Белкөл» кентінде шешімін күткен мәселе де жоқ емес. Солардың ішінде халық үшін аса өзекті саналатыны  аяқсу тапшылығы мен мәдениет үйінің болмауы.

– Кенттің орталық көшесіне аяқсу тарту мәселесі өзекті күйінде қалып отыр. Бұл мәселені шешу мақсатында 254,9 млн теңгеге жоба-сметалық құжаттар әзірленіп, қайта жаңғырту жұмыстары жоспарлануда. Ал клуб ғимаратын салуға жер телімі белгіленіп, жоба-сметалық құжаттамасы әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды. 604 млн теңге көлеміндегі бюджеттік өтінімді облыстық құрылыс басқармасы арқылы облыстық экономика және қаржы басқармасына ұсындық. Бұл бастамалар жүзеге асса, тұрғындардың тұрмыс сапасын арттырып қана қоймай, кенттің әлеуметтік-мәдени әлеуетін де көтеретін маңызды қадам болмақ, – дейді Жасұлан Сәду.

Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,

«Сыр бойы»