Білікті мамандар еңбек көрігін қыздырады

242

0

Қазалы ауданындағы «Қамқор Локомотив» ЖШС филиалына қарасты Қазалы локомотив жөндеу зауытында күні бүгінге дейін тоқтаусыз естіліп келе жатқан еңбек көрігінің дауысы 1905 жылы 25 шілдеде салынып пайдалануға берілген «Орынбор-Ташкент» теміржолының Қазалы паровоз депосынан бастау алғанын қазіргі таңда дүйім жұрт біледі. «Елу жылда – ел жаңа, жүз жылда – қазан» дегендей, одан бері тұтас қоғам өзгерсе де, ел экономикасының өркендеуі жолында тынымсыз еңбек етіп келеді. Аудандағы ең ірі өндіріс орны саналатын мекеме Қазалы локомотив жөндеу зауыты еліміз тәуелсіздік алғаннан кейінгі қалыптасу кезеңінде Қазалы локомотив депосы ТЭМ-2 сериялы маневрлі тепловоз жөндеу зауыты, ал 2009 жылдан «Қамқор Локомотив» ЖШС-ның Қазалы локомотив жөндеу зауыты филиалы болып қайта құрылды. Кеңестік кезеңде мыңдаған адамды жұмыспен қамтыған кәсіпорын, тәуелсіздік тұсында саннан гөрі сапаға мән беріп, ықшамдалып, заман талабына бейімделген болатын.

Зауыттың негізгі тапсырыс берушісі – «Қазақстан темір жолы» МК ЖШС. «Кармет» АҚ, «Казцинк» ЖШС, «Шығыс Қазақстан МКК» ЖШС, «Транко» АҚ, «Востокцветмет» ЖШС, «Азурит» ЖШС, «Желдортранс» ЖШС, «Аралтұз» АҚ, «Сейхун-S» ЖШС, «ЦЭНКИ» ФГУП мекемелерімен жұмыс ойдағыдай жолға қойылған. Бұған қоса, «Азербайжан темір жолдары» және Ресей Федерациясының «Локотехпромсервис» мекемелерінің тапсырыстарын да орындап келеді. Соның ішінде «Азербайжан темір жолдары» мекемесімен әріптестік қатынас табысты жолға қойылып, өткен жылы 11 тепловозы күрделі жөндеуден өткізілген.

Ел экономикасының бүгінгідей кезеңінде жұмыстың ілкімді тұстарын іздестіру керек. Осы бағыт негізге алынып, 2025 жылы МПД, МПТ, ПРСМ теміржол машиналарын жөндеуге алу жоспарланған. Арнайы мамандар келіп, локомотив жөндеу зауытының материалдық-техникалық мүмкіндігіне көз жеткізіп, жоғарыда аталған техникаларды жөндеуге рұқсат берді.

Қазір ұжымда 339 адам жұмыспен қамтылған. Жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру және техникалық, кәсіптік білім беру жүйесінің реформасын жүзеге асыру мақсатында ҚР Президенті Жарлығымен биыл «Жұмысшы мамандықтар жылы» жарияланғаны белгілі. Кәсіпорында жұмысшы мамандарға деген тапшылықтың ішінара сезіліп отырғаны жасырын емес.

– Әрине, уақыт өткен сайын заман талабының өзгеріп отыратыны рас, – дейді 2003 жылдан бері Қазалы локомотив жөндеу зауытының директоры болып қызмет атқарып келе жатқан Нұрлан Алмағамбетов. – Аудан экономикасын, теміржол саласын өркендетуге үлес қосып, жүздеген жергілікті тұрғынды жұмыспен қамтып отырған біздің кәсіпорындағы бұрыннан келе жатқан мамандардың уақыт өткен сайын өзгеріске ұшыраған жаңа технология көшіне, жаңа мамандықтардың машығына ілесе кетуі оңайға соқпайтыны анық. Біздің зауыт негізінен ТЭМ-2 маркалы тепловоздарды жөндейді. Ал қазіргі теміржол саласында қолданысқа енгізілген электронды жаңа технологиямен жабдықталған ТЭМ-18 ДМ маркалы тепловоздарды жөндеу біршама қиыншылық келтіретіні айтпаса да түсінікті. Сонда да бұл қиындықты еңсеріп, аталған тепловоздарды жөндеуден өткізіп және алдағы уақытта да жоспарлап отырмыз. Бізге электронды, гидравлика жабдықтарын жөндейтін слесарь, токарь керек. Бүгінгі заманның жұмысшы мамандары жоғары технологиялық жабдықтармен, автоматтандырылған электронды жүйелермен жұмыс істеуді меңгеріп жатыр. Ол өз кезегінде сандық технология сауаттылығын дамылсыз дамытып отыруды талап етеді. Сол себепті уақыт озған сайын жаңа мамандықтар пайда болып жатқанда, кәсіптік колледждер мен жоғары оқу орындары заман талабының сұранысына сай, бәсекеге қабілетті, білікті мамандарды уақыт көшінен кешіктірмей даярлап отыруды жолға қойғаны абзал деп есептеймін.

Әрине, басшының байыпты пікірі, сала сұранысынан туындап отырғанына еш талас жоқ. Ел экономикасының тірегі болып саналатын өндіріс орындарының зәру мамандармен кедергісіз қамтылып отыруы – бүгінгі күннің басты талабы.

«СБ» ақпарат