«Болашақ» стипендиясына үміткер іріктеудің жаңа ережесі бекітілді

717

0

«Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындау үшін үміткерлерді іріктеудің жаңа ережесі бекітілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

ҚР Үкіметінің 2020 жылғы 6 мамырдағы №271 қаулысымен «Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындау үшін үміткерлерді іріктеу және «Болашақ» халықаралық стипендиясын жұмсау бағыттарын анықтау ережелеріне өзгерістер енгізілді.

«Болашақ» халықаралық стипендиясына үміткерлерді іріктеудің жаңа ережелері барлығына бірдей мүмкіндіктер ұсынады. Барлық квоталық санаттар алынып тасталған. Биылдан бастап «Болашақ» стипендиясының конкурсына ауылдық елдімекендерден келген үміткерлерді қоспағанда, жетекші шетелдік жоғары оқу орындарынан шартсыз шақыртуға ие талапкерлер ғана қатыса алады», делінген хабарламада.

Өзгерістер ең алдымен «Болашақ» стипендиясына үміткерлерді конкурстық іріктеу процесіне, сондай-ақ конкурсқа қатысудың бастапқы талаптарына қатысты.

«Конкурстық кезең саны 6-дан 3-ке дейін қысқартылды, атап айтқанда уәждемелік пен ұсыныс хаттарды бағалаудың іріктеу кезеңі, сонымен қатар мемлекеттік және шет тілін білуге ​​арналған кезең алынып тасталды. Үміткерлер өздігінен тест тапсырып, құжат өткізген кезде мемлекеттік тілді білу туралы сертификатын ұсынуы керек. Ауылан келген үміткерлер қосымша шет тілін білу туралы сертификатты ұсынады», делінген хабарламада.

Мемлекеттік тілді білу деңгейін анықтауға арналған сынақ Ұлттық тестілеу орталығының аймақтық филиалдарында өткізіледі.

Іріктеу кезеңдері мыналарды қамтиды:

1-кезең: Интеллектуалды қабілет деңгейін, жеке және іскерлік қабілетін, шетелде оқуға психологиялық дайындығын анықтайтын кешенді тест;

2-кезең: Тәуелсіз сарапшылар комиссиясының мүшелерімен жеке сұхбат;

3-кезең: Шетелде кадрларды даярлау жөніндегі республикалық комиссияның отырысы.

Айта кетерлігі, жаңа ережеде алдын-ала тілдік оқыту алынып тасталды. Ол тек ауылдан келген талапкерлер үшін сақталады және 6 ай мерзімі ішінде ағылшын тілін үйрену Қазақстан аумағында өткізіледі.

«Болашақ» стипендиясына үміткерлерді іріктеудің жаңа ережелеріне сәйкес, ауылдық елді мекендерден қатысатын үміткерлер тек соңғы 3 жыл ішінде ауылдық жерлерде тұрып және оның 2 жылын жұмыс істеуге арнаған жағдайда ғана конкурсқа қатыса алады.

Басымдық берілген мамандықтар тізбесі еңбек нарығы қажеттілігінің орта мерзімді болжамын ескере отырып, ҚР Білім және ғылым министрлігі жасайды», делінген хабарламада.

2020 жылға арналған «Болашақ» стипендиясын тағайындау конкурсының жеңімпаздарына ұсынынылатын жетекші шетелдік жоғары оқу орындарының, шетелдік ұйымдардың және тілдік курстар тізімінің жобасы қазір келісіліп жатыр.

Әлемнің жетекші университеттері тізімінің жобасы мынадай халықаралық академиялық рейтингтер бойынша анықталады: QS World University Rankings, Academic Ranking of World Universities, Times Higher Education World University Rankings, The U.S. News & World Report Best Global University Ranking.

Сонымен қатар, Тәуелсіз сарапшылар комиссиясының құрамы мен жұмыс регламентіне өзгеріс енгізілуде. Комиссия жұмысын қатаң реттей отырып, оның ашықтығын барынша күшейту жоспарлануда.

Айта кетерлігі, «Болашақ» халықаралық стипендиясы ҚР Президентінің 1993 жылғы 5 қарашадағы №1394 қаулысымен бекітілген. 26 ​​жылы ішінде бағдарлама бойынша 13 870 стипендия тағайындалды, оның ішінде түрлі салаларда 10 747 маман оқытылды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<