Болат Өтемұратов қорының өкілдері Арал ауданына келді

701

0

Арал ауданында Болат Өтемұратов қорының серіктесі саналатын «Верный капитал» компаниясының бас директоры Ерлан Оспанов, орынбасары Ольга Абдирахманова және қоры директоры Марат Аймағамбетовтың қатысуымен арнайы басқосу өтті.

Аудан әкімі Серік Сермағамбетовтың төрағалығымен өткен отырысқа аудандық «Аралым Айдын Шалқарым» қоғамдық қорының мүшелері мен тиісті сала басшылары қатысты.

Жиында сөз алған аудан басшысы өңірдегі қуаңшылыққа байланысты жерлесіміз Болат Өтемұратов тарапынан зор қолдау жасалып, қор тарапынан қомақты қаржы бөлінгендігін, аталған қаржы аудандық «Аралым Айдын Шалқарым» қоғамдық қорының есебіне аударылып, мақсатты шараларға жұмсалып жатқандығын жеткізді.

Осы ретте сөз тізгінін аудан әкімінің орынбасары Еркін Әбішев жалғап, ауданда орын алған төтенше жағдай бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың жай-жапсарын хабарлап өтті. Соның ішінде қоры тарапынан бөлінген қаржының игерілу барысын кеңінен баяндап, жоспарлы жұмыстардың барысына тоқталды.

Дәлірек айтсақ, ауданда орын алған қуаңшылық жағдайы салдарынан бүгінге дейін 572 мал басының өлімі тіркеліп, тиісті сала мамандарымен актіленіп, жойылды. Қазіргі таңда, мал шығынына байланысты ахуал тұрақты.

Аудандағы барлығы 205 822 бас төрт түлікті алдағы қыстан алып шығу үшін 184 640 тонна шөп қажет екендігі есептеліп нақтыланды. Осы қажеттілікке сәйкес бүгінгі таңда ауданымызға 7407 тонна шөп және 240 тонна жем жеткізілсе, оның 198,1 тоннасы Болат Өтемұратов қорының есебінен алынып, ауданымыздағы 879 тұрмысы төмен отбасыларға таратылып берілген.

Жалпы көмекке тиесілі отбасылардың тізімі жергілікті жерлердегі қоғамдық кеңестің ұсынысына сәйкес жүзеге асырылуда. Бұдан бөлек, қор көмегінің есебінен «Аспай» суағытқысын жөндеу жұмыстарының алғашқы жұмыстары да басталған. Осы және өзге де атқарылатын жұмыстар бойынша қор өкілдері өздерін толғандырған мәселелер бойынша сөз қозғап, атқарылатын жұмыстардың барысын кеңінен талдап өтті.

Одан әрі ауданға қарасты Аманөткел ауылдық округінде орналасқан «Бұрмақұлақ» учаскесіндегі «Аспай» суағытқысының жағдайымен танысты.

Айта кетейік, қор есебінен жүзеге асырылып жатқан жұмыстар қор өкілдерінің және аудандық қоғамдық қор мүшелерінің жіті бақылауы арқылы іске асырылуда.

Kyzylorda-news.kz.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<