Арал ауданындағы қалыптасқан қуаңшылық жағдайын еңсеру мақсатында еліміздегі ірі кәсіпкер, қоғам қайраткері, Қазақстан теннис федерациясының президенті, жерлесіміз Болат Жәмитұлы Өтемұратовтың қорынан 213 млн теңге қаржы бөлінді. Аталған қаржы бүгінде «Аралым-айдын шалқарым» қоғамдық қорына келіп түсті.
Бүгін қор қаржысы есебінен ауданға алғашқы көмектің легі жеткізілді. Атап айтқанда, аудан кәсіпкері Жақсылық Ербатыров Қостанай облысынан ауданға қажетті деген 900 тонна жемнің бүгінде 34 тоннасын әкеліп, көмектің басы ауданға қарасты Сексеуіл кентіне үлестірілді. Жалпы кент бойынша көмекке мұқтаж 150 отбасының тізімі жасақталған болса, бүгін соның 50 отбасы қажетті көмек алды. Алдағы уақытта қалған отбасыларға және ауданға қарасты барлық ауылдық округтер бойынша тиісті көмектер жасалатын болады.
Мұнан бөлек, қордан бөлінген көмек аясында Аманөткел ауылындағы Аспай суағытқысын жөндеп іске қосу, Беларан ауылдық округіне су таситын арнайы камаз автокөлігін, 2 су айдау насосын және осы ауылға 1 су ұңғымасын қазу, сондай-ақ 2 дана трактор жиынтығын алу жоспарланған.
Қаражаттың жұмсалуы мен жем-шөптің таратылуын бақылауды қоғам өкілдерінен құрылған арнайы комиссияның жіті назарында болмақ.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<