Британиялық басылым Қазақстанды саяхаттауға болатын ТОП 24 елдің қатарына қосты

507

0

Фото: wanderlust.co.uk

Шетелдік әйгілі журнал Қазақстанды келесі жылы саяхаттауға болатын ТОП 24 елдің қатарына қосты. Kazinform бұл туралы Wanderlust басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Басылым редакторлары жыл сайынғы дәстүр бойынша саяхатты жоспарлау үшін әлемнің түкпір-түкпірінен ең жақсы әрі ең қызықты бағыттарды таңдап алды.

Қазақстан табиғаты ерекше ұлттық парктерімен, заманауи қалаларымен және ерекше мәдениетіне байланысты ұсынылған.

Алдағы V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын (2024 ж. 7-15 қыркүйек, Астана) асыға күте отырып, Wanderlust оқырмандарын Ұлы даланың қызықты тарихын бейнелейтін көшпелі халықтардың көп ғасырлық мәдениетімен танысуға шақырады.

Қазақстанды рейтингіге енгізу идеясын «Kazakh Tourism» ҰК АҚ ұсынған.

«Биыл еліміздің туризм саласында бірқатар оңды оқиға болды: Алтын-Емел ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізілді, Алматы облысындағы Саты ауылы Дүниежүзілік мұра сайты бойынша ең жақсы туристік ауылдардың бірі атанды. Келесі жыл да жарқын оқиғаларға толы болады», – деді Қазақ туризм басқарма төрағасының міндетін атқарушы Қайрат Сәдуақасов.

Wanderlust – 1993 жылы негізі қаланған Ұлыбританияның жетекші туристік журналы. Ол Ұлыбритания және Еуропада әлі күнге дейін шығарылатын ең көне туристік журнал. Сондай-ақ ABC деректері бойынша Ұлыбритания басылымдарының ішіндегі таралымы ең жоғары басылым. Журнал жаңа туристік бағыттарға, ерекше саяхаттарға және керемет әсер алуға бағыт береді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<