1 қазан − қазыналы қарттар күні. Бұл күнді 1990 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясы «Халықаралық қарттар күні» деп жариялады. Бүгінде облыста 76 мыңнан аса зейнеткер болса, 1200 ден астам қариялар арнаулы әлеуметтік қызметтермен қамтылған. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының міндетін атқарушы Айгүл Ибраева қарттарға жасаланып жатқан іс-шараларды баяндады.
«Бүгін − Халықаралық қарттар күні. Осы атаулы дата аясында өңірдегі зейнеткерлерімізге арналған шаралар жүргізілуде. Мәселен биыл «Nur Otan» партиясының «Өзгеріс жолы: әркімге лайықты өмір!» бағдарламасы аясында үлкен буын қариялардың жағдайын жақсарту жөніндегі 2025 жылға дейінгі «Белсенді ұзақ өмір сүру» шаралар жоспары бекітілді. Осыған байланысты облыста да «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығын ашу көзделген. Мұндай орталықтардың қызметі егде жастағы белсенді азаматтардың санын көбейту болып саналады. Қарттардың өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын, денсаулық жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, осы жыл ішінде жергілікті бюджеттен 3573 Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне және оларға теңестірілген азаматтарға біржолғы материалдық көмек көрсетілді», – деді Айгүл Болатқызы.
Одан әрі облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев барша ардагерлер мен қарттарды құттықтап, ізгі тілегін білдірді.
«Қариясы бар ел қазыналы» деген асыл сөз бар. Бүгін шынында ерекше күн. Өйткені 90 жылдардан бастап бұл мереке халықаралық түрде өтіп келеді. Ең басты мақсаты − әртүрлі деңгейдегі қарттарымызға құрмет көрсету олардың тұрмыстық әлеуметтік жағынан жайдайын жақсартуға ықпал жасау болып табылады. Бүгінде қала және аудандарда ардагерлер ұйымы бар. Сол арқылы біз олардың жағдайларын біліп отырамыз. Қарттарымыз әрқашан үлкен құрметке лайық. Олардың әрбір сөзі қасиетті қазына. Сондықтан осы мейрамға орай барша қарияларымызды мерекелерімен құттықтаймын. Өскелең ұрпаққа мәңгі үлгі болатын осы кісілер», – деді Серік Дүйсенбаев.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<