Cәкен атты ауыл бар

462

0

Фото: Нұрболат Нұржаубай

Бүгінде Сырдария ауданы серпінді даму үстінде. Әрбір ауылда іргелі істер қолға алынып, жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Мемлекеттік бағдарлама шеңберінде бірқатар жоба қолға алынып ауыл тіршілігіне жан кіре бастаған. Оның ішінде Сәкен Сейфуллин ауылында біршама жұмыс атқарылуда. Өйткені, биыл күзде елді мекен 50 жылдық мерейлі тойын атап өтпек. Газет тілшісі ауылдық округте болып, атқарылып жатқан шаруаларды көріп қайтты.

Тарихтан там-тұм

Ауданға жақын орналасқан шағын ғана Сәкен ауылы – өз-өзімен тіршілік кешіп, берекелі өмір сүріп жатқан мекен. Тарихы өткен ғасырдың 30-жылдарынан басталатын округ әуеліде кішігірім «1 Май» және «Құндызды» атты екі колхоздан құрылды. Одан соң 1949 жылы бірігіп Каганович колхозын, 1959 жылы Аманкелдімен қосылып Ленин атауын алды. Кейін тағы да колхоздар бірігіп ХХІ партсъезд атындағы совхозға айналды. Ал 1975 жылы Сәкен Сейфуллин атындағы совхоз болып, өз алдына отау тікті.

Бүгінде 1630 тұрғыны бар ауыл даму жолына түсіп, берекелі өмір сүруде. Онда 10 көше, 460 орындық №137 орта мектеп, 90 орындық «Ақ көгершін» бөбекжай балабақшасы, дәрігерлік амбулатория, 150 орындық ауылдық клуб үйі, № 4 модельді кітапхана, мал дәрігерлік пункті, учаскелік пункт, Міркемел Кәлпе мешіті, және «Қазпошта» бөлімшелері халыққа қызмет көрсетеді. Ауыл халқы 100 пайыз  ауызсумен қамтамасыз етілген. Ауылда  балаларға арналған 4 ойын алаңы бар.  6 көше жарықтандырылып, 3 шақырым жолға тротуар салыныпты.

«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 6 көшенің автомобиль жолдарына күрделі жөндеу жүргізілген.  Бір қуаныштысы, былтыр елді мекенді газдандыру жұмысы толық аяқталып, тұрғындардың 90 пайызы «көгілдір отынмен»  қамтамасыз етілген.

Биыл да іргелі істер бастау алған. Ең негізгі нысандар орналасқан үш көшеге  күрделі жөндеу жасалуда. Мал ұрлығы және құқықбұзушылықтын алдын алу, анықтау мақсатында  негізгі көшелерге 5 млн теңгеге  6 бейнебақылау камерасы орнатылған. Барлығы толық жұмыс жасап тұр.  Соның арқасында ауылда ұрлық-қарлық азайып, бұзақылық та тыйылған.

Ауылдық округ бойынша 85 кәсіпкерлік субъекті тіркелген. Оның ішінде 80 жеке кәсіпкер, 3 шаруа қожалығы және 2 жауапкершілігі шектеулі серіктестік бар. Мемлекеттік бағдарламалар бойынша өткен жылы Қызылорда өңірлік инвестициялық орталығы арқылы 2 жоба мақұлданып, қаржыландырылған. Аграрлық несие корпорациясы «Агробизнес» бағдарламасы бойынша да 2 жоба мақұлданып, қаржыландырылды.  «Бастау бизнес» оқу курсына 8 адам қатысып, олар мемлекеттік қайтарымсыз грант алып, жұмыс істеуде.

«С.Сейфуллин-Жер», «Құндызды-Жер», «Желкен Вент» ЖШС, «Жандос» шаруа қожалығы және жеке кәсіпкер Қуаныш Сайран  аз қамтамасыз етілген, асыраушысынан айырылған, көпбалалы отбасы мен мүмкіндігі шектеулі жандарға азық-түлік және заттай қайырымдылық көрсетеді. Сонымен қатар мектеп, балабақша, клуб мекемелерінің іс-шараларына, балалардың жазғы демалысына тұрақты демеушілік жасап келеді. Ауылда 7 дүкен, 2 монша бар.

Заманауи үлгіде жаңарады

Ауылда бір ғана  орта мектеп бар. Біршама жылдан бері күрделі жөндеу көрмеген білім мекемесін заманауи үлгіде жаңарту көпшіліктің талап-тілегінен туындаған екен. Ашылғанына 50 жылға жуық уақыт болған білім ордасына бұған дейін тек жай жөндеу жұмысы жасалған.

Құрылыс басында бізді ауыл әкімі Бекзат Қыдырбаев күтіп алды. Құрылысты «Н-Строй сервис» серіктестігі мекемесі жүргізуде.  Қазір жұмыстың 80 пайызы аяқталған, ішкі жақта әрлеу және сырлау жүргізілуде. Қыркүйек айында оқушылар жаңа кейіпке енген мектептің табалдырығын аттайды. Жалпы күрделі жөндеуге облыстық бюджеттен 309,1 млн теңге бөлінген.

– Барлық жерде қандай құрылыс болсын, соңғы үлгіде салынып жатыр. Біз де ішкі жұмыстарына өзгеріс енгіздік. Мұнда спорт залдың едені ағаштан емес, резеңкеден жасалады. Бояуы да «Жайлы мектептің» жобасында сырланады. Ішкі жұмыстың жартысынан астамы аяқталды, – дейді ауыл әкімі.

50 жылдыққа орай ауылдан шыққан танымал ақын-жазушыларға арнайы кабинет жасақталып, олардың жаңа туындыларының тұсаукесерін өткізу жоспарда бар. Жалпы мектепте 380 оқушы білім алады. Биыл оқу жылында 30 оқушы түлеп ұшса, оның 3-уі «Алтын белгі», 7-уі «Үздік аттестат» иегері. ҰБТ сынағына бітірушілердің 80 пайызы қатысып, орташа балл 83,3 болыпты.

50 жылда ел жаңа

«Ауылына қарап, азаматын таны» деген. Биыл елді мекеннің құрылғанына 50 жыл толуына орай дайындық жұмысы басталып кеткен тәрізді. Бұл істе әдеттегідей ауыл әкімі белсенділік танытып жүргені байқалады. Осы жердің тумасы, екі рет қатарынан әкімдікке сайланған Бекзат Қыдырбаевтың іскерлігі көрініп тұр. Сөзі мен ісі үйлескен, әр істің басында өзі жүр. Тіпті жұмысшы жетіспей жатса, оған да кірісіп кетеді. «Ауылды алдыңғы қатарға қосқым келеді», – дейді ол. 

Біз барған орта мектеп те, ауыл клубы да үлкен бір көшенің бойына орналасқан. Сол Ә. Байназарұлы атындағы көше биыл күрделі жөндеуден өтуде.

– Аймақ басшысының қатаң талабын білетін құрылыс мекемелері бірінші жұмыстың сапасына мән береді. Оны облыс, аудан басшылары, техникалық қадағалау орындары, жергілікті халық бақылап отыр. Қазір талап бойынша жолдың енін 5,75 метр, қалыңдығын 7-8 см етіп артығымен төсейді. Себебі ол тартылып кетіп, қысқаруы мүмкін. Кепілдік мерзімі 2 жыл. Бұрын мұндай уақытқа берілмейтін. Жол жөндейтін мекемелер бір істі қайта келіп жасамас үшін, барлығын тыңғылықты орындап кетуге тырысады. Осы үш көше толық жөнделсе, ауылдағы жолдың мәселесі 100 пайызға шешімін тапқалы тұр, – дейді ол.

Ауылда мұнан өзге атқарылған тірлік көп. Халыққа қажетті ең негізгі – ауызсу мен жарық, газ бар. Дегенмен электр бағаналарын толық қайта жаңғыртудан өткізу керек. Ол іс те таяуда жүзеге асып қалады. Қысқасы, бұл ауылда жаңашылдық, өзгеріс, толымды істер байқалады. Бюджет қаражатына орай әлі де жасалатын жобалар бар.

Айтқандай, мерейтойға орай демеушілер көмегімен клубтың жанынан орталық алаң салынып, онда субұрқақ, әдемі гүлзар жасалады. Бас демеуші Абзал Ералиев субұрқақ салуға көмек беріпті. Жұдырықтай жұмылып, алға қарай ұмтылып, табанды тірлік етіп жатқан Сәкен ауылындағы серпінді істер, міне осындай.

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы»

Қызылорда-Сырдария-Қызылорда